«Жанұя» балаларды асырап алу орталығы жаңа жыл мерекесін өткізді
Үш жыл бұрын қайырымды жандардың бастамасымен Көкшетау қаласында «Жанұя» балаларды асырап алу орталығы ашылған болатын. Балаларға ата-ананың аялы алақанының жылуын сездірген бұл орталықтың мақсаты отбасын табуға көмектесу және толыққанды өмірге бейімдеу.
– Балаларға естен кетпес кеш ұйымдастыруға тырыстық. Себебі, балалар жылына бір-ақ рет келетін Жаңа жыл кешін асыға күтеді. Осындай мерекелік іс-шаралар арқылы балаларды көпшілікке көрсетіп отырсақ, олар өз отбасыларын тауып қалар деген үміттеміз. Әр бала ғажайыпқа толы Жаңа жылда жанында жақындары болғанын армандайды, –дейді «Аналар үйі» қоғамдық бірлестігінің аймақтық өкілі Құралай Жұмабекова.
Иә, балалар жаңа жылда шынымен ғажайыпқа сенеді. Аяз атаға хат жазып, армандарының орындалуын асыға күтеді. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың жаңа жылды жақсы қарсы алуына демеушілер барын салды.
–Ең бастысы, балалардың жүзінен күлкі кетпей, қуанып жүрсе болғаны. Біз сол мақсатта балаларға көптеген сыйлықтар мен тәттілер алып келдік. Барлығы бала қуанышы үшін. Маған өзіме қайырымдылық жасау ісі ұнайды, – дейді жеке кәсіпкер Гүлмира Тасенова.
Мерекелік кешке Шучинск қаласындағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері мен Көкшетау қаласындағы жасөспірімдерді бейімдеу орталығынан асырап алынған балалар қатысты. Таңғажайып мерекелік кешке балалардың да дайындығы ерекше мұқият болды.
Ұйымдастырушылар балаларға арнап «Жаңа жылдық калейдоскоп» атты ойын бағдарламасын ұсынды. Балалар сабын көбіктерінен жасалған шоуды ерекше ұнатып, сайқымазақтармен көңілді ойындар ойнады. Кеш соңында балалар жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы.
Дереккөз: http://egemen.kz/