Жанболат Мамай: Тоқаев – қой терісін жамылған автократ болып шықты

0
1372

– Жанболат, өткен жексенбі күнге Демпартия белгілеген наразылық маршы тағы да полицияның арнаулы жасағының қоршауына (кеттлинг) тап болды, Алматыдағы Республика алаңында өтуі тиіс болған митингтің жолы кесілді. Сол митингіде айтылмақ болған тақырыптардың қысқаша нұсқасын баяндап берсеңіз.

– Иә, бұл күні біз Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайынан Республика алаңына дейін шеруге шығамыз деп жариялаған едік. «Жер шетелдіктерге жалға берілмеуі тиіс!», «Еуропарламент қарарының талаптары орындалсын!» және «Несиелік амнистия мен әрбір көп балалы отбасына лайықты баспана берілсін!», яғни елде саяси реформалар басталуы керек деген талаппен митинг өткізуді жоспарладық. Митингіден бір күн бұрын жер мәселесіне қатысты жасалған Тоқаевтың үндеуі біздің көңілімізден шыққан жоқ. Себебі оның «ауыл шаруашылығының жерлері шетелдіктерге жалға берілмейді» деген сөзінде күмән бар еді. Мәселен, басқа бағытта қолданылатын жеріміздің тағдыры не болмақ? Сондықтан тек қана ауыл шаруашылығының жерлері емес, жалпы қазақтың жері шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін деген талап қоймақ бодық.

Ал Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты қарарын жақсы білесіздер. Онда Еуроодақ депутаттары Қазақстандағы адам құқығы мәселесін қатаң сынап, соған жауапты шенділерге қарсы санкция салу қажеттігін баса айтты. Біз бұл талапты толық қолдаймыз. Адам құқығын тікелей аяқасты етіп жүрген шенеуніктерге санкция салынуы тиіс. Олардың тізімін қазір біз дайындап жатырмыз. Міне, осы мәселелерді көтеріп, өткен жексенбіде алаңға шықтық. Бірақ оның нәтижесі назарбаевтық-тоқаевтық кеттлинг болды.

– Иә, сағаттап қоршауда тұрудың тиімділігі болмасы анық. Сондықтан биліктің күш көрсетуші құрылымдары машықтанып алған «кеттлинг» тәжірибесіне қарсы қандай қоғамдық әрекет жасауға болады деп ойлайсыз?

– «Кеттлинг» деген азапты тоқтатудың бір ғана жолы бар. Ол – халықтың жаппай алаңға шығуы. Жүз шақты адамды мыңдаған арнайы жасақ оп-оңай бөліп-жарып, қоршап алатыны анық. Бұл билік оған әбден дағдыланып, үйреніп алған. 28 ақпан күні де негізгі топтан бізді бөліп, 30-дан астам адамды қоршап алды. Ал мыңдаған адам алаңға шықса, оны қалай қоршайды? Қауқары жетпес еді.

Сондықтан халықпен жұмысты күшейтуіміз керек. Үгіт-насихатты, ағартушылық бағыттағы ісімізді жалғастырамыз. Біз көтерген және жалпы Қазақстан халқын мазалаған талаптар орындалуы үшін, халық бірнеше он мыңдап алаңға шығуы керек. Егер жаппай шықсақ, талап та орындалады, «кеттлинг» те болмайды. Ондай қоршауда халық емес, билік тұрар еді сонда. Әзірше ондай жағдайға жете алмай тұрмыз. Бірақ полиция бізді қанша қоршап, қинап, азаптамақ болса да, бұл біздің сағымызды сындырған жоқ. Митингке, шеруге шығуды бұдан былай да жалғастырамыз.

– Айтпақшы, сейсенбі күні сіз бастаған бір топ оппозиция өкілін астанада беделді шетелдік елшіліктер қабылдады. Сол кездесуде кеттлинг құрсауында өткен митинг мәселесі сөз болды ма?

– Сұрағыңыз өте орынды. Режимнің азаматтық қоғам өкілдеріне қарсы басбұзарлық әрекетін әшкерелеудің бірден-бір жолы – халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істеу және ақпарат құралдарында қалыптасқан жағдаяттың ақиқатын айту.

Сондықтан біз өткен сейсенбі күні астанаға барып, АҚШ пен Еуроодақ елшіліктерінде кездесу өткіздік. Еуропа одағының Қазақстандағы Елшісі бізбен онлайн байланыс арқылы (қазір ауырып жатқанына байланысты) сөйлесті. 28 ақпан күні болған биліктің заңсыз әрекеттері туралы егжей-тегжейлі баяндадық.

Сонымен бірге Қазақстандағы саяси жағдайды, Назарбаев пен Тоқаев билігінің іс-әрекеті және басқа да өзекті мәселелерді талқыладық. Әсіресе біздің ерекше тоқталғанымыз – Қазақстанда адам құқығын бұзып жүрген шенділерге санкция салу мәселесі болды. Меніңше, мұндай адамдардың екі тізімі болуы тиіс. Біріншісі – қылмыстық бұйрықты орындап жүрген шенділер мен жандайшап қызметкерлер. Яғни, соттар, прокурорлар, тергеушілер және басқа да шенділер. Ал екіншісі – сол бұйрықты беріп, биліктің ұшар басында отырғандар. Есте болса, әйгілі Қарарды талқылау кезінде Еуропа парламентінің вице-президенті Тоқаевтың өзін санкция тізіміне енгізу керек дегенді айтты. Бірақ ол жүзеге аса ма, аспай ма – оны уақыт көрсетеді. Ресей мен Беларусь сияқты елдердің тәжірибесіне қарағанда, санкцияны ел басшыларына емес, дәл осы орындаушыларға салынуда. Тіпті бізде де солай болғанның өзінде, санкцияның нәтижесі болар еді. Осының өзі жоғарғы билікке білдірілген сестің белгісі болары анық.

– Биліктің саяси технологтары жалдамалы блогерлер мен «нұрботтардың» көмегімен әлеуметтік желіде «Мамай – биліктің жобасы» деген далбаса дабыраға қандай жауап берер едіңіз?

– Меніңше, сәл де болса ойлана алатын адам бұл далбаса қаңқуға сенбейтіні анық. 28 ақпан күнгі жағдайды өз көздеріңізбен көрдіңіздер. Абай көшесі – Алматыдағы орталық, автокөлік те, жаяу жүргіншілер де көп жүретін жер. Соны билік түгелдей жауып тастады. Метро стансасының жұмысын тоқтатты. Жүздеген арнайы жасақты үйіп-төкті. Интернетті бұғаттады. Әкімдіктің жалдамалы арандатушыларын әкеліп, бізге қарсы шабуылдар жасады. Егер «биліктің жобасы» болсақ, күштік құрылымдар осындай бассыз әрекетке барар ма еді? «Бақылауда» болсақ, мұншама әуре-сарсаңға түсер ме едік?

Сол күні Алматы қаласының басшылығы түгелдей сол алаңда жүрді. Неге? Себебі – олардың үрейі ұшты. Әйтпесе қаланың орталық көшесін жауып, елді осынша дүрліктірмес еді.
Айтпақшы, биліктің арандатушылары «Мамайды полиция ұстамады» дейді. Меніңше, 11 сағатқа жуық қарулы, мұз қоршауда тұрғаннан, полиция бөлімінде отырған әлдеқайда жайлы. Себебі ғимарат ішінде отырасыз, әрі полиция сізді 3 сағаттан артық ұстай алмайды. Ал далада ас-сусыз, тоңып тұру оңай емес, әрі денсаулыққа да зиян. Бұл – биліктің соңғы кезде ойлап тапқан арнайы амалы. Бір жағынан, «ешкімді ұстаған жоқпыз» дейді, екінші жағынан, белсенді азаматтарды осылай азаптап, жігерін жасытқысы келеді. Бұл бос тірлік, біз, керісінше, осындай текетіресте қайраттана түсеміз!

– Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық сенім кеңесінде қоғамды демократияландыру турасында айтқан бастамалары мен демократтардың кеттлингке қамалуы тұспа-тұс келді ғой…

– Тоқаевтың ол бастамалары кері кеткендік екенін соңғы митинг көрсетіп берді: наразылыққа шыққан азаматтарды қорқыту-үркіту, қамау, кеттлинг жасау – ешқандай оңды бастама болмады. Оның президент болғанына наурыздың 20 күні 2 жыл толады. Бұл аз уақыт емес. Осы екі жылдың ішінде Тоқаевтың халыққа берген ешқандай уәдесі орындалмады. Қоғамды демократияландыру бағытында алға баспақ түгілі, кері кетіп барамыз. Мысалы, астанада полиция түрмесінде белсенді Дулат Ағаділ қаза болды. Ол кезде кім президент болды? Тоқаев. Одан кейін жұмбақ жағдайда Дулаттың ұлы Жанболат Ағаділ көз жұмды. Мұның да сыры ашылмады. Ондаған белсенді түрмеге қамалды. Демократиялық партияның құрылтайын өткізбек болғанда, бізге қарсы репрессивті күшті қолданды. Бірде-бір оппозициялық партия тіркелген жоқ.

Сараптап қарасақ, Тоқаевтың айтқан бір сөзі жүзеге аспапты. Екі жыл өтті, енді ол Назарбаевтың тасасына тығылып отыра алмайды. Елде болып жатқан репрессияларға, қудалауға тікелей жауапты адам – Тоқаев. Мұны біз ашық айтамыз. Меніңше, Тоқаевтың өзі де қой терісін жамылған автократ болып отыр. Оған да демократиялық өзгерістердің қажеті шамалы. Себебі саяси реформалар жүзеге асса, Тоқаевтың өзі де биліктен кетуге мәжбүр боларын түсінеді. Ашық, әділетті сайлауда оның өзі де, партиясы да тас-талқан болып жеңіледі. Оны Тоқаев жақсы біліп отыр. Сондықтан құр сөзбен уәде береді де, іске келгенде бәрі керісінше болуда.

– Ал Демократиялық партияны мемлекеттік тіркеуге алу мақсатында қандай жаңа жұмыстар жасалуда?

– Еуродепутаттар Қазақстан бойынша қарарында Демократиялық партияның мәселесін де қозғап, оны тіркемей жатқанын атаған болатын. Кеше астанаға барғанымызда да, шетелдік дипломаттар партияны тіркеу мәселесін қадағалайтынын айтты.
Қазіргі билік партияны қай жағдайда тіркейді? Халықаралық қысым болса, әрі елдің ішінде наразылықтар туындаса. Батыстың қысымы басталды. Біз де бұл жағдайда қарап қалмай, Демпартияны тіркеу процесін қайта қолға алсақ деген ойымыз бар.

Қазір қайтадан бастамашыл топ қол жинау жұмысын бастауды жоспарлап отырмыз. Яғни, партияны тіркеуді қайта қолға алмақпыз. Егер билік бұған тағы да жол бермесе, бұл қысымға жауапты адамдардың тізімін жасап, Батыс Еуропа мен АҚШ-қа барып, оларды әшкерелейміз. Санкция тізіміне қосуды сұраймыз. Басқа амалымыз қалмайды.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»
«DAT». 04.03.2021.