Жапандағы жалғыз үй. Қариялар қаңырап қалған ауылдан көшпей отыр

0

Борис Петренко мен Валентина Курчаева тұрып жатқан үй – Мамлют ауданы Белое ауылдық округіне қарасты Прогресс ауылында қалған жалғыз түтін. Он жыл бұрын Прогресс отыз мың тұрғыны бар тіршілігі қайнап жататын ауыл еді. Соңғы жылдары бұл елдімекенде бес-алты үй қалған. 2000 жылы ауылда мектеп пен аурухана жабылған. Ал 2018 жылы Қазақстан билігі «болашағы жоқ» ауылды таратқан.

Валентина Курчаеваның сөзінше, бұл жерде қазір ішерге су жоқ, жазда жаңбыр суын, қыста қар суын тазартып ішеді. Кейде бір күбі (фляга) суды мың теңгеге сатып алады. Ал Борис Петренко жергілікті билік басқа ауылдан үй сатып алып, Прогрестен кетуді талап етіп жатқанын айтады.

— Кемпірімді ертіп әкімдікке бардым. Әкім үйді өздерің алыңдар, кредит рәсімдеңдер деді. Айтқан соң үй іздеп, екі бөлмелі үй таптық. Бағасы 550 мың, 600 мың теңге (шамамен 1600 доллар – ред.) екен. Мақұл дедім. Кейін сабырға келіп, саралап қарасам, кредит алуымыз керек екен. Кредит алсам, қалай күн көрем? Қыста отын, көмір алу керек қой, — дейді Борис Петренко.

Зейнеткерлердің сөзінше, әкімдікке барғанда ондағылар жақында Прогресс ауылы жарықтан ажыратылатынын да ескерткен.

— Әкім жолды тазаламаймыз, жарықты өшіреміз деді. Енді не істерімізді білмеймін. Бұл жерде жарықсыз өмір сүре алмаймыз. Біз тіршілік етуіміз керек ғой, — дейді Валентина Курчаева.

Борис Петренко мен Валентина Курчаева (оң жақта) үйлерінде отыр. Прогресс ауылы, Солтүстік Қазақстан облысы, 25 шілде 2019 жыл.

Борис Петренко мен Валентина Курчаева (оң жақта) үйлерінде отыр. Прогресс ауылы, Солтүстік Қазақстан облысы, 25 шілде 2019 жыл.

Прогресс ауылы облыс орталығы Петропавл қаласынан 43 шақырым жерде орналасқан. Жабылған ауылда қалған зейнеткерлер облыс орталығына жақын елдімекеннің ешкімге керексіз болып қалғанына налиды.

— Ауылдарды жапқанша қаржылай көмектесіп, несие беріп тұрғындарға көмектессе ғой. Адамдар осы жерде өмір сүретін еді. Көшіп кеткендердің барлығы осы Прогресс ауылында қалғысы келген еді. Бірақ оларды қуып шықты, — дейді Борис Петренко.

Прогресс елдімекені қарайтын Белое ауылдық округінің әкімі Бибігүл Қасенова «болашағы жоқ ауылдар» жабылған жағдайда билік баспана бермейтінін айтады.

— «Болашағы жоқ ауыл» тұрғындарына тегін үй беретін бағдарлама қарастырылмаған. Ал бұл зейнеткерлер «мемлекет алып берсін» дейді. Ондай мүмкіндік жоқ. Себебі олар үйді өздері алуы керек. Қазір бөліп төлейтін үй таптық. Өз қаржыларына алуы тиіс. [Сатылатын үйдің иесімен] сөйлесіп қойдық, — дейді әкім.

Иесіз қалған үйлер. Проресс ауылы, СҚО. 25 шілде 2019 жыл.

Иесіз қалған үйлер. Проресс ауылы, СҚО. 25 шілде 2019 жыл.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дерегінше, облыстағы 649 ауылдың 111-інде халық саны елуге жетпейді. 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысына келген сол кездегі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова аймақта тұрғындар саны он адамнан аспайтын 38 ауыл таратылатынын айтқан.

«Тұрғын саны неғұрлым көп болса, жұмыс орны да көбейеді. Сонымен бірге, шағын және орта бизнесті дамытуға негіз болады» деген сол кезде Әбілқасымова.

2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысында «болашағы жоқ» 15 ауыл жабылған. Облыс әкімдігі биыл тағы 20 ауылды таратпақ.

2013 жылы Қазақстан билігі ресурстарды тиімді жұмсау және қаржыны тек болашағы бар ауылдар мен аудан орталықтарына бөлу туралы шешім қабылдаған. Осыдан кейін елде «болашағы жоқ» деп біраз ауыл жабылған. Нұр-Сұлтан «болашағы бар» және «жағдайын түзеуге болатын ауылдарға» ғана мектеп, аурухана, балабақша салып, жол жөндеуге, сумен қамтамасыз етуге қаржы жұмсауды көздейді.

Azattyq