Жапон жігіті атасының сүйегін іздеп Қазақстанға мопедпен жетті
Арона есімді жапон жігіті Қазақстанға мопедпен келген, деп хабарлайды Kznews.kz.
Алыстан келген мейманды түнде көшеде көріп қалып, үйіне ертіп апарған жігіттің айтуынша, ол қазақ жеріне, соның ішінде Шымкентке бабасының сүйегін іздеу үшін келіпті. Түнде адасып жүрген жерінен видеоавторы кездесіп, жөн сұрасқан екен.
Қазақша бірауыз сөз білмейді. Түнде адасып жүрген жерінен тауып алдық. Атасының сүйегін іздеп жүр екен. Мопедпен келіпті, — дейді TikTok желісін қолданушы.
Үйіне әкеліп жуындырып, тамағын берген ол енді Аронамен бірге оның бабасының сүйегін бірге іздемекші.
Еске салсақ, Қазақстан жеріне жапондар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұтқын ретінде жеткізілген. Оларды совет билігі Қазақстанның өндіріс орындарында еңбек күші ретінде пайдаланған. Қарағанды облысының Теміртау қаласында жапондардың зираты бар. Ал таяуда Шығыс Қазақстанның Риддер қаласында да жапондар жерленген мола табылған.