Жандарбек Бекшин Нұр-Сұлтанда неге маса қаптап кеткенін түсіндірді

0

Елдің бас санитары қаладағы маса аллергия тудырып, адамның мазасын қашыратынын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Жандарбек Бекшин астана күнінен бері қалада неге маса көбейіп кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Нұр-Сұлтанда маса қаптап кетті

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист бас санитар дәрігерге масаға қатысты сұрақ қойды.

«Биыл қалада маса көбейіп кетті. Олармен күрес қалай жүргізіледі, неге көбейіп кетті?», — деді БАҚ өкілі.

Жандарбек Бекшин бұл мәселені ауа райымен байланыстырды.

«Қала күні мерекесі қарсаңында қатты жаңбыр жауды. Бұл масаға қарсы шашқан препараттардың күшін жойды», — деді бас санитар дәрігер.

Ол қаланы масадан тазарту жұмысы қала әкімінің назарында екенін атап өтті.

«Бүгін сағат 10:30-да Нұр-Сұлтан қаласының әкімі аудан әкімдерін жинады. 2016 жылғы қаржыландыру заңы бойынша дезинфекциялық жұмысты денсаулық сақтау министрлігінің бюджетінен емес, жергілікті атқарушы органның бюджетінен қаржыландырылатын болды. Енді әкімдіктер бұл жұмысты өздері ұйымдастырып, өздері бақылайды», — деді Жандарбек Бекшин.

Тағы оқыңыз: Тәжірибелі дәрігер аллергияның қаупі туралы айтты

Оның айтуынша, қаланы масадан тазарту жұмыстары конкурстық негізде жүргізіледі. Осы орайда бас санитар дәрігер кәсіпкерлердің жұмысын күн сайын тексере алмайтынын жеткізді.

Маса ауру тарата ма

«Біздің құрылымдар конкурстық негізде бұл жұмысқа жеке бизнес өкілдерін тартады. Кәсіпкерлік кодексі бойынша біз олардың жұмысын жылына 1-2 рет қана тексере аламыз. Бірақ күн сайын тексерсе де, көп емес. Сондай-ақ, бұл жағдайға ауа райы да әсер етті. Бірақ мұнда басқа препараттарды да пайдалану керек. Яғни ауа райына тәуелді болмас үшін мәселені шешудің басқа әдісін табу қажет», — деді ол.

Сөз соңында Жандарбек Бекшин Нұр-Сұлтандағы маса ауру таратпайтынын атап өтті.

«Біздің қаладағы маса ауру таратпайды. Олар аллергия реакциясын тудырып, адамның мазасын алады», — деп түйіндеді сөзін бас санитарлық дәрігер.



sputniknews.kz