Жанболат Мамайға шығарылған үкім өзгеріссіз қалды

0

Апелляциялық сот тіркелмеген Демпартия көшбасшысы Жанболат Мамайға шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы белсендінің зайыбы, журналист Инга Иманбай мәлім етті.

“Жанболат Мамайға шығарған сот үкімі өзгеріссіз қалды. 6 жыл шартты түрде сотталды, 6 жылға қоғамдық-саяси, журналистік қызметтен шеттетілді. Ешқандай өзгеріс жоқ. Бүгін Жанболаттың оқшауда отырғанына 499 күн болды. Күрес мұнымен тоқтамайды. Енді Жоғары сотқа жүгінеміз, одан кейін БҰҰ комитеті бар. Қаншама халықаралық ұйымдар мәлімдеме жасады, БҰҰ Жұмыс тобы шешім шығарды. Соған қарамастан, билік репрессивті саясатын жалғастырды. Саяси реформа, өзгеріс деген осы ма?”, – деп жазды ол.

Еске салайық, Мамайға билік өкілдеріне тіл тигізді, қасақана жалған ақпарат таратты және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыптар тағылған болатын. Саясаткердің өзі кінәсін мойындамай, тергеуде дәлелдердің жоқтығын алға тартады.

10 сәуірде Жанболат Мамайдың алты жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды.