Жанболат Мамайдың әйелі, журналист Инга Иманбай жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді

0

Жұртты 1 наурызға Алматы әкімдігі алдына митингіге шақырған «Демократиялық партия» құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамайдың әйелі, журналист Инга Иманбай жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді.

Мамайдың сөзінше, 1 наурыз таңертең 11-ге таман «полицияданбыз» деген формасыз бірнеше адам өзін Алматы облысы Қарасай ауданы Қырғауылды ауылындағы үйінен шығып келе жатқанда ұстап әкетпек болған. Ал әйелі Инга Иманбай осы сәтті телефонына видеоға түсіре бастаған. Сол кезде «полицияданбыз» дегендердің бірі Иманбайдың қолындағы телефонын тартып алған. Мамайдың айтуынша, әйелі Инга Иманбайдың аяғы ауыр.

Ал Инга Иманбай үйге келгендердің бірі өзін итеріп жіберіп, басын темірге соғып алғанын айтады.

— Адам құқығы жөніндегі бюроның журналисі екенімді айтып куәлігімді көрсеттім. Үстімде журналист екенімді білдіретін күртеше де болды. Куәлігімді жыртып тастады. Телефонымды қайтарып алуға тырысқанымда қолымен қағып жіберіп, басымды темір қоршауға соқтым, – дейді ол.

Жанболат Мамай «полиция қызметкеріміз» деген адамдар формасыз жүргенін және үш көлікпен келгенін айтады.

Басын жарақаттағаннан кейін Инга Иманбай жедел жәрдем шақырып, Қарасай аудандық орталық ауруханасына жеткізілген.

Аурухана дәрігері Әсет Есқұлов Иманбайдың жарақаттанғанын растап, бірақ іштегі балаға қауіп төнбегенін айтты

– УЗИ жасалды. Гинеколог қарады. Басында ісік бар. Алдын ала қойған диагнозымыз – миы шайқалған. Бақылаймыз, үйге жіберуіміз де мүмкін, — деді дәрігер.

Инга Иманбай кешке қарай Азаттық тілшісіне біраздан соң ауруханадан шығып, өз дәрігеріне қаралатынын айтты.

Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында азаматтық белсенді Дулат Ағаділ жұмбақ жағдайда көз жұмғаннан кейін Қазақстандағы оппозициялық топтар биліктің орнынан кетуді талап етіп, 1 наурызда облыс және қала әкімдіктері алдына наразылыққа шығатынын мәлімдеген. Жұртты билікке қарсы митингіге шақырғандардың арасында Жанболат Мамай бастаған «Демократиялық партия» құруды көздейтін бастамашыл топ, «Oyan, Qazaqstan» азаматтық қозғалысы және Respublika қозғалысы шақырған.

Оқи отырыңыз: 1 наурыздағы наразылық жайлы бар ақпарат

Бұдан бөлек, шетелде тұратын қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы (ҚДТ) да жақтастарын 1 наурызда билікке қарсы наразылық шеруіне шығуға шақырған. Қазақстан билігі ҚДТ-ны «экстремистік ұйым» деп атап, оған тыйым салған, ал Әблязовтың өзін бизнес әріптесін өлтіруге тапсырыс беру, өзі жетекшілік еткен банктен ірі көлемде қаржы жымқыру, қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік ету тәрізді бірнеше ауыр қылмысқа айыптап, оған сырттай үкім шығарып, өмір бойына түрмеге кескен. Әблязов бұл айыптардың саяси астары бар деп мәлімдеп, оларды жоққа шығарған. 2019 жылы наурызда Еуропарламент қабылдаған қарарында ҚДТ «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған.

1 наурызда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбеде полиция мен арнайы жасақ митинг өтеді деп жоспарланған жерден кем дегенде жүз адамды алып кетті.

Azattyq