Жарқын жобалар жүзеге асады
Ал биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауы Мемлекет басшысының болашақтың іргетасын қалап жатқан жастардың жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадам деп білеміз.
Елбасының қатысуымен өткен Жастар жылының ашылуын тікелей эфирден тамашалай отырып, Қазақстан жастарының амбициялары зор, талпынысы мықты, ертеңгі күнге деген сенімдері мен үміттері орасан екенін аңғарып, шын қуандым. Әсіресе елімізде баламасы жоқ жобалар ұсына келген жаңа буын өкілдерінің талабына тамсандым.
Сол ұсыныстардың ішінде қазақтың саятшылық өнерін жаһан жұртына жария етіп жүрген Айшолпанның жас жүрегінің «Отаным» деп елжірегені ерекше әсер етті. Ал оның «Астанада және басқа қалаларда қазақтың салт-дәстүрін оқып-үйрететін орталықтар, соның ішінде бүркітшілер мектебі ашылса» деген тілегі көптен бері көкейде жүрген ойды дөп басты.
Егер мұндай мектеп құрылар болса, оның пайдасы мол болар еді. Біріншіден, бұл құстар ұстайтын арнайы питомник ашуға мүмкіндік береді. Өйткені қазіргі уақытта біздің құсбегілер бүркіт, қаршыға, лашын секілді аңшы құстарды даладан аулап алуда. Бірақ оның басым бөлігі Қызыл кітапқа енген. Демек әлемдік жануарлар құқығын қорғау ұйымы қазақ саятшыларын жауапкершілікке тартуы мүмкін. Ал арнайы құс асырайтын орын болса, өзімізде өсіріп, баулуға жол ашылар еді.
Екіншіден, мектеп жанынан жас натуралистер үйірмесін ашуға да болады. Бір мысал айта кетейін, жуырда ғана Тараз қаласындағы Жеңіс паркінде «Үшбұлақ» жағалауы пайдалануға берілді. Онда жіберілген аққу-қаздар қалалықтардың көз қуанышына айналды.
Үшіншіден, ата-бабамыздың салт-дәстүрін оқытып, үйрететін мектептерде қазақтың атбегілік, құсбегілік, күйшілік пен әншілік сынды құнды өнерлерін бір арнаға тоғыстырған сал-серілікті де жандандыруға мүмкіндік туар еді. Былайша айтқанда, бұл секілді мектепті ашу – Жастар жылындағы жарқын жобалардың бірі болары сөзсіз.
Жалпы, қазақта саятшы қыздар көп болған. Алайда оның бірін білсек, бірін білмейміз. Осы ретте ата өнерді әлемге танытып жүрген Айшолпан қызымызға алғысымды білдіремін. Ал Жастар жылы Айшолпан секілді арманы асқақ, талабы таудай жастардың мақсатына жетуіне үлкен мүмкіндік болады деп ойлаймын.
Жапар Сатылғанов,
құсбегі, ардагер
Жамбыл облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/