«Жанжалмен әрең аламыз»: Қызылордада аналар 21 мың теңге жәрдемақы үшін дау шығарды — Қазақстан жаңалықтары

0

Қызылорда қаласында аналар 21 мың теңге жәрдемақының үнемі кешіктіріліп берілетінін айтып ашынды. Айтуларына қарағанда, мемлекет тағайындаған ақшаларын ай сайын жауапты мекемеге келіп, жанжалмен әрең алатын көрінеді.

«Жанжалмен әрең аламыз»: Қызылордада аналар 21 мың теңге жәрдемақы үшін дау шығарды

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Ашынған аналар кемінде айына бір рет жауапты мекемеге келетіндерін айтады. Бұл жолы да балаларын жетектеген аналар осы мәселе үшін қызылкеңірдек айқайға басты.

«Ай сайын қырғын, төбелес. Біресе айдың басында, біресе ортасында немесе аяғында аударады. Таңертеңнен бері әкімдікті, бәрін жағалап келе жатырмыз», — дейді тұрғын Раушан Алшанбаева.

Жиналған аналардың айтуынша, әкімдік жәрдемақының әр айдың 10-ы күні шоттарына түсетінін айтып уәде еткен. Ал арамызда тек бір әлеуметтік көмекке қарап отырған отбасылар бар, дейді. Олар жәрдемақының кешіктірілуінің салдарынан мектеп мезгілі жақындағанда балалардың оқу құралдарын да ала алмай отырғандарын айтып ашынады. 

Ал әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілер тамыз айындағы жәрдемақының берілмеуінің өз себебі бар екенін жеткізді.

«Бүгін-ертең шілдені жапқаннан кейін, келесі аптаның бірінші күнінен бастап тамыз айын төлеуді жалғастырамыз. Осы айдың 25-іне дейін толық алып болады», — дейді қалалық жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Кенжегүл Құрақбаева.

Басшы орынбасары әлеуметтік көмек келесі аптаның басынан төлене басталады деп уәде берді. Ал аналар ай сайын осындай жаға жыртыс, айқаймен түсетін жәрдемақы шаршатқанын айтты.

stan.kz