Жанболат Мамай пробация қызметі ескерту бергенін хабарлады

0

Қоғам белсендісі, «Демкократиялық партия» бастамашыларының бірі Жанболат Мамайды Қарасай аудандық пробация қызметі шақырып, ескерту берді.

Қарасай аудандық ішкі істер басқармасы алдына келген Жанболат Мамай:

-Жұма күні, пробация қызметіне келіп, ешқайда кетпегенім жайлы белгі соқтырмағаным үшін ескерту берді. Ол күні митинг ұйымдастыру мәселесімен жүрдім және партияны қолдаушыларды билік органдарының қуадалауына байланысты босамадым. Биыл осымен екінші рет ескерту алдым. Бас бостандығымының шектеу мерзімінің аяқталуына байланысты 25 ақпанда сот отырысы өтеді, оған бұл ескертулер әсер ете ме, жоқ па білмеймін,- деді Азаттық тілшісіне.

Пробация қызметі Жанболат Мамайға бұл ескертулерді Қылмыстық атқару кодексінің «Сотталған адамның түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылығы», «Сотталған адамның қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылығы», «Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу тәртiбi мен шарттарын бұзу», «Сотталған адамның бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылығы», «Жазаны орындауды кейінге қалдыру шарттарын сақтамау салдарлары», «Шартты түрде сотталған адамның жауаптылығы» (54, 60, 67, 68, 164, 176-бап) баптары бойынша жасаған.

Жанболат Мамай 2017 жылы «қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастырған» деген айыппен үш жыл шартты жазамен сотталып, пробация қызметінің бақылауына алынған. Шартты жаза талаптары орындалмаса, түрме жазасына ауыстырылуы мүмкін.

Жанболат Мамай тағылған айыптың «саяси астары бар» деп санап, мойындамаған.

Былтыр қазанда Жанболат Мамай бастаған белсенділер «Демократиялық партия» құратындарын, құрылтай съезін өткізетінін жариялаған. Алайда «Демпартия» жақтастарына қысым жасалғандықтан, съезді қоя тұрып, 22 ақпанда түске қарай митингіге шығуға шақырған. Жанболат Мамайдың өзін 21 ақпан күні кешке ұстап, 3 тәулікке қамауға алды. Қарасай ауданы прокурорының наразылығынан кейін жаза мерзімін 1 тәулікке қысқартып, 23 ақпанда босатқан. Жанболат Мамайдың өзі бұлайша ерте босатуды ақпанның 24-іне белсенділердің жиналуына себеп қалдырмау деп түсінетінін айтты.

Ақпанның 22-сіне түске дейін «Демпартия» белсенділері, түстен кейін Қазақстанда сот шешімімен «эктстремистік ұйым» ретінде тыйым салынған, Еуропарламент «Бейбіт қозғалыс» деп атаған ҚДТ қозғалысы митингі ұйымдастыруға талпынып, соңы жаппай ұстауларға ұласқан.

Azattyq