«Жарнама құны – 2 бөлмелі пәтер»: Төреғали Төреәліге сенген жұрт үйсіз қалды

0

Танымал тұлғалардың жарнамасына сеніп, DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінен үй алмақшы болған бір топ тұрғын алданып қалды. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Танымал әзілкеш Нұрболхан Шарап, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев, әнші Төреғали Төреәлі құрылыс компаниясын жарнамалаған.

“Қаншама құрылыс компаниясынан аттап, есімі белгілі азаматтарға сеніп ақша салып едім. Бір бөлмелі пәтерімді сатып, 10 миллионға жуық ақша құйдым. Екі бөлмелі үй алғым келді. Соңы мынадай жағдайға әкеліп соқты. Үй салынып бітпей тұрса, күте тұрушы едік, тіпті іргетасы да қаланбағанын білдік. 2023 жылдың соңында беріледі деп еді”, – дейді зардап шегуші тұрғын.

Жарнама жасаушылардың бірі – Төреғали Төреәлі. Жеке парақшасында аталған құрылыс компаниясының кеңсесіне барып, пәтер алмақшы болған сәтін оқырмандарына көрсеткен. Алайда Төреғалидің менеджері “біз де алданып қалдық” деп қысқа қайырды.

“Біз ол жерден барып үй алмақшы болғанбыз. Бірақ оларға жарнама істеп, үй аламыз десеңіздер міне деген ештеңе жоқ. Егер біз жарнамалады деген келісімшарт болса, соны көрсетсін. Біз үйді алмақшы болып сол жерге бардық, соны видеоға түсірдік. Біз де зардап шегушіміз», – дейді Төреғали Төреәлінің менеджері.

Ал Maх Bet компаниясының директоры Берік Нұрмағанбетовтың адвокаты Төреғали Төреәлінің жарнамасының құны 2 бөлмелі пәтермен пара-пар екенін айтты.

“Төреғали Төрәліге DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешеніне жарнама жасағаны үшін 2 бөлмелі пәтер келісілген дейді. Яғни, жауабында солай көрсетілген. Ал Дәулет Мұқаев 20 миллион ақшаға келіскен», – дейді адвокат Шынқуат Байжанов.

Заңгер Мейірман Шекеевтің айтуынша, егер танымал тұлғалар ақы алса, олардың бұл әрекеті жарнама болып есептелінеді.

«Егер Дәулет пен Төреғали ақы алған болса, бұл жарнама болып есептеледі. Сондықтан оларды жауапкершілікке тарту керек. Олардың үстінен арыз жаза беріңіздер. Өйткені сіздер оларға сендіңіздер. Депутат болсын, басқа болсын қылмыстық жауапкершілікке бәрі бірдей жауапты», – дейді заңгер.

Фото: https://www.instagram.com/toregalitoreali/