«Жапондықтар С дәруменінің иммунитетті күшейтетініне сенеді»: Қазақстандық ғалым Жапония халқы коронавируспен қалай күресіп жатқанын айтып берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Әлемнің дамыған елдерінің өзі коронавирус пандемиясына төтеп бере алмай жатқан шақта Жапония дерпен қалай күресіп жатыр? Қандай шаралар қабылдап жатыр? Stan.kz тілшісі Токиода тұратын отандасымыз, нанотехнология бағытындағы жас ғалым Аяулым Белгібаевамен хабарласып, Күншығыс елінің қазіргі хал-ахуалы, сақтық шаралары, жапондықтар COVID-19-дан қорғайды деп сенетін сусындары жайлы және коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығаруға қатысты ойын білді. 

Аяулым Токио технологиялық институты (Tokyo Institute of Technology), Материалтану және химиялық технология факультетінде «Химиялық ғылым және инженерия» мамандығында PhD-да оқиды. Ол болашақта аккумуляторларды зерттеу мен дамытумен айналысады. Аяулымның айтуынша, Жапонияда 7 сәуір күні ТЖ енгізіліп, барлық оқу орындары, сауда орталықтары, театр, кинотеатр, караоке деген сияқты ойын-сауық орындары 1 айға жабылды. Алайда азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен банктер ашық, қоғамдық көлік жұмысын тоқтатпады. 

-Аяулым, не себепті ғылым жолын, нақты нанотехнология бағытын таңдадыңыз? 

– Оқу, жаңа білім меңгеру маған мектеп кезінен ұнайтын. Химиядан пәндік олимпиадаларға қатысып, түрлі тәжірибелер жасап, нәтижелерін сараптап, қорытынды жасауды да ерекше жақсы көретінмін. Алайда, ғылым жолын таңдау менің бала кезгі арманым болды деп айта алмаймын. Күнделікті өмірде ғалымдарды көре бермейміз ғой, бірнеше ғасыр бұрын таңғажайып дүниелер ашып кеткен, кітаптағы ғалым аталарымызды ғана көріп, «Бізге ондай болу қайда?» деп қана қоятынбыз.

Барлығы бакалавриаттың соңғы курсында дипломдық зерттеулерімді жасау үшін Назарбаев Университетіне профессор Жұмабай Бәкеновтың ғылыми тобына барғанымда өзгерді. Ол жерде нағыз ғылымның не екеніне, қаншалықты қызықты және, ең бастысы, қолжетімді екендігіне көзім жетті. Елімізде болсын, шет елде болсын оқып келіп, ғылыммен айналысып жатқан аға-әпкелерімді көргенде, менің де осы жолмен жүргім келетінін түсіндім. Жалпы, дипломдық жұмысым аккумуляторларды дамытуға қатысты болып, қатты қызықтырғандықтан, менің кейінгі зерттеулеріме осы сала арқау болды. Ал нанотехнологиялар бүгінде аккумуляторларды зерттеу мен дамытудың ажырамас бөлігіне айналған. 

— Жапония ғылым бойынша әлдеқайда ілгері дамып кеткен мемлекет екені белгілі, оқуыңызды жалғастыратын елді таңдауға осы себеп болды ма?

– Жапонияда ғылым мен технологиялардың әлдеқайда ілгері дамып кеткені рас. Осы елді таңдауымның бірінші себебі — сол дамудың құпиясын білгім келді. Екіншіден, бұнда аккумуляторларды зерттеу саласы өте жақсы дамыған. Нарықтағы литий-ионды аккумуляторлардың ең алғашқы прототипі 1991 жылы осы Жапонияның Sony компаниясымен жасап шығарылған болатын. Үшінші себеп, әрине, жапондардың ерекше мәдәниеті мен менталитеті қатты қызықтыратын.

— Жапонияның қазіргі хал-ахуалы қандай? Елде вирустың таралуы қатты көрініс тауып жатыр ма? 

– Жапонияда алғашқы коронавирус жағдайы қаңтар айында анықталған еді. Алайда байланысқа түскен адамдарды бірден анықтап, вирустың тез таралып кетпеуі жақсы қадағаланып отырды. Осылайша, елдегі жағдай наурыз айының аяғына дейін тұрақты болып келді. Наурызда Қытайдан басқа әлем мемлекеттерінде вирустың таралуы өрши бастаған соң, бұл Жапонияға да әсер етпей қоймады. Жаңа расталған жағдайлар саны күннен күнге артып келеді, алғашқыдай байланыста болғандарды тез анықтап, изоляциялау да оңай емес. Соңғы күндері күніне 600-ден астам жаңа жағдайлар расталып, жалпы саны 6000-нан асып жатыр.

— Білуімше, жақында ғана ТЖ енгізілді. Сақтық шаралары қалай жүргізіліп жатыр?

– Вирустың таралуын қадағалау мүмкіндігі азайып, денсаулық сақтау жүйесінің қысымға шыдамай, коллапсқа ұшырау қауіпі туындағандықтан, 7 сәуір күні премьер-министр Синзо Абе Жапонияның Токио, Осака қалаларында және тағы 5 префектурада төтенше жағдай режимін жариялады. Жарлыққа сәйкес, барлық оқу орындары, сауда орталықтары, театр, кинотеатр, караоке деген сияқты ойын-сауық орындары 1 айға жабылуы тиіс. Азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен банктер ашық, қоғамдық көлік жұмысын тоқтатпады. Тұрғындардан басқа адамдармен байланысты 70-80%-ға дейін қысқартуы сұралды. Алайда, Синзо Абе мырза төтенше жағдай енгізудің әсер ету-етпеуі халықтың іс-әрекетіне, яғни үйде отыру-отырмауына тікелей тәуелді екенін ескертеді. 

— Өзіңіз қалай қорғанып жатырсыз, оқу процесі қалай өтуде?

– Біздің университет 9 сәуірден 11 мамырға дейін жабылды. Өзім жағдай тұрақталып, зертханам қайта ашылғанша үйден шықпай отырамын. Сәуірдің басында университетте жаңа академиялық жыл басталуы керек еді, алайда семестр басы екі аптаға шегеріліп, сабақтар 6 мамырдан бастап Zoom қосымшасы арқылы онлайн өткізіледі деп хабарланды. Төтенше жағдай енгізілмей тұрып, әкімшілік кампусқа мейлінше келмеуге тырысуымызды сұраған еді. Алайда, зерттеулерім лабораториядағы тәжірибелеріме байлаулы болғандықтан, қоғамдық көлікте маска киіп, басқа адамдармен арақашықтық сақтап, зертханаға баруға тура келді. Сол кезде өзімнен бұрын зейнетке жақындап қалған ғылыми жетекшімді қатты алаңдайтынмын. Өзіміз ауырмасақ та, вирус тасымалдаушы болуымыз мүмкін екендігі белгілі ғой. Сондықтан, төтенше жағдай енгізіліп, университет мүлдем жабылғанда, бір жағынан зерттеулерімнің тоқтап қалатынына өкінсем де, басқа адамдармен мейлінше байланысқа түспей, вирустың таралуын тоқтату мүмкіндігіне қуандым.

— Жапондықтардың коронавируспен күресте қандай құпиясы бар? Сеніп жүрген арнайы дәрмектері, заттары бар ма (Біздегі лимон, зімбір деген сияқты)?

– Жапондар вирустан қорғанудың ең тиімді әсері маска деп сенеді. Жалпы, коронавирусқа дейін де тұмау сияқты мезгілдік инфекциялық аурулар кезінде көшеде халықтың 2/3-cі маскамен жүретін.

Одан бөлек, ғылыми дәлелі болмаса да, жапондардың көпшілігі С дәруменінің иммунитетті күшейту әсеріне сенеді. Қазір дүкендерде маскалар мен С дәруменімен байытылған сусындары тұратын сөрелер босап қалған. Десе де, денсаулық сақтау министрлігі бүгінгі күні жаңа коронавирустан қорғану үшін үйде қалып, басқалармен байланысты мейлінше шектеуден басқа тиімді әдісі жоқ екенін ескертеді.

— Сіздің ойыңызша, коронавирусқа қарсы вакцинаны жасап шығару мүмкін бе? Нанотехнология ғылымы арқылы ше?

– Қазіргі кезде барлық мемлекеттердің вирусологтары коронавирусқа қарсы вакцинаны дайындауға атсалысып жатыр. Оның ішінде қазақстандық ғалымдар да бар. Жақында Амина Мирсакиева мен Дана Ақылбекова есімді ғалым қыздардың «Белка мен стрелка» подкастынан қазақстандық вирусолог Қайсар Табыновтың осы сұраққа қатысты сұхбатын тыңдаған болатынмын. Ол кісінің зерттеулері осы нанотехнологиямен байланысты көрінеді, яғни тиімділігі жоғары нановакциналар дамытуға бағытталған. Вакцинаны жасап шығару мүмкін, алайда көп қаражат пен уақытты қажет ететін көрінеді. Сондықтан, оның нақты қай уақытта дайын болатыны әзірше белгісіз.

 

(Жалғасы бар)

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

stan.kz