«Жанжалдарына етіміз үйреніп кеткен»: Бишімбаевтың қылмысын жасырды деп айыпталған туысы Байжанов сотта сөз сөйледі

0

Қуандық Бишімбаевқа қатысты сотта тағы бір сотталушы Бақытжан Байжанов сөйледі. Ол оқиғаны баяндап, марқұм Салтанат Нүкенованың жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы  Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бишімбаевтың інісі Байжанов қылмысты жасырып, хабарламады деген айыппен сотқа тартылып отыр. Ол BAU мейрамханасын 2022 жылдан басқарады екен. Ол Салтанаттың өлгелі жатқан күйде болғанын білмегенін және мән бермегенін айтады.

Сөзінше, Салтанатпен қарым-қатынасы жақсы болған және марқұм өте сыпайы, сыйлы және тәрбиелі болғанын айтты.

“Мен Бишімбаевтың барлық жеке тапсырмаcын орындап, балаларын көлікпен тасып, бар деген жерлеріне баратынмын. Бишімбаев өте ашуланшақ адам және оның айтқанын істемесе болмайды. Кез келген уақытта хабарласса, тұтқаны көтеруім керек. 8 қарашада үйге қайтып кеткем, сол кезде қызметкерлер хабарласып, Қуандық әйелімен түнімен мейрамханада болғанын айтты. Шулап, қызметкерлерге кедергі жасаған. Көлікке мас болып, мініп, бордюрға соғылған. Екеуі жиі жанжалдасатын болғандықтан, бұған таңғалмадым да. Мен үшін қалыпты нәрсе болып кетті. Салтанаттың көзі жиі көгеріп жүреді. Үйлерінде де төбелес шығарғаннан кейін жиһаздары бүлінеді де, маған жөндеуші шақырсын деп бұйыратын”, – деді Байжанов.

9 қарашада таңғы 10-да жұмысқа келіпті. Сөзінше, Бишімбаев оны вип бөлмеге кіргізбей, есікті жартылай ашып тұрды. Ол мас болған.

“Кабинкадан диванның шетінде отырған Салтанатты байқадым. Қара плащьпен отырды, ал ішінде киімі жоқ екенін байқадым да, көзімді түсірдім. Салтанат бетін төмен түсіріп отырғандықтан, жарақатын байқамадым. Бишімбаев көрпе әкелуімді бұйырды. Кабинкаға кірмедім. Тек көрпені әкеліп, Бишімбаев Салтанатты көтеруге көмектес дегенінде ғана ішке кірдім. Бірақ олар түнімен ұйықтамай, мас болғандықтан, Салтанат ұйықтап жатыр деп ойлап, мән бермедім”, – дейді ол.

Айтуынша, көтеріп келе жатқанында Салтанат оның қолын қысқан. Бірақ ол бұл белгіге аса назар аудармаған.

“Салтанаттың көзі қызарып, ісіп тұрғанын осы кезде көрдім. Алайда жиі осылай жүретін болғасын бұған етіміз үйренді. Іштей жаным ашыса да, ештеңе дей алмайтынмын, әсер ете алмайтынымды білемін. Бізге берілген тәрбие бойынша біреудің отбасына араласу –әдепсіздік. Қазақылыққа салынып, “өз мәселелері” деп жылы жабатынмын. Өзімнен әлдеқайда үлкен Бишімбаевқа нұсқау беріп, ақыл-кеңес беруге, олардың отбасылық өміріне, қарым-қатынасына араласуға менің қазақы ділім, қазақы тәрбием, кішіпейіл мінезім мүмкіндік бермеді. Мен отбасылық мәселелер отбасында шешілуі керек деген сеніммен өстім. Мұндай салғырттығыма өкінемін», – деп қосты ол.

Оның айтуынша, Бишімбаев бейнебақылау камерасының жазбаларын өшіруді талап еткенде ол Салтанаттың өлгенін білмеген. Ол өзін Бишімбаевтың қылмысын жасырып жатырмын деп сезіктенбепті.