«Жаным апатай. Көңілім босап кетті». Мейрамбек Бесбаев өзіне сәлем айтқан әжені іздеп жатыр (видео)

0
20605
Коллаж: Stan.kz

Мейрамбек Бесбаев өзіне сәлем айтқан әжейді іздеп жатыр. Қызылорда облысынан сәлем жолдап, әншінің амандығыны тілеген әжей көпшіліктің жүрегін елжіретті. Бұл видео Бесбаевтың назарынан тыс қалмапты. Әнші шын өмірде әжеймен сөйлесуге бекініп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде Мейрамбек Бесбаевтың тілеуін тілеен қызылордалық әжейдің видеосы кең тарады. Бұл Бесбаевтың қолына жетті. Әжейге мың алғысын айтқан әнші видео байланыс арқылы сөйлесуге бекініп отыр.

«Жаным апатай, сіздің сәлеміңізді әлеуметтік желі арқылы көрдім. Ақ жүрекпен айтылған аппақ тілегіңізге мың алғыс. Жанымды елжіретіп, көңілді тербетіп жібердіңіз. Аллаға шүкір, қолыма домбыра алып ел алдына шыққалы бері, кимешегі кірлемеген осындай аналарымның ақ батасын алып келемін. Ата-апаларымның ақ батасы көңілге медеу, жаныма демеу болып келеді.

Видеоны көріп отырып, бауырына салып еркелетіп алатын өз әжем есіме түсіп, көңілім босады. Ұрпағыңыздың рахатын көріңіз, апа. Мен болып сөйлесіп, көңіліңізді көтеріп отырған немерелеріңіздің әзілі қандай жарасымды. Айналайын аталарым, әжелерім, апаларым! Мен сіздерді өз ата-анамдай жақсы көремін. Алладан амандықтарыңызды тіледім. Ыңғайы келсе осы апамның нөмірін тауып берсеңіздер жақсы болатын еді. Видеозвонокпен хабарласамын», – деді Бесбаев парақшасында. 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от (@m_besbaev)

«Қандай керемет. Жаным әжем аман болыңыз», деп жазды Ернар Айдар.

«Ел алтын қазыналары  аман болсын», – деп жазды Толқын Забирова. 

«Апамның да, сіздің де өмірлеріңіз ұзақ болсын», – деп жазды Мадияр Серікбаев. 

«Айналдым тілеулес болған апамнан», – деп продюсер Ерғали Әбдірайымов. 

Желі қолданушылары да әжейге ұзақ өмір тілеп, алғысын айтып жатыр.

Айта кетейік, Мейрамбек Бесбаев коронавирус жұқтырып, ауруханадан бір-ақ шықты. Аурухананың жансақтау бөлімінде емделіп, жағдайы тәуір болды. Қазақтың сүйікті әншісінің денсаулығы көпшілікті алаңдатты. Күні кеше үйіне шыққан Бесбаев дәрігерлер мен өзіне тілеулес болған ағайынға алғысын айтты.