Жанды қуыршақ болма, сүмелек болып өмір сүрме, өзіңді қорғай біл

0

 

Жанды қуыршақ болма, сүмелек болып өмір сүрме, өзіңді қорғай біл

ҚАТАЛДЫҚ ПЕН МЕЙІРІМДІЛІК!

Өмір сүру оңай емес. Жер бетіндегі барша жан иесі күн сайын жанталаса, таласа-тармаса күн көреді. Бірін-бірі жеп, бірінікін-бірі тартып алуға тырысқан қым-қуыт өмір. Соның ішінде тамақ тізбегінің «пищевая цепочка» ұшар басына шығып алған, басының аман, тамағының тоқ болғанымен, тоқтай қоймайтын «адам» деген жыртқыш тіршілік иелерінде тойым жоқ екені белгілі.

***

Шексіз байлық пен шексіз билік үшін бірін-бірі басып-жаншып, барыңды тартып алып, мыңдап-миллондап қырып салуға әзір хайуандармыз. Осындай қатал ортада өмір сүруге мәжбүр болғандықтан адамзат бағзы заманнан ұрпағын өзіне-өзі қорған бола алатындай, қиындықтарды жеңіп шыға алатындай қылып тәрбиелеуге тырысады.

***

Қатал табиғат аясында өскен, көшпелі қазақтың ұрпағы сіз бен біз де сондай тәрбие көріп өстік. Менің мінезімде мейірімділіктен көрі, қаталдықтың, кейде тіпті қатыгездіктің молырақ екенін сезетінмін, білетінмін. Бірақ жастай қалыптасып қалған болмысыңмен күресу қиынның қиыны.

***

«Жанды қуыршақ болма, сүмелек болып өмір сүрме, өзіңді қорғай біл» деп баласын жақсы көрген соң, ол мықты болсын деген ниетпен тәрбиелейді ғой әкелер. Мен де балаларымды да, кейін Алпыс күн Аламанға кәсіпкер боламын деп келген шабандоздарды да осылай тәрбиелеуге тырысып бақтым.

***

«Спарта» деген роликті ұнатып, қазақтың жастарын да «Алаш оғландары» деген рух беріп тәрбиелеймін деп шешкен едім. Шегеге тұрғызып, арыстан қылып айқайлатып, Алатаудың шыңдарына шығарып, рухтарын жандыруға тырыстым. Табиғатынан жуастау болып жаратылған, от басында тек мейіріммен тәрбиеленген жандарға бұл тәсілдің кері әсерін беретінін түсініп келе жатырмын.

***

Қайтпас қайсарлықты, таусылмас төзім мен өшпейтін рухты Мейіріммен де беруге, тәрбиелеуге де болады екен. Кәсіп-cпорт пен соғыстың тоғысы екені рас. Кәсіп деген бітпейтін жарыс, талас-тартыс, жан алып, жан беретін күрес.

***

Осы күреске шыдап беретін рухты Мейрімділікпен тәрбиелеуге болады ма?Тек мейірімділікпен ғана тәрбиеленген бала ертең ынжық болып, өз күнін өзі көре алмайтын масылға айналып кетпейді ме? Сіз өзіңіз балаларыңызды қалай тәрбиелейсіз? Қаталсыз ба? Қол астыңыздағы қызметкерлерге ше? Егер балаларыңыз болмаса, сізді ата-анаңыз қалай тәрбиеледі?

Ахметбек Нұрсила

Фейсбуктегі парақшасынан