Жанымыз да, қанымыз да таза халықпыз

0

Еліміз, халқымыз әлемдік өрке­ниетке қандай үлес қосты, басқалар бізге қалай қарайды, кездейсоқ көптің біріміз бе, жоқ, тарихта өзіміздің орнымыз бар ма деген сұрақтар кес-кестейді. Бұл сұрақтарды бұрын да есті­генбіз, бірақ ол басқаша естілген. Жауап та басқалау болған. «Ұлы дала­ның жеті қырын» оқығаннан кейін басқаша зерделейсің.

Қасиетті жылқы малын қолға үйрету адамзат тарихында үлкен бетбұрыс жасаған, шаруашылықта және әскери салада теңдессіз төңкеріске жол ашқан жаңалық болыпты. Және ол Қазақ­стан жерінде болған, біздің бабаларымыз жүзеге асырған. Бұл – әлемдік өрке­ниетке қосылған ұлы үлес.

Жер жүзіне тараған тіл үйіретін алма­ның да, көздің жауын алар қызғал­дақтың да отаны біздің еліміз. Осының бәрін біліп, басқалардың біздің елге көзқарасы өзгере ме? Өзгереді. Ал сонда өзіңді мақ­таныш сезімі баурайды.

Жанымызды жарып шыққан мәде­ниетіміз, өнеріміз бар, қанымыздың тазалығынан қалыптасқан, уақыттың сынынан өткен өміршең салт-дәстүріміз бар. Соның талайы әлемдік өркениеттен ойып тұрып өз орнын алар еді. Тіпті, сол өркениетке ықпал да жасар еді деп ойлайсың. Айталық өнерге қатысты күйлерімізді алайықшы. Өнердің мұндай классикалық түрі көп халықта жоқ. Бес мың күйімізді (марқұм Ақселеу Сей­дімбектің есебінше) жинақтап, әлем­дік өркениет қорына қоссақ, ол әлемдік қазынаға айналар еді…

Бұл – өнерге қатысты бір мысал. Ал салт-дәстүрімізге қатысты бір жайды айту үшін, алдымен халықаралық дең­гейде сөз болып жатқан бір пробле­маға тоқталғанды жөн санап отырмын. Мен өзім ұзақ жылғы журналистік қыз­метімде сол халықаралық мәселеге көбірек қалам тартқан адаммын. Сол мәселелерге қазір де назар аударып жүремін. Соңғы біраз жылдан бері Тәжікстанда туыс адамдардың некелесу мәселесі қатты сөз болып жүр. Талай рет парламенттерінде қаралып, үлкен дау туды. Жақын туыстардың некелесуіне тыйым салуды біреулері талап етсе, екіншілері бұл дәстүрімізде бар деп, оған қарсы шықты. Сөйтсе де парламент туыстардың некелесуіне тыйым салған шешім қабылдады. Дәстүрді бұзу қиын. Сондықтан бұл шешімді жүзеге асыру да оңай болмас. Жақында сол ел президенті Эмомали Рахмон бұл мәселеге қайта оралып, біраз фактілерді алға тос­ты. Елдегі мүгедек (көбіне кемақыл) балалардың 60 пайызы туыстық некелесте болған отбасында кездеседі екен. Президенттің айтуынша, мұндай отбасындағы сәбилердің біразы туа салып шетінесе, тірі қалған біразының өмірі кейін азаппен өтеді.

Мұндай қиын проблема көптеген елде бар. Шығыс дейік, Батыс дейік, Күнгей мен Теріскейде де туыстық некелерден зардап шегіп жатқандар жетерлік. Бұл дәстүр дін де таңдамайды: ондайлар мұсылмандарда да, христиан­дарда да, басқа діндегілерде де бар. Ондайда зардап шекпейтін бір халық бар, ол – қазақ. Біздің салт-дәстүріміз оған жол бермейді. Жеті атаға дейін қыз алысуға рұқсат жоқ. Оны бұзғандар қатаң жазаланады. Халықтың өзі жазалайды. Мұны аз десек, Тәуке ханның «Жеті жарғысында» ондайларға өлім жазасы белгіленген. Халқымыздың осынау дәстүрін басқалар мойындап, өздерінде дәстүрге айналдырса, қаншама халық біраз қасіреттен құтылар еді-ау дейсің. Басқаларды айтпағанда, ауылдары алыс емес, тәжік ағайындарға, олардың пре­зиденті Э.Рахмон: «Өзімізге көрші анау қазақ ағайындар туыс адамдардың некелесуіне рұқсат бермейді, неге солардай болмайсыз?!» – десе, оның сөзі өтімді болмас па еді. Мұндай мәселе әзер­­байжан, өзбек ағайындарда да бар. Олар да біздің дәстүрімізге үңілсе, ұрпақ­­тары­­ның тағдырын ойлағандығы болар еді.

Осынау дәстүріміздің құндылығын ғылым, ғалымдар мойындап отыр. Қан тазалығы, генофонд сақталмаса, адамдар генетикалық мутацияға ұшырайды екен. Ол бұқаралық сипат алып, ұзаққа созылған жағдайда бір халықтың жойылып кету қаупі де бар көрінеді. Бұрынғы уақытты айтпағанда, қазіргі кезде жақын адамдардың бір-біріне үйленуі салдарынан олардың әулеттерінде кемақыл балалардың тууы жиі кездеседі. Бұған мысалдар көп. Тіпті Ресей монархиясы әулетінде жай қара халықпен қан аралас­тырмау үшін өз жақындарына үйленуі салдарынан кемтар балалардың туғаны белгілі. Бұл біраз елдер үшін проблемаға айналып отыр.

ҰҒА академигі, медицина ғылым­дарының докторы, профессор Талғат Момыновтың айтуынша, халықтың генефонды қаншалықты әртүрлі болса, олардың қаны да соншалықты таза болатын көрінеді. Яғни, жақынмен емес, қанның алыстау адамдармен араласқаны жөн. Генетиктердің деректеріне қараған­да, қазақтардың «генетикалық әртүр­лілік коэффиценті» 0,96 мөлшерінде болса, еуропалықтардыкі 0,6 мөлшерінде екен. Мұны ғалым олардың немере туыстарына үйлене беретіндерінен болуы мүмкін деп жорамалдайды. Ал бұл дерт жаппай етек алып отырған елдерде сол коэффицент өлшемі тіптен төмен жағдайда.

Соңғы кездегі зерттеулер де бұған көз жеткізіп отыр. Басын ашып айтатын бір жайт: жақындармен үйленгендердің бәрінің ұрпағы ауруға ұшырай­ды деген нақты тұжырым жоқ, әңгіме қауіптің үлкендігі туралы, олардың арасында аурудың жиі кездесетіні туралы. Молекулярлық медициналық орталықтың дәрігері Әлфия Байысбекова мынадай деректі алға тартады: немерелес туыстардың үйленуінен рецессивтік сырқатқа ұшырау қаупі 4,7 пайыз, ал өлімге ұшырау қаупі 7,8 пайыз екен. Үшінші атадан кейін некелескендерде бұл көрсеткіш рецессивтік ауру бойынша 1,125 пайыз да, өлім бойынша 1,9 пайызға төмендеген. Төртінші атадан кейін бұл көрсеткіштер тиісінше 0,6 және 0,9 пайыз болған. Бұдан шы­ғатын қорытынды – жақындарына үйлен­бегендерде мұндай ауруларға ұшырау өте сирек, тіпті жоққа тән.

Ғылым тілінде туыс адамдардың некелесуі инбридинг деп аталады. Сол қасиетсіздеу дәстүр көптеген елде проблемаға айналғанын айтқанда, олар біздің елімізде оған жол бермейтін қасиетті дәстүр-салтымыздың барлығын білсе, одан өнеге алса, сол жаманаттан құтылуға жол табар ма еді дейсің ғой.

Сол қасиетсіз инбридинг дәстүрі қалай пайда болған? Әртүрлі пікір айтылады. Айталық тау қойнауларында өмір сүретін тәжіктердің бір әулеті жеке ауыл болып отырады да, олар қыздарын жат жерге жібергісі келмейді екен. Сонымен қатар, ол дәулетті отбасынан болса, қыз жасауына арналған дүниенің де сыртқа кетпегенін қалайды екен. Тіпті сол қыздарының сырт жақта жапа шегер деп те ойласа керек. Мұндай пікірлер өзімізге жақын таныс әзербайжан, өзбек ағайындар арасында да айтылады.

Жақын адамдардың некелесуі арабтарда бұрыннан бар. Оның да себептері ретінде тұрмыстық әдет-ғұрыптары алға тартады. Топ-топ болып шөлді аймақта өмір сүрген бедуиндер қыздарын басқа топқа тастап кетпейді. Оның үстіне, сол топтардың бір-бірімен қарым-қатынасы ынтымақты бола қой­мағанға ұқсайды. Әркез жер үшін, құдық үшін шарпысып жатқаны да белгілі. Мұндай жағдайда топтардың бір-біріне қыз беріп, қыз алысып жатуы қиындау. Содан да инбридинг дәстүрін оларға тұрмыс таңғандай көрінеді. Тіпті оларда ағайындар арасында қызыңды балама бермедің, әйтпесе балаң менің қызымды алмады деп өкпе айтуы да кездеседі екен. Сондай қасиетсіздеу дәстүрдің қалыптасуынан ұрпақтары зардап шегіп жатады.

Басқалар осылайша ұрпақ өміріне қауіпті дәстүрге ұшырап жатқанда, біздің бабаларымыз генетика талаптарын қалай білген және оны қалайша оны қатаң ұстанған деп таңданасың. Біздің ата-бабаларымыз да Ұлы даламызда ру-ру болып, көшіп-қонып өмір сүрді. Бірақ олар басқалардың қателіктерін қайталаған жоқ. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін қатаң ұстанды. Бұған олар қалай жетті? Бұл сұраққа ғалымдардың өзі дәл жауап айта алмайды, тек болжамдарын алға тосады. Академик Т.Момыновтың кейде осынау біліктілік халқымызға ғарыштан келген шығар деп ойлайтыным да бар деп жазғанын оқығанбыз. Сөйтсе де ғалымдардың көпшілігі оны қоршаған орта, табиғат, өмірдің өзі үйреткен дегенге тоқтайды. Бірақ басқалар да сол табиғаттың ортасында өмір сүрді емес пе. Неге одан біздің ата-бабаларымыз ғана тәлім алды деген сұрақ тағы алдан орағытады.

Әрине, табиғаттан үйренетін, тәлім алатын нәрсе көп. Тек соған сай зерде керек. Ол біздің ата-бабаларымызда болған деп мақтансақ, жарар. Жан-жануарларды бақылағанда, олардың өмірінен селекция процесін аңғаруға болады екен. Жақын туысты малдардың шағылысуынан жақсы ұрпақ өспейтіні аңғарылған. Басқасын былай қойғанда өзіміз айрықша қасиетті санайтын жыл­қы малында айғырдың енесіне шаппайтыны бар емес пе? Сол табиғаттың басқа да ерекшеліктерін көріп, ата-бабаларымыз туыстығы жақын жан-жануардың ұрпағы әлсіз болатынын ұққан шығар. Ұғып қана қоймай, өмірлік заңға да айналдырған шығар.

Халқымыздың қан тазалығына жет­кізген жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі талабының негізінде халқы­мыздың жан тазалығы да жатқандай көрінеді де тұрады. Адам баласы арасында, жартылай жабайыларды есепке алмай, көпшілігінде дейікші, интимдік қарым-қатынас құпия болған, ашық-шашық жүрмеген, киімге тапшылық кезінде де әуретін жабу парыз саналған. Жалпы, адам баласы әртүрлі даму жолдарынан өтсе де, біздің даламызда ортақ әйел, бейәдеп жыныстық қарым-қатынас болмағанға ұқсайды. Оған мәдени-әдеби мұраларымыз куәлік етеді. Сол мұраларымызда мұндай әдепсіз әдеттер кездеспейді. Мұның есесіне сырттан келген мифтер, аңыз-ертегі, әпсаналарда, әсіресе бай-патшалар­дың отбасында жақындардың бір-бірі­не интимдік қарым-қатынаста болуы, тіпті баласының анасына үйленуі, атасының келіндеріне көз салуы сияқты сорақылықтар да кездесіп жатады. Таза өнер десек те, Батыс суретшілерінің адамдарды жалаңаш бейнелеуі де бізге оғаш көрінген. Дала өмірінде туыс адамдар бір-бірімен қарым-қатынаста үлкен әдептілік сақтаған. Тіпті ойын-сауық кездерінде де туыс адамдар бір-біріне анайы әзіл-оспақтар айтпаған. Жалпы далалықтар, әсіресе рулық си­пат­тағы қауымдастықтар туыстық қарым-қаты­насқа айрықша мән берген. Өздерін бір мақсаттағы топ санап, бір отбасының мүшелеріндей сезінген. Сірә, осындай сана-сезім туыс адамдардың некелесуіне жол бермеген. Келе-келе ол мызғымас салт-дәстүрге, заңдылыққа айналған.

Қалай десек те, біздің Ұлы даламызда ғылым құптайтын, ғалымдарды таңдандырып отырған жақын туыс адамдардың некелесуіне жол бермейтін жеті атаға дейін қыз алыспауды талап ететін дәстүр бар. Бұл дәстүр ұрпақ­­тарымызды біраз кесапат аурудан сақтап келеді. Сол дәстүріміз басқа­лар­дың да игілігіне айналар болса, ол хал­қымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесі болмай ма? Сөзсіз. Бұл үшін мұны басқалар білуі керек. Әркез осындай ой бізді мазалайды.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дейміз. Кейбір жетесіздердің әйтеуір ескіге топырақ шашуды мақсат тұтып, сол қасиетіңді де күстаналайтыны бар. Бір ақпарат құралдары иелерінің оларға орын беретіні өкінішті-ақ. Ақпарат­тық порталдың бірінде туыстық некелі болған біреулер «Қашанғы жеті атаға жабысып отыра береміз», «Қазақ мұны қайдан тауып алған?» деп ұлтымызды кінәлағысы келеді. Бұлардың ғылымда, адами тазалықта шаруалары жоқ. Бір елдердің сол жақын туыстардың үйленуінен қалай құтылудың жолын іздеп, оны мемлекеттік мәселе деңгейіне көтеріп жатқанын да білмейді.

Біз басқалар сияқты жақын туыстар­дың некелесуінен туындайтын қасіреттен зардап шегіп жатқан жоқпыз. Бұдан бізді Ұлы даланы мекендеген ата-бабаларымыз арашалап кеткен. Игілігін көріп жатырмыз. Көріп қана қоймай, оны қастерлеп ұстау жауапкершілігі де бізге жүк­телген. Ал бұл дәстүріміз басқа­лар­дың да игілігіне айналар болса, оны мақтан тұтуға да қақылымыз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласын оқығанда, халқымыздың көп құндылығы көңілге оралады. Соның бірінің төңірегінде ой қозғадық. Қорыта айтқанда, бізге ар­тықтың керегі жоқ, барымызды баға­ла­сақ, сол жетеді.

Мамадияр ЖАҚЫП,

Қазақстанның құрметті журналисі

Дереккөз: http://egemen.kz/