«Жаңбыр адамға» министрлік күдікпен қарайды

0

Ауыл шаруашылығы министрлігі өнертапқыш Алтай Айнабектің жасанды жаңбыр жауғызу технологиясына күдікпен қарайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бұлт шақырып, табаны кепкен Аралға су толтырып жүрген Алтай Айнабектің технологиясы әлі де зерттеуді қажет ететінін айтты. Шенеуніктің сөзінше, бір жерге жауған жауынның басқа бір аймаққа зияны болуы мүмкін.

Журналистің «оны дәлелденбеген технология деп есептейсіз бе» деген сұрағына «зерттеуді қажет етеді», — деп жауап берді Азат Сұлтанов.

Бұған дейін «Жаңбыр адам» атанып кеткен Алтай Айнабекке редакция тілшісі еліміздің оңтүстік аймақтарында жауып жатқан толассыз жаңбырға өнертапқыштың технологиясының әсері бар, жоғын сұрап көрген. Жасанды жаңбыр жауғызу технологиясының авторы оны теріске шығармады.

«Жалпы технологияның басқа өңірлерге әсер етуі бұл заңдылық», — деп жауап берді ол.

Сонымен қатар, Алтай Айнабек жаңбырды қалай жауғызса, солай тоқтатуға болатынын да айтты.