Жақын адамыңыз хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, не істеу керек? Нұсқаулық
Кетіп, қайта оралмады. Із-түзсіз жоғалған жандардың бәрінің басындағы жағдай осылай басталады. Біреу жұмыстан, біреу мектептен, біреу дүкеннен оралмады, енді біреу тіпті қыдырып шығып, үйге қайтып келмейді. Мұндай жағдайда бастысы – оны тезірек табу үшін не істеу керектігін білу маңызды. Қате әрекеттің арты жақсылыққа әкелмейтіні айтпаса да түсінікті.
Informburo.kz адамдарды іздеуге маманданған Астана қалалық ішкі істер департаментімен, ерікті ұйымдармен және IT-мамандарымен нұсқаулық әзірледі: кімнен көмек сұрау керек, уақытты босқа кетірудің зияны және басқа да кеңестер бар.
1. Адам жоғалды деп дабыл қағу
Мұндай жағдайда қаперге алатын бірнеше жәйт бар. Жалпы адамдардың жоғалуының үш негізгі себебі болады: жанжал, денсаулығындағы кінәрат, сондай-ақ адам ұрлағы.
Бастысы – қандай жағдайда да адам уақытынан бұрын дүрлікпей және өзінің басын босқа қатырмау керек. Егер жақыныңыз келетін уақытында келмесе, телефон қоңырауларына жауап бермесе, оның қайда екенінен туыстары, достары, таныстары мен әріптестері бейхабар болса, тіпті бұл жағдайлардың ең болмағанда біреуі болса әрекет етуді бастау керек.
2. Кімге, қайда жүгіну керек?
Ең бірінші «102» нөміріне қоңырау шалып, хабарлау керек. Жоғалған адам қайғылы жағдайға тап болса дереу әрекет етуі үшін құқық қорғау органдары қызметкерлеріне әуелі қоңырау шалған дұрыс. Содан кейін ғана полиция бөлімшесіне барып, арыз жазу керек, өйткені мұнсыз болмайды.
Маңызды: заңнамаға сәйкес, егер кәмелетке толмаған бала жоғалса – бір тәулік ішінде, ересек адам жоғалса – үш тәулік ішінде ресми іздеу жарияланады. Алайда,құжат рәсімдеуді күтпестен, дабыл түскеннен-ақ іздеуді бастай беру керек.
3. Хабарлағанда қандай мәлімет беру керек?
Полицияға берілуі тиіс ақпараттар шартты түрде екі дәрежеге бөлінеді: жоғалған адам туралы жеке мәліметтер – аты-жөні, тегі, әкесінің аты, жасы, шашының түсі, меңі, қалы, дене мүшесіндегі тыртық, татуировка сияқты ерекше белгілері және қандай жағдайда жоғалғандығы туралы деректерді құқық қорғау органдарына айту қажет: оны кім, қашан қайдан соңғы рет көрді, қандай киімде болды, қайда баруы мүмкін, денсаулығында кінәрат болды ма, болмаса қаржы мәселелері бар ма – яғни егжей-тегжейлі жеткізілген әр ақпарат маңызды.
Егер кәмелетке жасы толмаған бала жоғалса, сапалы фотосуретін бірге ұсыну қажет. Арнайы мәліметтер базасында суреттері болғанына қарамастан ересек адамдікін де берген артықтық етпейді.
4. Не істеудің қажеті жоқ?
Іздеушілердің басты қателігі – полицияға жүгініп, арыз жазудың орнына әуелі оны өзі іздеуге кіріседі, көріпкел, балгерлерге барып, уақыт жоғалтып жатады. Іздеу қызметтері мен еріктілер әрекетінің тәжірибесі көрсеткендей, адам іздеушілердің біреуі де бал аштыру арқылы ешқашан жоғалтқанын таппаған, оның өлі не тірі екеніне көзін жеткізе алмаған.
Полицияға хабарласып, мән-жайды толық айтпайтындар іздеуді кәдімгідей қиындатады. Мысалы, әйелі күйеуінің көңілдесі бар екенін болмаса анасы – қызы не ұлының есірткі қолданатын проблемалары барын, баласының бұған дейін де үйден қашып кеткен жайларын жасыратындар бар. Осы және басқа да маңызды фактілерді білмесе, құқық қорғау органдарының мамандары жоғалған жанды іздеп табудың орына мүлдем басқа арнаға бұрылып, уақытты текке кетіруі мүмкін. Жақын адамыңыз жоғалғанда бірінші кезекте абырой-атағыңыз емес, оның өмірін қорғап қалу туралы ойлағаныңыз жөн.
5. Балаларды іздеудің ересектерді іздеуден айырмашылығы барма?
Адам жоғалғаны туралы арызды алысымен құқық қорғау органдары «үш нөл немесе із-түзсіз жоғалу» аталатын бап бойынша қылмыстық істі қарауды бастайды. «Нөлдік» бап жаңа жағдай белгілі болмайынша солай қала береді. Егер адамды ұрлау жағдайы болса, оны шабуыл жасау, ұру, өлтіру сықылды тиісті баптарға қайта ауыстырады. Мұндайда бала не ересек деп бөліп отырмайды.
Мерзімдеріне байланысты айырмашылықтарға келер болсақ, кәмелет жасқа толмағандарды іздеуге көп адам жұмылдырылады. Балалар мен жасөспірімдерді полицияның іздеу бөлімшесі ғана емес, иттерімен кинологиялық полиция қызметі, сондай-ақ ювеналды полицияның барлық жеке құрамы толықтай тартылады. Егер адам орманда немесе су қоймаларында жоғалса, онда Ұлттық гвардия сарбаздары, құтқарушылар және сүңгуірлер көмекке келеді.
6. Ауруханалар мен мәйітханаларға қоңырау шалу керек пе?
Полиция арызды алысымен жоғалған адамның қаладағы ауруханалар мен мәйітханалардың біріне түскен-түспегенін мәліметтер базасынан қарауға міндетті. Алайда, іздеушілерге бұл орындарға өзі барып көзбе-көз қарауларының артық етпейтінін тәжірибе көрсетіп жүр. Егер, жоғалған адамның созылмалы аурулары болса, бірінші кезекте оның ем алатын емдеу мекемелеріне, мәселен жүрек ауруы бар адам болса кардиология бөлімшесіне барған жөн.
Мәйітханаларды тұлғасы анықталмағандар жеткізілетін жерден бастап тексерген дұрыс. Мекеме мамандарына мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін, мұндай орындарға іздеу жарияланғаны туралы суреті мен мәліметтері жазылған ақпараты бар қағазды ала барған жөн. Бұл іздеген адамыңыз сіз келіп кеткеннен кейін келіп түскен жағдайда артынан хабарлауға қажет болады. Кейбір жағдайларда айықтырғыш мекемелеріне хабарласып немесе жоғалған адамның жазып жүрген күнделігін, қолжазбасын оқып көрген де артық етпейді.
Туыстардың, достардың және таныстардың көмектерінің көп пайдасы болады. Алайда олар полициямен әр іс-әрекетін мақұлдап алуы керек. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің іздеу операцияларын өздері үйлестіргені, ал көмекке келгендердің оларға қолғабыс болғаны жеткілікті. Іздеушілер жоғалған адамның жиі жүретін бағыттарымен жүріп өтсе болады – дүкен, клубтар, жанармай құю бекеттеріне барып, қызмет көрсетуі мүмкін куәгерлерден, айналадағы адамдардың бәрінен сұрастырған жөн.
Мұндайда олардың қолында адамдарға көрсететін іздеу қағаздары болғаны дұрыс. Әрі оны көшедегі кездескен хабарландыру тақталарына іліп кетуге болады. Барлық достарын, таныстарын құлаққағыс етіп қою маңызды. Қайтып оралуы мүмкін болса жақын адамдардың бірін үйде қалдырған дұрыс.
7. Көмекшілерді қалай көбірек тартуға болады?
Жағдайға бейқам қарамайтын, көмек қолын созуға әзір адамдар табылады. Олардың бәрі де қолдан келген көмегін аямайды. Сондықтан кімге, не үшін жүгіну қажеттігін білу маңызды.
Ақпаратты әлеуметтік желілерге салу, оларды интернет пайдаланушылардан таратуды сұрау, БАҚ арқылы хабарлама жолдау арқылы – жоғалған адам туралы білетіндерді тапқан жағдайлар да көптеп кездескен.
Еріктілер интернетте ақпаратты таратуға, көшеге хабарландыру қағаздарын ілуге, қажет жағдайда жаяу жүріп іздеуге атсалысады. Қазақстанда мұндай қоғамдық ұйымдар көп. Олардың бәрі де көмекке келуге әрдайым дайын.
Біреулер мәселен тек Алматы қаласы мен облысында қызмет көрсететін Қоғамдық қауіпсіздік кеңесі (ҚҚК) сияқты жергілікті жерде жұмыс істейді. Олармен «ВКонтакте» және Facebook топтарында әдеуметтік желі арқылы баланысуға болады.
Біреулер республика бойынша қызмет көрсете алады. Мәселен, RINA.KZ аталатын еріктілер ұйымының ресми іздеу тобы болмаса да үйлестірушілер Қазақстанның 32 , Ресейдің 7 қаласында, Өзбекстан астанасы – Ташкенттен көмектесушілерді жұмылдыра алады. Егер, бала немесе қарт адам жоғалса ұйым өкілдерінің өздері де шығады. Ересектерді айрықша жағдайда ғана іздеуге атсалысады, алайда әлеуметтік желілерде хабарландыру таратуға әрдайым дайын. Олармен мына телефондар арқылы хабарласуға болады: 8 708 3526460 (Ирина), 8 70555084 25 (Ольга), 8 705 7700438 (Ирина).
8. Адамды қалта телефоны арқылы қалай табуға болады?
Жоғалған адам қоңырауға жауап бермеген кезде ғана бұлай жасауға болады. Қазіргі заманауи технологиялармен, яғни адамның тұрған жерін мобильдік құрылғылары арқылы тауып алуға әбден болады. Түрлі мобильдік қосымшаларды жасап шығарушылар ата-аналарға балаларын бақылайтын бағдарламалардың бірнеше түрін ұсына алады. Бастысы, баланың қолында телефон болу керек. GPS жүйесі бар сағаттар да осындай функцияларды жақсы атқара алады.
IT-мамандарының айтуынша, Android жүйесіндегі кез келген телефон иесінің аккаунт логині мен кілт сөзін білсеңіз, оның бағытын анықтау қиынға соқпайды. Басқа телефоннан немесе компьютерден аккаунтты активациялау кезінде жүйе бірнеше әрекетті ұсынады, оның ішінде телефон иесінің тұрған жерін анықтау да бар. Бұл арқылы оның кіммен болғаны, кіммен сөйлескені, нені суретке түсіргені, яғни осы сәтте не істегенінің бәрін көруге мүмкіндік бар.
Полицейлер де іздеуге заманауи технологияларды қолданады. Мобильді телефонның жеке IMEI-кодымен спутник арқылы адамды тауып алуға болады. Мұндай жағдайда құрылғы оның қолында, сондай-ақ міндетті түрде желіге қосылған болуы тиіс.
Авторы Игорь Мосунов.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.
Дереккөз: https://informburo.kz