Жапон массажын үйретемін деп 600 мың теңге алған: Алматы тұрғындары алаяқтың құрбанына айналды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда жапон массажын үйретемін деп әр адамнан 600 мың теңгеге дейін қаражат алған азаматшаны шәкірттері ұстай алмай жүр. Дәрісті тоқтатқаны былай тұрсын, жекіп сөйлеп, жалған сертификат ұстатты дейді. Он жылға жуық күншығыс елінен алған тәжірибием бар деген шебер екі жыл бұрын сабақ беруді бастаған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеп хабарлайды. 

әйелдер

Зардап шеккен әйелдер: Арайлым Мамытбекова мен Вероника Башаран

Бәрі әлеуметтік желідегі жарнамадан басталған. Ондаған қыз-келіншек бетті тазалап, әжімдерді кетіруді үйренгілері келіпті. Жапонияда тұрып, массаждың бұл түрінің қыр-сырын меңгердім деген әйел он жыл астам тәжірибесі барын айтып, бәрін сендірген. Алайда оған сенгендердің барлығы да түк үйренбей, опық жеп қалдық дейді. Солардың бірі Арайлым Мамытбекова массаж жасаудың тың тәсілін үйрену үшін 600 мың теңге несие алып, шебердің қолына тапсырыпты. 

«Ол бізге массажды Жапонияда үйрендім, 13 жылдық тәжірибем бар деп айтты. Бәрінің қыр-сырын үйретіп, кәсіби маман етіп шығарамын деді. Оған сеніп 600 мың теңге бердім. Алайда ақшаны алғаннан кейін бірнәрсе үйретуге құлқы жоқ екенін байқадым. Тіпті, өте дөрекі сөйлесе бастады. Қарапайым сұрақтарыма жауап берудің орнына жекіп тастайтын. Жалғыз менімен ғана емес барлығымен де солай жасағанына көзім жетті», — дейді Арайлым Мамытбекова. 

Осылайша кәсіп ашып, істерін дөңгелетпекші болғандардың арманы бір-ақ күні күл-талқан болған. Олар әлеуметтік желі арқылы массаж үйретушінің айтқанының бәрі өтірік екенін анықтапты. Белгілі болғандай, 2017 жылы алаяқ әйел массаж үйретушісінің курсынан өтіпті. Дегенмен Жапонияда ешқашан болмаған екен. 

«Мен өзім Жапонияда жиырма жылдай тұрдым. Сол жерде массажды үйрендім. Мында жүрген шәкірттерімнің барлығына басымнан өткен қызықты оқиғаларды айтып жүретінмін. Ал елді шулатып жүрген әйел менің курсыма 2017 жылы келген. Ешқандай да тәжірибесі болмаған. Тіпті, менің қызықты естеліктерімді алданғандарға өзінікі секілді айтып жүрген», — деді қала тұрғыны Назым Мукаяма. 

Алаяқ қандай да бір күдік тумасы үшін курсты бастағандардың кейбірінің қолына сертификат ұстатыпты. Бірақ тексеру барысында оның жалған екені анықталған. Алайда жапон массажын меңгергісі келгендер ақшасыз қалып, кәсіпті де үйренбеген. Алданып қалғандардың жалпы саны 14 әйел көрінеді. 

«Оның жарнамасы жер жарады. Менің үйреткен массажым арқылы аптасына миллион теңге таба аласыңдар деп сендірді. Оған иланып қалдым. Ол алдымен курс ақысының елу пайызын сұрады. Алғашқы күні қолына 300 мың теңгені ұстаттым», — дейді қала тұрғыны Вероника Башаран. 

Ал полицейлер болса оқиғаның жай-жапсарын тексеріп жатқанын айтады. 

«Қазіргі уақытта оннан астам іс қаралуда. Күдікті ұсталып ПД-ге жеткізіліп, түсініктеме беруде. Біз әр істің байыбына баратын боламыз. Бұл жағдай ҚР ҚК-нің 190 бабына сәйкес тіркеуге алынып, «Алаяқтық» фактісі бойынша іс жүргізілуде», — деді қалалық ПД-нің ресми өкілі. 

Егер жұртты алдап соққан әйелдің кінәсі дәлелденсе, ол жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Зардап шегушілер келешекте бұндай жағдай қайталанбас үшін мемлекет массаж үйретушілердің ісін қадағалауы тиіс дейді. Өйткені олардың кәсіптері заңды, сертификаттары бар екенін тексеріп жатқан ешкім жоқ көрінеді. Ал оның салдарынан талай адам сан соғуда. 

stan.kz