Жанқош Тұраров қыз зорлады деп айыпталғаннан кейін чемпиондық атағынан айырылады – БАҚ

0

Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров (28-0, 20 КО) жартылай орта салмақтағы IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулынан айырылады. Бұл туралы  Kznews.kz ақпарат агенттігі Vesti.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қыз зорлады деп айыпталған танымал боксшы Жанқош Тұраровты ұзақ уақыт жекпе-жекке шықпағанына байланысты чемпиондық атағынан айырады. IBO ережелеріне сәйкес, чемпиондық титулды қорғау жылына бір рет өткізілуі керек, алайда, қазақстандық боксшының соңғы жекпе-жегіне, чемпион атағын алғанына тура бір жыл толады. Соған орай, спортшы титулынан айырылады.

Айта кетейік, Жанқош Тұраров 28 қыркүйекте Алматыда шаршы алаңға қайта шығуы керек еді, бірақ оның венесуэлалық Хесус Корреа Пинтоға (16-0, 16 КО) қарсы жекпе-жегі өтпей қалды.

Еске салсақ, бұған дейін боксшы Жанқош Тұраровтың қыз зорлады деген күдікке ілінгені туралы жазған едік. Алайда боксшы желідегі парақшасында ақпаратты жоққа шығарды.

Ал Жанқош Тұраров зорлады деп арыз жазған Әнару Құрманәлі есімді ару танымал композитордың қызы болып шықты.

Одан кейін Алматы полиция департаменті боксшыға қатысты қылмыстық іс 2024 жылдың 20 қазанында тоқтатылғанын мәлімдеген еді. Бірақ жәбірленуші Әнару Құрманалиеваның адвокаты Ләззат Ахатова іс қайта қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмыстық істің қысқартылғаны туралы қаулы жарты ай бойы берілмеген.