Жапония жанталаса қаруланып жатыр…

0

Бұрын қарулануға аса мән бере бермейтін Жапония қазір алаңдаулы. Мұның себебі де бар шығар. Өйткені осы аймақта әлі де қауіп бар. Себебі, бүкіл әлем, әсіресе Жапония Солтүстік Кореяға қарап алаңдайды. Әзірге солтүстіктегі кәрістер ядролық сынақ жасауды тоқтатса да, бірақ қатер азаймай отыр. Сондықтан да болар, Жапония алдағы уақытта әскери мақсатқа, әсіресе елді қаруландыруға қомақты қаржы бөлетінін жария етті.

Кеше жапон үкіметі Lockheed Martin F-35 Lightning II типіндегі 105 истребительді сатып алатынын мәлімдеді. Оған ел қазынасынан да қаржы бөлініп қойды. Олардың ішінде  42  F-35B истребительдері бар. Бұл ғана емес, алдағы бес жылда Жапония F-35  моделіндегі 45 әскери ұшақ сатып алатынын мәлім етті. Бұл жапон әуе қарулы күштерінің қуатын күрт арттырады. Сондай-ақ жапондықтар пилотсыз басқарылатын аппараттардың санын да   арттыруды жоспарлап отыр. Бұл ғана емес, әскери теңіз айлағының қуатын күшейтпек болып отырған жапондықтар теңізде де патрульдік ұшақтарды көбейтпек. Тез және жылдам ұшатын әскери истребительдер қонатын және бірден әуеге көтерілетін ұшақтарды қондыратын Izumo кемесін сатып алу да алдағы бесжылдықтың еншісінде. Елдің киберқауіпсіздігін нығайту мен ғарыш саласында жапондықтардың үлесін арттыру да басты жоспарда тұр. Оған да тиісті қаржы бөлінді.

Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Қауіпсіздік – басты назарда. Бейбіт ел ретінде көрінетін жапондықтардың жанталаса қарулануы түсінуге тұрарлық. Өйткені Солтүстік Кореядан атылған талай оқтұмсық жапон теңізіне барып құлаған. Дональд Трамп пен Ким Чен Ын осыдан төрт-бес ай бұрын жолығып, күрделенген жағдайды жеңілдетуге тырысқанымен, мәселе  түбегейлі шешілді деуге әлі ерте. Жапондардың да жанталаса қарулануға ұмтылып отырған себебі осы. Өйткені олар Корея жарты түбегіне қарап алаңдайды…

«Қамшы» сілтейді