«Жанымнан артық сүйемін»: Жұлдыздар сүйіктілеріне сезімін қалай білдіреді? — Қазақстан жаңалықтары

0

Бүгін, 15 наурыз, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні. Осы айтулы мерекеге орай отандық жұлдыздар махаббат сезімін қалай түсінетінін  Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді. 

Отандық жұлдыздар сүйгендеріне сезімдерін қалай білдіреді?

Ғашықтар күні елімізде жыл сайын 15 сәуірде аталып өтеді. Мәңгілік махаббаттың символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін атап өтуді алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған болатын. Мерекеде бірін-бірі сүйген екі ғашық сыйлықтар беріп қуантып жатады. 

Өмірде өз сүйгеніңді сүрінбей, жаңылмай табу ең маңызды дүние. Сүйген жарын таңдаудан қателеспеген отандық жұлдыздарымыз махаббат жайлы не ойлайтындарын, қалай түсінетіндерін жеткізді.

«Маxаббат азбас байлық, тозбас қазына дер едім. Маxаббатты үш санатқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі: бала маxаббат — бұл кезде жүрегіңе бүкіл әлем сиып кететін боласың. Жүрегің алабұртып соны іздейсің, көруге зар боласың. Бір сөзбен айтқанда балалық маxаббат ұйқыдан тұрған жүректегі жеңілдік, пәктік.

Екінші: шала маxаббат — майшам тәрізді лаулап жанады да уақыты келгенде өшеді.

Үшінші: шынайы маxаббат — адам жүрегі өз шынайы маxаббатын кездестіргенде лүпілі жиілеп, соған қарай «сенің маxаббатың сол» дегендей жетелейді де тұрады. Сен емес жүрегің онымен кездесуге ұмтылады екен. Ұнатасың, ғашық боласың.

Шынайы маxаббатты қаласаң да, қаламасаң да өшпейді. Уақыттың да, адамның да қолында емес екен.Тек Алланың қалауымен болатын нәрсе», — дейді танымал әнші, МузАРТ тобының солисті Кенжебек Жанәбілов. Шын махаббатын тапқан әнші, балаларының анасын шын сүйетінін, жарына риза екенін айтты. 

«Мен қазір жарымды жанымнан артық сүйемін. Себебі, ол Алланың маған берген сыйы, маңдайыма шыр етіп келгенде жазылған тағдырым», — деп адал жарына деген сезімін жеткізді. 

Отандық жұлдыздар сүйгендеріне сезімдерін қалай білдіреді?

«Махаббат дегеніміз — бір-бірін жақсы көру, ұнату, сыйлау, құрметтеу. Махаббаттың түр-түрі болады десек, қыз бен жігіт арасындағы махаббат сезімдерін шынайы білдірсе, алдамай өмір сүрсе, бір-біріне таза, әділ, адал болса, нағыз махаббат деп  соны айтуға болады», — деп ой түйеді танымал әнші Асхат Тарғын. Өзінің жарына деген сезімін күнделікті жеткізіп отыратын әнші әйелімді жиі мақтаймын дейді. 

«Мен жақсы көретінімді күнделікті жеткізіп отырамын. Тамақ істесе «мына тамағың жақсы шығыпты» деп күніне қанша тамақ жасаса, сонша рет айта беремін. Дәмсіз болса да, бүгінгі тамағың кешегіден жақсы шығыпты деп оның еңбегін бағалап отырамын. Мақтап отырамын. Киім алса, «ой, керемет, жарасып тұр» деп айту арқылы жақсы көретінімді білдіремін», — дейді әнші. 

Отандық жұлдыздар сүйгендеріне сезімдерін қалай білдіреді?

Эстрадамыздағы ғашықтар символына айналған Жанболат пен Жазираны шынайы махаббаттың бір көрінісі деп біледі көрермен. Мызғымас отбасыдағы махаббат жайлы сұрағанымыз да Жанболат мырза былай деп жауап берді:

«Маxаббат деген Алла тағала адам баласының жан дүниесіне сый еткен ұлы сезім. Жер бетіндегі барлық тірі тіршілікке Алланың берген сыйы. Маxаббат сезімін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Д.Уилдмон деген данышпан айтқандай,  «маxаббат — саңырау еститін, соқыр көретін қасиет» деген екен. Ал ұлы данышпанымыз Абай атамыз «маxаббатсыз — дүние бос», — деп бекер айтпаса керек». 

«Махаббат деген өмірде бір рет болады дегенге келіспеймін. Маxаббат мәңгі. Кейде жаңарып тұрады, белгілі себептермен. Табиғаттың заңы ғой», — деп қысқа қайырды Ербатыров.  Жарына деген ыстық сезімін «күнделікті құшақтап, сипап, иіскеп, бетінен сүйіп  еркелетіп тұрамын», — деп бөлісті Жанболат Ербатыров

stan.kz