Жақсыбек Құлекеев Жолдау туралы: Қаржы тапшылығы бар екені рас

0

Белгілі экономист, мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеев Президент Жолдауының негізгі тезистері туралы пікір білдірді. 

«Бұл бюджетті талқылаудың алдындағы дәстүрлі Жолдау ғой. Сондықтан, көтеріліп отырған тақырыптың көбі негізінен әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге арналған. Аяғында қауіпсіздік мәселесіне біраз тоқталды.

Президент бұл жолдауын қаржының тапшылығынан бастағанын көрдіңіздер. Ондай проблема бар екені рас. Осы проблеманы қалай шешуге болатынын көтерді. Оны шешудің бірден-бір жолын өзі де атап өтті. Ол – шетелдік, отандық инвесторларды ынталандыру. Президент сол арқылы ғана экономикамызды көтеруге болатынын айтты. Құқық қорғау саласындағы азаматтарға да нақты тапсырмалар беріп жатыр. Соның ішінде инвесторлардың келуіне тосқауыл қойылмау керектігін баса айтты. Ондай тосқауыл қоюды мемлекет жасалған зиян, қылмыс деп қарау керектігін айтып жатыр. Сондықтан бүгін көтеріліп отырған мәселенің бәрі экономикалық, әлеуметтік тақырыптарды қамтыды», — деді ол Kazinform тілшісінің сауалына берген жауабында

Экономист капитал заңдастыру бағытындағы жұмыстар күшейе түседі дегенді айтты.

«Капиталды заңдастыру бағытын айта келіп, инвесторлардың «алтын тізімі» туралы айтты. Бұл да осыған дейінгі жұмыстардың заңды жалғасы деуге болады. Қазақстанда қаржы тауып, оны шетелге әкететін заман аяқталды дегенді Президент үнемі айтып жүр. Егер отандық инвесторлар тапқан қаржысын ел экономикасын дамытуға, жұмыс орындарын ашуға салатын болса, салыққа тиісті төлемдерін түгел аударса, ондай инвесторлар Қазақстанның досы деген ұстаным бар. Сол ұстанымнан мемлекет айнымайтыны осы Жолдауда да айтылды», — деді сарапшы.