«Жанын алғандай қатты шыңғырды»: Ақтөбеде келіншек жеке клинкада емделіп жатып көз жұмды — Қазақстан жаңалықтары

0

Ақтөбеде 20 жастағы келіншек жеке клинкада емделіп жатып көз жұмды. Жақындары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Өйткені екпе салғаннан кейін Гүлдана Нұрмағамбетова өзін ауыр сезінген. Жанында болған күйеуі соңғы рет оның жанұшыра шыңғырған даусын ғана естіп қалғанын айтты. 

Өксігін баса алмаған Айболат Нұрмағамбетов жан жарынан айырылып қалғанына әлі сене алар емес. Гүлданамен отау құрғандарына небәрі 1,5 жыл болыпты. Жас жұбайлар тезірек үбірлі-шүбірлі болуды армандаған. Сол үшін қаладағы ең мақтаулы жеке клиникаға қаралуды жөн көріпті. Келіншегі 8 ай бойы сол медициналық орталықтан ем алып жүрген. Сол күнгі процедураға екеуі бірге барыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.

«Жатыр мойнын тазарту процедурасы болатын кезде жамбасына ине салды. Бірақ бізбен ақылдасқан жоқ. Аллергиясы бар-жоғын сұраған жоқ. Жамбасынан ине салғаннан кейін жарты сағаттай ақсаңдап жүрді. Қатты шыңғырғанда, аянышты болып кетті, жан алған сияқты. Талып қалғанда құлағанын естідім, бірақ кіргізген жоқ», — дейді марқұмның күйеуі Айболат Нұрмағамбетов.

Дәлізде ерсілі-қарсылы жүгіріп кеткен дәрігерлерді көргенде Айболат күдіктене бастағанын айтады. Алайда бәрі бақылауда, келіншегіңіздің жүрегі соғып жатыр деп жұбатыпты. Тек 2 сағат өткен соң барып Гүлдананың өліп кеткенін естіртті, дейді. Медициналық орталықтағылар болса, дәрінің кесірінен болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бірақ тоқетерін тексеру нәтижесінен кейін айтамыз деп отыр.

«Пациентте алған екпенің кесірінен анафилактикалық шок болуы мүмкін. Аяқ астынан қайтыс болды. Келіншек бізге бұрыннан тексеріліп жүрген адам. Бұрын-соңды аллергиялық реакциясы барын байқамадық. Ал екпеге келсек, салмас бұрын сынама жасау міндетті емес. Тексеріс аяқталмай, басқа ештеңе айта алмаймын», — дейді медициналық орталықтың басшысы Әлия Шаңғараева.

Колледжде оқитын Гүлдананың арманы көп еді, дейді жолдасы. Енді әділдікке жету үшін, кінәлілер анықталғанша күресемін деп отыр.

«Ақша беріп, істі жауып тастамасын. Бәрі әділ болғанын қалаймыз. Мына сараптама өткеннен кейін, Нұр-Сұлтан қаласында қайта сараптама жасалсын. Жауапты адамдар қылмыстық жауаптылыққа тартылып, жазасын алсын!» — дейді марқұмның күйеуі.

Марқұм ем қабылдаған медциналық орталық әдеттегідей пацинеттерді қабылдап жатыр. Айболат Нұрмағамбетов сот-медициналық сараптаманың қорытындысын алғаннан кейін, полиция департаментіне арызданбақшы.

Жеке медициналық орталықта 20-жастағы келіншектің өлімінен кейін жан-жақты тексерулер басталған. Ішкі істер органдары мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы оның өліміне не себеп болғанын, кінәлілерді анықтамақшы.

stan.kz