Жапония жөргекті үлкендерге көптеп шығаруда

0

Жапониядағы көптеген компаниялар нәрестелерге арналған жөргектер шығаруды қысқартып, ересек тұтынушылар үшін көбірек өндіруді қолға алып жатыр деп жазады Inbussines.kz.

Сарапшылардың пікірінше, бұған Күн Шығыс еліндегі туу деңгейінің төмендеуі мен халықтың қартаюы себепші.

Маусым айында жергілікті үкімет жариялаған мәліметтерге жүгінсек, Жапонияда туған нәрестелер саны сегіз жыл қатарынан азайып, 2023 жылы туу деңгейі рекордтық деңгейге дейін төмендеген.

Сондай-ақ, бұл ел әлемдегі ең қатты қартайған қоғам саналып отыр. Statista жаһандық деректер мен іскерлік барлау платформасының дерегіне сәйкес, Жапония – әлемдегі ең ескі халықтардың бірі.

Бұл мемлекетте 2023 жылы 65 жастан асқандар жалпы ел халқының 29 пайызды құраған. Ал 2070 жылға қарай жапондардың саны 30 пайызға кеміп, 87 миллионға дейін азаюы ғажап емес.

«Жапониядағы ересектерге арналған жөргектер нарығы өсіп келеді. Соның  арқасында өніміміз жылдан жылға арта бермек. Және де біз тұтынушылардың көбеюіне байланысты жаялықтардың алуан түрін шығарып жатырмыз», — дейді Фудзиномия аймағындағы Daio Paper компаниясы басқаратын зауыттың бақылаушысы Наото Сугая Reuters агенттігіне берген сұқбатында.

Жапония халқының қартаюына байланысты ересектерге арналған жөргектерді сатудан түсетін кіріс сәбилерге арналғанынан келетін табыстан екі есеге асып кеткенін айтқан компания өсіп келе жатқан жаңа нарыққа көбірек ресурс құйып жатыр.

«Көлемінен басқа, ересектерге арналған жөргектердің негізгі айырмашылықтары бар – олар тұтынушылардың талғампаздығана орай сан-алуан», — дейді Daio Paper маркетинг жөніндегі менеджері Кенджи Наката.

Накатаның сөзінше, Daio Paper сәбилерге арналған жаялық жасауды тоқтатуды жоспарлап отырған жоқ. Дегенмен, бұл саладағы бизнестің болашағы айқындалып, бағыты қарттарға бұрылып барады екен.

«Біз ересектерге арналған жөргектер нарығының одан әрі өркендеуін болжап отырмыз. Сондықтан біз осы тауарды көбейту мақсатында компаниямыздың ресурстарын ересектер жөргегіне арнағымыз келеді», — дейді Наката тағы бір сөзінде.

«Фудзи Кейзай» зерттеу фирмасының дерегінше, 2027 жылға дейінгі бес жыл ішінде Жапонияның ересектерге арналған жөргек нарығы 16 пайызға өсіп, 98,9 миллиард иенге (612 миллион доллар) жетуі мүмкін. Ал сәбилер үшін бұл нарық 8 пайызға қысқарып, 84,6 миллиард иенді құрамақ.


Тегтер:Жапония