Жақсылықов негізгі үш себепті атады
Қысқа сілтеме алу
Дау-жанжалға түрткі болған себептердің бірі – қазақстандық жұмысшыларды тіл мен мәдениеттен хабарсыз шетелдік супервайзерлер бақылаған
НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. «KazService» мұнайсервистік компаниялар одағының президиум төрағасы Рашид Жақсылықов Теңіз кен орнындағы тәртіпсіздікке түрткі болған үш себепті атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жақсылықовтың айтуынша, бірінші себеп – бас мердігер компания бүкіл жұмысты өзі атқарғысы келген. Яғни, отандық субмердігерлерді тартпаған.
«Қазақстандық компаниялармен жұмысты бөліскен кәсіпорындарда мұндай жағдай жоқ. Бірақ, бұл жерде бас мердігер жұмысшыларды қайдан алды деген заңды сұрақ туындайды. Ол жұмыссыз отырған отандық компаниялардың жұмысшыларын айлығын аздап көтеріп, өзіне шақырған», — деді ол Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Екінші себеп, айтуынша, шетелдік супервайзерлер, қарапайым тілмен айтқанда, инженерлер.
«Бұл қызметті атқаратындардың бәрі – шетелдік. Яғни, он мыңға жуық қазақстандық қара жұмысты істейді, ал оларды екі жүзден астам шетелдік басқарады. Біріншіден, олар тіл білмейді, мәдениеттен хабарсыз, жұмысшы мен жоғары сапалы маман арасындағы байланыс үзіледі, салдарынан түсініспеушілік пайда болады», — деді президиум төрағасы.
Үшінші себеп, мұнайсервистік компаниялар одағының пікірінше, субмердігер компаниялар арасында демпинг ұйымдастыру.
«Кім ең төменгі бағаны ұсынады, жұмысты соған беремін деген. Осыдан кейін отандық компаниялар ең төменгі бағаны беруге тырысады. Бұл дегеніміз, жалақы, әлеуметтік қамсыздандыру нашар деген сөз. Міне, осы себептен жағдай қиындап, соңы дау-жанжалға ұласты», — деді Жақсылықов.
Тағы оқыңыз: Теңіздегі оқиғаға қатысты тың мәлімет жарияланды
Ол қазір аталған оқиғаға қатысты құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Арнайы комиссия құрылған, тергеу аяқталғаннан кейін, кен орнындағы тәртіпсіздіктің нақты себебі белгілі болмақ.
Теңіздегі төбелес
Сенбі, 29 маусым күні Теңіздегі 3GI зауытының мыңға жуық жұмысшысы ереуілге шыққан болатын. Бұған әлеуметтік желідегі сурет себеп болған. Фотоға Ливия азаматы Ели Дауд (Eli Daoud) пен қазақ қызы бірге түскен.
Суреттегі көріністі намысқа тиеді деп есептеген жұмысшылар ереуілге шығып, араб қызметкерлерін соққының астына алды.
©
Photo : YouTube / QAZ Trends
Теңіздегі тәртіпсіздік
Желіде жаппай төбелестің видеолары тарала бастаған болатын. Жұмысшылар жабылып, араб азаматын соққыға жыққан.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Теңіздегі жағдай тұрақты екенін хабарлады. Оқиға ішкі істер органдарының бақылауына алынды. Атырау облысының полиция департаменті бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР) компаниясының логистика жөніндегі бас әкімшісі Эли Дауд дау туғызып, ереуілге себеп болған фото үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады.
sputniknews.kz