Жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде өтеді
Жуырда Шымкент қаласында өткен «Cambridge және Қазақстан Республикасындағы тіл құзыретін (Ағылшын тілі) үйретудегі және бағдарлаудағы үрдістер» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияда мектептердің оқу бағдарламаларында ағылшын тілі пәні мен оқу-әдістемелік материалдардың мазмұнын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Әуелі «Қазақстандық білім беру реформасы: ағылшын тілін оқытудың негізгі бағыттары. Кембридждің оқу үрдісіндегі рөлі» жөніндегі сессия жиынында Кембридж университетінің бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Паул Константин Збихли Орта Азия кеңістігіндегі ағылшын тілінің болашағы туралы қысқаша әңгімелеп берді.
Жиында сөз алған Кембридж университетінің баспасөз тренері, білім беру жобасының кеңесшісі Питер Холли аталған оқу ордасының оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу және бейімдеудегі педагогикалық әдіс-тәсілдеріне тоқталып, жаңартылған білім беру жүйесінің тиімділігін айтып өтті.
Ланкастер университетінің (Ұлыбритания) ЭЛТ қолданбалы лингвистикалық бағдарламасында консультант-әдіскер Ирина Титаренко бағалаудың тілдік оқытуға әсері жөнінде әңгімелеп, өркениеттің келешегі тек технологиялық прогресс пен экономикалық өсу деңгейіне ғана емес, адами капиталдың сапасына да байланысты деді. Әрі осы адами капиталды дамытудың, үздіксіз жетілдірудің басында көптілділік ұғымын басты назарға алуға шақырды. Ол үшін бастауыш сыныптардан бастап, әлемдік тілдерді кезең-кезеңімен ұрпақ жадына сіңіріп, оқу бағдарламаларында әртүрлі форматтар арқылы үйретуге болады деді.
– Елімізде жəне дүние жүзінде жүріп жатқан жаһандану, əлеуметтік, экономикалық жəне саяси өзгерістер шет тілін білуге деген құлшынысты арттырып, оның қоғамдағы рөлін күшейтіп отыр. Əлемдік білім алу кеңістігінде интеграциялық үрдістердің тереңдеп, кең қанат жайған жағдайында ағылшын тілін меңгеру өзекті екені сөзсіз. Осы кезеңде біліктілігі жоғары дəрежеде дамыған, білімі жағынан бəсекеге түсе алатын, болашақта өзін халықаралық еңбек нарығында еркін сезінетін мамандар дайындау мəселесі отандық жоғары оқу орындарының ең маңызды міндеттерінің бірі. Бұл жолға жету үшін балаға ерте жастан шет тілдерін жүйелі түрде үйрету керек, – дейді конференция қонақтары.
Сала мамандарының пікіріне жүгінсек, жеткіншектердің көбі жаңа технология мүмкіндіктерін меңгерген. Сондықтан ағылшын тілі сабақтарында компьютердің мультимедиалық мүмкіндіктерін пайдалану өте ыңғайлы. Оқытудың компьютерлік технологиясы білім алушыларға ақпаратты компьютер арқылы дайындау жəне беру процесімен жүзеге асады. Компьютерлік технологияға əртүрлі оқыту əдістерін енгізу арқылы жеткіншектерді қызықтыруға болады. Мәселен, бала жадына тез сақталатын түрлі интеллектуалдық ойын, мультфильмдегі ерекше образдарды ағылшын тілінде сөйлету арқылы тілді оңай сындыруға болады.
– Елімізде 2019 жылдан бастап ұстаздар мектептерде физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде өтеді. Бұл білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүргізілмек. Бұл жиында біз бастауыш, орта білім беру мекемелерінің пәндік бағдарламасына егжей-тегжейлі талдау жасап, шет тілін үйренудің озық методикасын кәдеге жаратуды көздедік, – дейді Шымкент қаласының бас ұстазы Ақерке Абылайхан.
Көпшілікті қызықтырған тақырыптардың бірі Қазақстанның орта мектептері үшін «Сэньмэн» жобасының шеңберінде Кембридж университетінің білім беру ресурстарын цифрландыру болды. Аталған тақырыпта Ресейден келген Skyeng жобасының менеджері Иван Шишкин қызықты мысал келтірді. Әрі тіл үйренушілерге skyeng.ru сайты арқылы виртуалды ұстаз таңдап, қашықтықтан білім алуға болатындығын жеткізді. Мұнда ағылшын тіліне саяхат жасап, оқу бағдарламаларында онлайн диалог құруға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда бұл интернет сайтта 4,5 млн сабақ болып, бір мезетте 5250 мұғалім, 50 мың тіл үйренушіге ағылшын тілінде дәріс оқи алады.
Шымкентте екі тілде сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы көбейген. Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдері дәрістерді ағылшын тілінде жүргізіп келеді. Тіпті жаңа жүйеге көшкен педагог пен оқушылар сабақ арасында түрлі ми сергіту жаттығуларын жасауды әдетке айналдырыпты. Бұл мұғалімнің дәрісті қызықты өтіп, оқушының оңай қабылдауына оң ықпал етеді.
Қаладағы №65 мектеп-гимназияда бүгінде 187 мұғалім болса, оның 10-нан астамы ағылшын тілін меңгеріп, тілді өзіне тиесілі пәнде сәтті жүзеге асырған. Тиісінше талапқа сай жұмыс істеген педагогтердің жалақысы да жоғарылаған. Бүгінде үшінші мегаполисте барлығы 147 мектепте 16 325 педагог ағартушылықпен айналысады. Ал екі тілде сабақ беретін мұғалімдер саны 775-ке жеткен. Жыл соңына дейін ағылшын тілін меңгеріп, тиісті пәндерін қос тілде өтетін педагогтер саны 1000-ға артпақ.
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»
ШЫМКЕНТ