Жанұзақ Әкім: Абай қара сөздерінде қазақты жер қылған
Белгілі ғалым Жанұзақ Әкім әлеуметтік желідегі парақшасында мазмұны қызықтау жазба қалдырды. «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» дейді Асқар Сүлейменов. Абайдың бар жазғаны 1 том (50-60 өлең және сонша қарасөз (Гете 146 том жазған). Оның 10-нан астамында қазақты кемсіту. Сол үшін коммунисттер оны 70 жыл бойы ұлттық идеологияны негізгі етіп алды. Коммунистік идеологияның негізі болған Абай азат Қазақстанға қалай рухани көсем болады?! Жалпы Абайда елім, жерім… ұлт азаттық үшін курес туралы ештеңе көрмедім. Яғни, ол арқылы ұлттың рухын көтеру мүмкін емес?!» деген.
NEGE тілшісі көптің көкейінде екіұшты ой тудырған жазбаға байланысты ғалымның өзінен сұрап көрді.
– Әлеуметтік желіде Абайды «жерден алып, жерге салып» жатыр екенсіз. «Атын шығармақ болғандар Абайға шабады» десе, енді бірі «Өлілерді мазалап қайтесіз. Сын айтқыш болсаңыз, тірілірге айтыңыз» деп жатыр.Бұлай жазуыңызға не түрткі болды?
– Біздің қазақ бір мақтаса, асырып жібереді. Пәлен жыл өтсе де, Абай орыс тіліне шала аударылды. Мысалы, Мәскеуге ескерткіш қойды. Енді «Абайды білесің бе?» деп сауалнама жүргізсе, ешкім білмейді. Себебі, біз Абайды шетел тұрмақ, орыс тіліне дұрыстап аударған да жоқпыз, жеткізген де жоқпыз.
–Біз Абайдың шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылған дейміз ғой…
– Айтуын айтамыз ғой. Бірақ қай тілдерге аударылды? Ағылшын, француз, тағы басқа тілдерге аударылуы мүмкін, бірақ аударылуы мен оқылуы екі бөлек.
– Сіз олардың қаншалықты оқып жатқанын білмейсіз ғой. Солай емес пе?
– Иә, оны ешкім біліп жатқан жоқ. Мен де, басқасы да. Бізде дұрыс аударылғаны М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы. Әбдіжәміл Нұрпейісов ақсақал «Қан мен терді» 40 жыл дегенде үш-төрт тілге аударды. Дипломат Мәди Тұяқбаев М.Мақатаев пен Қ.Аманжоловтың өлеңін француз тіліне аударды. Ал Абайдың шығармалары әлемнің отыз тіліне аударылған ба, жоқ па, кітапханаға барып, зерттеуге болады. Оның бәрі жалған. Біз өтірік айтамыз.
– Неге?
– Себебі, білемін. 2014 жылы Марат Тажин мемлекеттік хатшы болып тұрған кезде арнайы кіріп, «Қазақтың он ақын, жазушысының шығармасын аударайық» деп айттым. Ол тұрмақ, Абайдың шығармасы әлі аударылмаған. Біз әлі аңыз, мифпен өмір сүріп жүрміз.
– Сіз бірақ жазбаңызда Абайды басқа қырынан жазған сияқтысыз. Яғни, «Абайдың қара сөзін НКВД жазды. Тарының дәні мен кебегін айыра алмайтын соқыр тауық кейбір қазаққа бәрі жем болуда. Қазақтың есі қашан кіреді?!» депсіз…
– Бәрі кеңестік идеология. Маған ұнамайтыны – қара сөздерінде қазақты жер қылатын тұстары. 2020 жылы шенеуніктер Абайдың қара сөзін оқудан челлендж өткізді. Меніңше, бұл қазақты жамандау үшін жоғарыдан берілген тапсырма.
Сол кезде министр болған Біртанов «Қазақ еңбек етудің орнына жатып алып ауырғанды жақсы көреді» деді. Сосын мемлекеттік хатшы болған Қырымбек Көшербаев «Қазақ еңбек етуден гөрі кезбелік пен қаңғыруды жақсы көреді» деген. Осылай бес-алтауы жарысып қарасөздегі үзінділерді келтірді. Көрдіңіз бе, қазақты жамандау үшін өзіміз Абайды пайдаланып тұрмыз ғой.
Ұлылық, даналық категориясы бір бөлек, мысалы «дүниежүзіндегі ұлылар» деген 700 адамның тізімі жасалды. Оның ішінде қазақтан енген ешкім жоқ. Әл-Фараби де, Абай да, Әуезов те жоқ. Яғни, оларды әлемге таныту үшін құр айқай емес, жұмыс істеу керек. Біз тек өз ішімізде бағалаймыз, бірақ сыртқа шығармаймыз.
– Абай өз заманында қазақтың кемшілігін осылай бетке басып, қамшылап отырған сияқты ғой.
– Мәселе, онда емес. Аралас және орыс мектептеріне арналған оқулықтағы Абайдың қара сөзінің орысшаға қалай аударылғанын окып, аудиосын тыңдасаңыз түсінесіз. Қазақты жексұрын қылып көрсету үшін одан артық ештеңенің керегі жоқ. Мысалы, Абай 2-ші қара сөзінде «қазақтың моралдық деңгейі орыстың мұжығынан төмен» дейді. Ол не деген сөз? Қазақтың моралдық деңгейі түрмеде отырған орыстың мұжығынан төмен болған жоқ. Ал Абайдың бір жарым жасында ауылында болған, бүкіл қазақ даласын, Жетісуды жеті ай аралаған Еуропа, поляк әдебиетін зерттеуші Адольф Янушкевич:
«Қазақтарды жақсы білемін. Қазақтың моралдық деңгейі поляктардан жоғары» дейді. Ол кезде поляктан Коперник, Шумен, Мицкевич деген мықты ғалымдар шыққан еді. Мен Абайдан гөрі Янушкевичке сенемін. Абай арасында Семейге барғаны болмаса, Жидебайдан алыс ешқайда шыққан жоқ.
Ал Янушкевич Польшадан шығып, бүкіл Ресей, Қазақстанды аралап, әлемнің біраз жерін шарлаған адам. Ол поляк әдебиетінің классигі. Сондықтан мен Янушкевичке сенемін. Бұл менің жеке пікірім.
26-ші қара сөзі «Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» деп басталады. 40-шы қара сөзінде «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» деп кете береді. Мен ойлаймын, мұны Абай жазған жоқ. Идеология үшін, қазақты ұлт ретінде жою үшін жасаған. Ашаршылық жылдары 4 млн-дай қазақты қырып салды ғой. Сондықтан сол кездегі саясат идеологиялық тұрғыдан Абайды пайдаланды. Абайдың ең алғашқы шығармалары 1911 жылы шықты. Оның ішінде қара сөз деген жоқ. Мұны тек 1930 жылдары ойлап шығарды. Осыны терең зерттеу керек.
Абайдың орталықтарын, Абайтану деген институттар ашып алды. Оның бәрі Абай арқылы ақша тауып отырған арамтамақтар. Абайдың бар-жоғы 60 өлеңі бар шығар. 60 өлеңді 60 жыл зерттейтіндей не бар? Уақыт өткізіп, күнкөріс қана. Басқа ештеңе жоқ. Әдебиетке тереңірек қарау керек.
1970 жылдары партияның тапсырысымен «Қазақ әдебиеті Абайдан басталады» деп жазғызды. Сонда оған дейін қазақта әдебиет болмады ма? Ол «қазақта әдебиет, тарих, мемлекет, шекара… ештеңе, тіпті қазақтың өзі болмады» деген советтік, одан кейін соңғы 30 жылдағы солақай идеологияның сандырағы. Мәселе Абайда емес, бүгінгі қазақтың санасы мен болашақ ұрпақтың жасампаздығында. Қазір де біреулер «Қазақстанның тарихы 1991 жылдан, яғни Тәуелсіздік алғаннан басталады» деп жүр ғой. Сол сияқты Абай да, қазақ та мәңгүрттендіру саясатының құрбаны. Есіңде ме, елдің жағдайы мәз емес, халықтың тұрмысы нашар 1996 жылы Абайдың 150 жылдығына арнап 1500 үй тікті. Одан бөлек соншалықты мал сойылған шығар. Дарақылық, ысырапшылық неге керек? Жалпы, біз сондай халықпыз.
Жалғыз Абай емес, орысқа қарасаңыз, олар да Пушкинді де қанша басына көтерді. Бірақ ол Гете мен Шекспирден асып кеткен жоқ қой. 1970 жылдарға дейін Ахматова, Блок, Цветаевалар «менің Пушкинім», «ол – данышпан» деп табынды. Бірақ, орыстар сол данышпандарын Лермонтовпен қоса дуэльде атып тастады.
Пушкиннің ұстазы әлемге әйгілі Байронның да тағдыры белгілі. Орыстар, Батыс елдері бір адамды дәріптеу күпірлік, үңгірлік, тобырлық сана екенін түсінді. Біз әлі түсіне алмай келеміз.
– Сонда бізге Абайдың шығармаларын төбемізге көтеріп, насихаттаудың керегі жоқ дейсіз бе?
– Абайды насихаттау керек. Бірақ қара сөздеріндегі қазаққа қарсы кері сөздерді алып тастау қажет. Абайды көтергің келсе, алып таста! Одан Абай кемімейді. Қазір біз Абайды көтереміз деп, қазақты басып отырмыз. Қазақ журналистері осыған анализ жасап көрсін. Отыз жыл бойы Назарбаевты көкке көтеріп, көсем жасадық. «Ол – күн, ол – ай» дедік. Мұндайды алжыған қоғам айтады. Бұл Абайды кері кетіру деген сөз емес. Мен үшін одан Махамбет биік тұрады. Ол ұлт, азаттық үшін күресті.
Ал Абайдың шығармасында ұлт, ел, жер, қазақтың бостандығы туралы бірауыз сөз жоқ. Бізге тәуелсіздік баянды болу үшін рухты дүние керек. Қазір қазақ отбасы доңыз қораға айналып кетті. Отбасында бәрі орысша сөйлейді. Рух, намыс жоқ. Оны көтетерін батырлар жыры, эпостық жырлар. Бергі жағындағы зар заман ақындары рухты көтермейді. Ал отыз жылда рухты түсіріп алдық. Балалардың тілі неге орысша шығады? Рухты көтеретін қай ақын, жазушының шығармасы бар? Өнерде, мәдениетте не бар? Жеке адамға табынатын – тобырдың қоғамы. Ондай қоғам ұлт болып қалыптаса алмайды.
– Абайдың балалық, жастық және толысқан шағына қатысты бірнеше фильм бар. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопея негізінде түсірілген сериал да экранға жол тартты. Көрдіңіз бе?
– Түсірген шығар, бірақ шетелге кинофестивальдерге қатыстырылды ма? Жақсы туынды шығып жатса, қуанамыз. Оларды сыртқа шығарып, көрсету керек. Асанәлі Әшімов «тәуелсіздік алғалы жақсы кино түсірілген жоқ» деген. Оныкі де дұрыс шығар, «Қыз Жібектен» кейін көретін дүние жарық көрмеген болар.