Жақсыбек Құлекеев: «Елбасы» деп Тоқаевты да айту керек
Қазақстанның бұрынғы Экономика, Білім және ғылым министрі болған, «ҚТЖ», «ҚазМұнайГаз» сияқты ірі ұлттық компанияларда басшылық қызмет атқарған Жақсыбек Құлекеев соңғы уақытта көпшілік көзіне жиі түсіп жүр. 2008 жылдың 1 сәуірінде тұтқындалып, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімі бойынша «қызметін асыра пайдаланды» деген айыппен сотталған саясаткермен Nege.kz тілшісі сұхбат жүргізді.
«Елбасы» деп Тоқаевты да айту керек
– Жақсылық Әбдірахметұлы, қазір 5 маусымда болатын референдум қызу талқыланып жатыр. Қалай ойлайсыз, бізге реформа керек пе?
– Референдум – мемлекеттің ең маңызды мәселелерін халық болып шешудің басты тетігінің бірі. Сол арқылы әрбір әрекетімізді, атқарар ісімізді, еңсерер меже-міндеттерімізді өзара ақылдаса отырып, жүйелі жүргізе аламыз.
Елбасы кезеңінде референдум болған жоқ. Соның салдарынан халық пен билік арасында, кедей мен бай арасында алшақтық болды. Заң алдында барлығының беделі бір екендігін ұмытып кеттік. Менің ойымша, кез келген заңды референдум арқылы шешу керек. Сонда Елбасы тұсындағыдай саяси қателіктер болмайды.
– Бұрынғы Президентті Елбасы деп атайсыз. Қоғамда Назарбаевқа «Елбасы» титулын сіз берді деген сыбыс бар…
– Ол титулды берген адам қазір жоғары қызметте отыр. Менің оған еш қатысым жоқ. Құлаққа сіңімді болып кеткен соң солай атаймын. «Елбасы» сөзін Назарбаевқа ғана қолдану қателік. Бұл – президент деген сөздің қазақша баламасы. Түріктерде «Ülkenin başı» деген сөз бар, барлық президентке сол сөзді қолданады. Сондықтан «Елбасы» деп Тоқаевты да айту керек. Қазақтың төл сөзі болғандықтан, келешек президенттерімізді де солай атаған дұрыс.
– Түрмеден шыққаннан кейін қоғам өміріне араласып, бірнеше экономикалық кітап жаздыңыз. Жақында Президент қабылдауында да болдыңыз. Сіз сияқты саяси жүйенің құрбаны болған Серік Ахметов, Мұхтар Жәкішов сынды азаматтар коғам өмірінен мүлде тысқары қалды. Сіздің осылай саясатқа жиі араласуыңыздың себебі Тоқаевпен жақын достығыңызда ма?
– Негізі саясаттан кеткенннен кейін, қайта келу қиынға соғады. Мен қазір саясаткер емеспін. «ҚазМұнайГазда» кеңесшімін және ғылыми бөлімшенің қатардағы қызметкерімін. Менің де саяси аренаға қайтып бару жоспарымда жоқ. Себебі өздеріңіз білетіндей, менің ісім біреулерге жақпай қалып сотталып шықтым. Мен сотта жеңіп тұрсам да, қосымша айып тағып, мені түрмеге тықты. Сондай қиындықтарды көргеннен кейін саясатқа қайтып барғың да келмей қалады. Серік Ахметовтың саясатқа келгісі келмейтіндігі де содан шығар.
Мен түрмеден шыққан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы үйіне дәмге шақырған
– Сізге жала жапқан қызметкеріңіз екені анықталды. Ал оның артында қандай «дөкей» тұр?
– Түрмеде отырғанда «Мен кімге не істедім?» деп жиі ойланатынмын. Әрине, олардың кімдер екенін білемін. Кейбірі биліктен ығысып кетіп жатыр. Көбінің қазір дәурені аяқталған. Мен 2021 жылдың желтоқсаныңда толық ақталдым. Елдегі саяси билік өзгергеннен кейін арыз жазып, мені сот ақтады. Ешкімнен кек алуды көздемеймін. Барлығын уақыт өзі реттейді ғой.
– Тоқаев президент болмай тұрып, сізді «Жәке» деп атаған екен. Қазір де солай атай ма?
– Мені президент қазір де «Жәке» деп атайды. Мен ол кісінің қарамағында 1999 жылдан бастап жұмыс істедім. Сондықтан солай атайтын шығар. Мені көбі ол кісінің досы деп ойлайды. Бірақ анау айтқандай ол кісімен достық қатынаста емеспіз. Иә, мен түрмеден шаққан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы үйіне дәмге шақырған. Екеуіміз сол кезде ұзақ сөйлестік. Қазір олай араласпаймыз. Ол кісі қазір үлкен қызметтегі адам. Ара-тұра жолығысып қаламыз, ол кісі менен үнемі қандай кітап жазып жатқанымды сұрайды.
Менің президент қабылдауында болуым сіздің сұрағыңызға тұздық болып отырған шығар. Бірақ ол кісі бір мені ғана емес, әртүрлі сала өкілдерін өзіне шақырып сөйлескен. Менің білуімше, ол кісіні қарапайым халықтың мәселесі қатты алаңдатады. Сондықтан біз сияқты халақтың арасында жүрген азаматтарды өзінің қабылдауына шақырады.