Жапонияда 36 адамды өртеп жіберген күдікті өлім жазасына кесілетін болды

0

2019 жылы Kyoto Animation студиясына өрт қойып, салдарынан адам өліміне кінәлі деп айыпталған ер адам апелляциялық шағымын қайтарып алды, деп хабарлайды Kyodo News.

46 жастағы Синдзи Аоба 2024 жылдың қаңтарында Жапониядағы аниме студиясында 36 адамның өмірін қиған шабуыл үшін өлім жазасына кесілген. Қорғаушы тарап, одан кейін айыпталушының өзі апелляциялық шағым түсірді. Алайда, Аоба дүйсенбі күні өз өтінішін қайтарып алды. Осылайша өлім жазасы расталды.

Жапонияда бұрын қорғау тарапы сотталушының апелляциялық шағымнан бас тартуының заңдылығын даулаған жағдайлар болған. Аобаның адвокаттары әзірге соңғы оқиғаға қатысты  мәлімдеме жасаған жоқ.

Қаулыға сәйкес, ер адам 2019 жылдың 18 шілдесінде сағат 10:30 шамасында 70 қызметкер жұмыс істеп жатқан Кyoto Animation студиясының ғимаратына кірген. Ол ғимаратты бензин пайдаланып өртеп жіберіп, салдарынан 36 адам мерт болып, тағы 32 адам жарақат алған.
Аоба оқиғадағы өз қылмысын мойындағандықтан, оның ақыл-есі дұрыс па, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін бе деген басты мәселе болды.

Айыпталушының мәлімдеуінше, ол бұл шабуылды Kyoto Animation студиясы ол байқауға қатысқан романды көшіріп алды деп ойлағандықтан жасаған. Аобаның қорғаушысы оның психикалық тұрақсыз және сандырақпен ауыратынына сендірді.

Судья Аобаның шынымен де сандырақтан зардап шеккенін, бірақ бұл оның мінез-құлқына аз әсер еткенін және сотталушының сол кезде «есі дұрыс емес немесе ойлау қабілетінің төмендеуі» болмағанын мойындады.

Kyoto Animation бүкіл әлем бойынша аниме әуесқойлары арасында әсіресе «K-On!» және «Харухи Сузумияның меланхолиясы» шығармаларымен ерекше танымал.

Еске салсақ, бұдан бұрын Жапонияда сот 2019 жылы Киото Animation студиясын өртеп жіберген Синдзи Аобаны өлім жазасына кескенін жазған едік.