Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионын «қазақша стильмен» сұлатты
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Винченцо Гуальтьериді нокаутпен жеңді, — деп жазады Kznews.kz Nege.kz сайтына сілтеме жасап.
Отандасымыз германиялық Винченцо Гуальтьериді техникалық нокаутпен жеңіп, орта салмақта WBO және IBF белбеулерін иеленді. 12 раундқа жоспарланған кездесу мерзімінен бұрын 6-раунда аяқталды. АҚШ-тың Розенберг қаласында өткен бокс кешінде 30 жастағы Жәнібек Әлімханұлы алғашқы раундтарда айқын басымдық танытып, қарсыласын дәл соққылармен есеңгіретті. Ал 6-раундта Гуальтери қарсылық таныта алмады, сондықтан төреші жекпе-жекті тоқтатып тастады.
“Бұл – біздің бокс, бұл – “Қазақша стиль”. Осындай стильді тарихта қалдырғымыз келеді”, – деді Әлімханұлы кездесу соңында.
Еске салайық, бұл – Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокстағы 15-жеңісі. Сондай-ақ еліміздің бокс тарихындағы қос белбеуді біріктіруге арналған кездесуде жеңіске жеткен екінші боксшы. Бұған дейін тек Геннадий Головкин екі рет белбеу біріктірген еді.
Фото: nege.kz