Жанболат Мамай өзіне «Дикий Арманның» адамдары қастандық жасамақ дейді
Тіркелмеген Демократиялық партияның көшбасшысы Жанболат Мамай 1 қыркүйек күні өзіне шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескерткен хат алғанын мәлімдеді. Мамайдың хаты оның Instagram-дағы парақшасында жарияланды.
Менің, жарты жылдан астам Алматыдағы тергеу изоляторында жатқанымды білесіздер. Осы уақыт ішінде өзіме қарсы қандай да бір қорқыту болмаса күш көрсеткен оқиға болған емес.
Алайда, кеше мен өзіме қастандық жасалмақшы болып жатыр деген хабар алдым. Маған «Мамай өзі YouTube-те жариялаған бір видео үшін басымен жауап береді» деп жеткізді. Бұл кімнің сәлемі деп сұрағанымда олар өзі де қамауда отырған «Дикий Арман» — Арман Жұмагелдиевтен деп жауап берді.
Шынымен-ақ, өзімнің бір сөзімде оны сынағаным бар. Менің ойымша, бұл «сәлемнің» артында маған қастандық ұйымдастырып жатқан арнайы қызметтер тұруы әбден мүмкін. Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі естеріңізде ме? Намысына тиген сөздер айтты-мыс, ешкімге жәбірі жоқ Үтембаев тапсырыс берген болып шықпап па еді.
Бәлкім, билік маған қастандық жасап, бар кінәні қылмыс әлемінің беделдісіне арта салмақ та шығар. Өзім алған хабарға қатысты менің ойым осындай.
Маған қатысты қандай да бір қастандықтың артында қашан да арнайы қызметтер мен Қазақстан билігі тұратын болады деп ашық, ресми түрде мәлімдеймін! Түрмеде ешкіммен өзара кикілжіңім жоқ, ешқашан да жанжалдасқан емеспін.
Құқық қорғаушылардан, журналистерден, дипломаттардан және мүдделі барлық жандардан басыма түскен осы жағдайға назар аударуын өтінемін, – деп жазған ол.
Айта кетейік, Жанболат Мамайға қаңтар оқиғасына қатысты айып тағылғанын хабарлаған болатынбыз.