«Жақсылық жасаймын деп торға түсті»: Гауһар Әлімбекованың ағасы мән-жайды анықтап айтып берді
Гауһардың ағасы Әділхан Әлімбеков қолдау көрсеткен барша жұртқа алғысын білдіріп, оқиғаның мән-жайын анықтап айтып берді деп жазады NUR.KZ.
Әншінің ағасының берген сұқбаты Іnstagram-дағы Гүлмира Әбіқайдың парақшасында жарияланды.
«Қарындасым біреуге жақсылық жасаймын деп өзі торға түсті. Бізді қолдап жатқан қауымға Әлімбековтер әулетінің атынан шексіз алғысымды білдіремін. Әнші қыздарыңыздың басына қара бұлт үйірілгенде өре түрегеліп, араша түсіп жатырсыздар», — деп сөзін бастады Әділхан Әлімбеков.
Халықтың сүйікті әншісінің қолына салынған күні олардың әулеттеріне суыт хабар келген екен. Аналарының сіңлісі сол күні бақилық болыпты.
Содан Алматыдағы ағайын-туыстың бәрі Шымкентке аттанған.
25. 01. 19 өткен сот отырысынан барлығы тоқ көңілмен тарқасқан. Гауһардың еш айыбы болмаған соң іс-қағаздары жабылып, бәріміз ауылдағы қара шаңырақта бас қосамыз деген үміттері болған.
Гауһар Әлімбекова сот залында 40 мың доллар емес, 400 доллар да ешкімге бермейтінін қадап айтыпты.
Бір процесте судья оған айыптаушы тараппен келісімге келуге ұсыныс та жасаған.
Сонда әнші: «Онда мен шынымен қылмыс жасап, айыбымды мойындаған болып шығамын ғой. Ішпей-жемей отырып, не үшін, кімге ақша беріп, қандай айыпты арқалауым керек?», — деген екен.
«Гауһар біреуден алаяқтық жолмен ақша алмақ түгіл, басқа әйелдер сияқты ешқашан дүние байлыққа қызыққан емес», — дейді ағасы.
. Тіпті барған тойларында өнеріне тәнті әпкелер мен әжелер қолындағы сақинасын шешіп берсе, оны өзі тақпай, айналасындағы құрбы-құрдас, жеңге, сіңлілеріне беруге асығады екен.
Соңғы кездері тапқан табысына ауылдағы әке-шешелерінің үйін бұзғызып, орнына бауырларына арнап баспана тұрғызып берген. Өзі де Бақыт Назарова сияқты алаяқтың арбауына түсіп, бар жиған-тергенінен айырылып қалған.
«Жәбірленуші Назарованың қалада екі бірдей пәтері, сауда нүктелері бар. Өз қолымен «Ақкент» тұрғын үй кешенінен пәтер кілтін алып, оны жалға беріп келді. «Сенің айтуыңмен үй аламын деп, жеткізе алмай жатырмын» деген желеумен Гауһардан ай сайын жүз мың теңгеден алып отырды. Кейін мен бұған шыдай алмай алаяққа алданған адамдардың қатарында өзі де барын айтып, ұрысып отырып Гауһардың ақша беруін тоқтаттым. Біздің алдымыздағы міндет жәбірленушінің аузын жабу емес, Гауһардың айыбы жоқтығын дәлелдеп, оны қалай да ақтап алу», — деді ағасы.
Дереккөз: kaz.nur.kz