«Жаныңнан өте шығады» Жас кәсіпкер Нью-Йорктегі қазақтардың араласпайтынына қынжылды

0

Нью-Йорк қаласындағы қазақ кәсіпкері Еркебұлан Кәкімбековтің айтуынша, АҚШ-тағы өмір Голливуд фильмдеріндегідей емес

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik, Дәурен Ерболат. АҚШ-та 10 жыл тұрып жатқан қазақстандық бизнесмен Еркебұлан Кәкімбеков шетелде кәсіп ашудың құпиясымен бөлісті.

Балалық шақтағы қиындықтар

Еркебұлан Кәкімбеков Қостанай облысы Торғай өңірінде дүниеге келген. 12 жасында әкесі қайтыс болып, анасына көмектесу үшін қара жұмысқа жалданады.

«12 жасымда отбасымыздың қамқоршысы, тірегі болған әкем өмірден озды. Анам балаларға қарап үйде отырды. 14 жасымнан бастап жұмыс істедім. Жазғы демалыс кезінде Астанадағы базарда жүк тасушы болып еңбек еттім, әрі құрылыста да тер төктім. Тапқан ақшама қарындасыма және өзіме киім мен мектепке қажетті заттарды сатып алатынбыз. 9-сыныпта отбасыммен бірге Арқалық қаласына көшіп келдік», — дейді ол.

Білімге деген құштарлық

Айтуынша, орыс тілін білмегендіктен оқушылар оны мазақ қылыпты. Сондықтан Еркебұлан бос уақытында орыс тілін үйренуге бар күшін салған. Мектепті аяқтаған соң, «құқықтану» мамандығы бойынша колледжде білім алып, үздік студент атанады.

«Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түстім. Онда парсы және ағылшын тілін үйрендім. Студент жылдары да түнгі уақытта күзетші, даяшы болып жұмыс істедім. Маған күзетшінің қызметі ұнайтын.  Себебі, тіл үйренуге, кітап оқуға уақыт болатын. 3-курста Тегеран қаласында оқыдым. Бір жылдан соң елге оралып, жоғары оқу орнын бітірдім. Шетелде тұрып, біраз өмірлік тәжірибе жинағым келді. Сөйтіп, АҚШ-қа аттандым», — дейді Еркебұлан.

Мұхиттың арғы жағындағы жаңа өмір

Ол өзге елге барған соң қатты қиналған. Себебі, Қазақстанда ағылшын тілін оқығанымен, америкалық диалектіні түсінуге біраз уақыт қажет болған.

«2008 жылы жаһандық дағдарыс кезінде Нью-Йорк қаласына келдім. Жұмыс табу өте қиын болды. Ағылшын тілін жақсы білмегендіктен, әрі заңнан хабарым аз болғаннан соң біраз қиналдым. Сондықтан америкалық ағылшын тілін үйренуге тура келді. Мұнда Қазақстандағыдай «аға-көке» деп, тамыр-таныстыққа жол берілмейді. Сондықтан барлық жұмысты өзің істеуге тура келді. Бұл қиындықтар өмірге деген құлшынысымды оятты», — дейді ол.

Бүгінде Еркебұлан Кәкімбеков – Нью-Йоркте кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істейді. Америкалықтарға үй сатуға, сатып алуға көмектеседі. Ол 2014 жылы АҚШ-та заңды түрде тұрып, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін green card (United States Permanent Resident Card) жеке куәлігін алыпты.

«Туризм саласында да кәсібім бар. Нақтырақ айтсам, қалаға келген қонақтарды pedicab-пен (моторы бар велосипед) шаһарды аралатамын. Pedicab – үш дөңгелегі бар велосипед. Менде осындай 15 велосипед бар. Әрине, АҚШ-та бизнес жүргізу оңай емес. Бәсекелестік жоғары, шығын да бар. Бірақ аянбай еңбек етсең, тұрмысыңды жақсартуға мүмкіндік бар», — дейді бизнесмен.

Оның айтуынша, Нью-Йорк АҚШ-тың өзге қалаларына мүлдем ұқсамайды, ол – әлемнің астанасы сияқты.

Тағы оқыңыз: Америкалыққа тұрмысқа шыққан қазақ қызының әңгімесі

АҚШ-та ағылшын тілін білмей өмір сүретіндер де бар

Сондай-ақ қазақ кәсіпкері АҚШ-тың ірі қалаларында, әсіресе, Нью-Йоркте 10-15 жыл тұрса да, ағылшын тілін білмейтін тұрғындар бар екенін айтты. Олар өз аудандарынан шықпайды екен.

«Бруклинде 4-5 орыстілді аудан бар. Ондағы адамдар орыс тілінде сөйлейтіндіктен, ағылшын тілін үйренбейді. Мысалы, Латын Америка халықтарының, арабтардың, гректердің, қытайлардың және тағы басқа ұлттардың өз аудандары бар. Сондықтан АҚШ-қа «тіл үйренемін» деп келсеңіз, шағын қалаларға барыңыз», — дейді ол.

Нью-Йоркке келем десеңіз…

Сонымен қатар кәсіпкері соңғы жылдары қазақ жастарының АҚШ-қа көптеп келе бастағанын байқапты. Еркебұлан олардың өзге елге қандай мақсатпен келгенін айтқан жоқ. Оны тек жат мемлекеттегі қазақтардың бір-біріне деген суық көзқарасы қынжылтады екен.

«Соңғы 2-3 жылда Қазақстаннан Нью-Йоркке келіп жатқан жастардың саны артқанын байқадым. 2008 жылы бұл қалада қазақстандықтар аз болатын, бір-бірімізді көрсек қуанып қалатынбыз. Қазір мұндағы қазақ жастары оған қуанбайды, әрі таныспай жаныңнан өтіп кетеді. АҚШ-тағы өмір кинодағыдай емес. Соны түсінген абзал. Ең маңыздысы, бұл мемлекетке «розовые очки»-мен келмеңіз. АҚШ туралы көбірек оқыңыз, заңымен танысыңыз. Мұнда келе салып, «миллионер боламын» деп ойламаңыз, қиындықтарға дайын болыңыз», — дейді Еркебұлан Кәкімбеков.

Әңгіме барысында Еркебұлан туған жерін сағынып жүргенін, Арқалық қаласында соңғы рет 2017 жылдың тамызында болғанын айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан билігінің ауысуына қатысты жеке пікірін білдірді.

«Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті 30 жыл басқарды, елімізді дамытуға бар күшін салды. Елбасымыз еңбегінің жемісін көрсе деген ниеттемін. Астананың атауын Нұр-Сұлтанға ауыстыру асығыс шешіп деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім. Бірақ ең маңыздысы –  еліміздің тыныштығы. Сондықтан халқымыз аман болып, мемлекетіміз дами берсін», — деп түйіндеді сөзін АҚШ-тағы қазақ кәсіпкері.



sputniknews.kz