Жанболат Мамай – билік қорқынышының құрбаны. Инга Иманбаймен эксклюзив сұхбат
Ulysmedia.kz порталының алаңында бүгінгі қонағымыз – тіркелмеген Демпартия жетекшісі, оппозиция саясаткері Жанболат Мамайдың жұбайы Инга Иманбай. 8 ай тұтқында болып, жақында үйқамаққа ауыстырылған саясаткердің өзіне қатысты қазір сот процесі болып жатыр. Жанболатпен бірге Инга да күрескерлікке белді бекем буған адам. Белгілі журналист әрі заңгер Инга Иманбай сұхбатында басқа түскен ауыртпалықты қалай еңсеріп келе жатқанын, неден жігерленіп, неден үміттенетінін айтып берді.
НАЗАРБАЕВ ӘДІЛЕТСІЗ ҚОҒАМ ҚҰРДЫ
– Қазір Жанболат Мамай үй қамақта отыр. Қаңтардан кейінгі жағдайдан жұрт хабардар. Оппозиционердің әйелі болып күресу қаншалықты қиын?
– Оппозиционердің әйелі болу деген сұрақ маған жиі қойылады. Бірақ жай әйел болудан бұрын менің өзім де журналистикада, азаматтық, тәуелсіз журналистикада жүргеніме 15 жылдай уақыт болды. Жанболат екеумізде кейіннен отбасы пайда болса, әуелі ортақ күрес болды. Сондықтан, сол тұрғыдан қазіргі күнге дейін шыдау, осының бәрін көтеру маған жеңілірек болды деп айтуға болады. Себебі мен айтқандай, отбасы, ошақ қасынан бұрын Жанболат екеумізді күрес, журналистика, азаматтық көзқарас біріктірді. Сол азаматтық көзқарастың үндестігі қазіргі біздің отбасымыздың қандай да қиындыққа бірге төтеп беруіне көмектесіп келеді. Сол тұрғыдан кішкене басқа мамандықтағы немесе үйде отырған әйелден гөрі маған жеңілірек болды деп айтуға болады.
Жалпы бұл жағдайдың бәрі өте жеңіл емес. Өте ауыр. Әсіресе, қазір менің үш балам бар. Үшеуі де өте кішкентай. Жанболаттың қант анасы бар. Барлығымыз бірге тұрамыз. Сондықтан, соңғы 9 айда өзімнің қиындығымнан, шаршауымнан бұрын бала-шағам мен қарт ата-енемнің жағдайын көру, олардың Жанболатқа деген сағынышын көру және олардың сұрақтарына жауап беру қиынырық болды. Мүмкін содан кейін де мен өзімді ысырып қойған шығармын. Сол кісілердің көңіл-күйін, мүддесін және солардың тыныштығын алдыңғы қатарға қойғаннан кейін мен өзімнің көңіл-күйімді немесе шаршауымды артқа ысырып қойдым. Ұмыттым десем де болады. Сол тұрғыда маған жеңілірек болды. Бірақ енді әрине, оңай емес әйел адамға. Десек те Жанболатпен көзқарасым ортақ, мақсатым ортақ., мүддем ортақ. Өмірге деген пікір бірдей болғаннан кейін ол әлдеқайда көмектеседі.
– Ортақ мақсат дедіңіз. Жанболат екеуіңіздің қазіргі мақсаттарыңыз қандай?
– Ол мақсат 15 жылдан бері өзгерген емес. Жанболат екеуміз кездесіп, бастапқыда «Рух пен Тіл» жастар ұйымы болсын, Жас Алашта бірге бастаған тәуелсіз журналистика болсын, кейінгі бірге шығарған Трибуна газеті болсын, одан кейін Жанболат құрған Демократиялық партия болсын – оның барлығы да нағыз тәуелсіз, демократиялы жарқын Қазақстанның болашағы. Жемқорлықтан ада, қазаққа, халыққа есеп беретін үкімет, ашық әділ саясат, тәуелсіз сот жүйесі. Бір сөзбен айтқанда, нағыз демократиялы зайырлы мемлекет.
Дәл қазір біреулер «қазір біз тәуелсіз мемлекетпіз ғой, анау-мынау» деп ойлауы мүмкін. Бірақ соңғы Қаңтардың өзі бізге көп нәрсеге көзімізді ашып берді. Өз елімізге өзіміз ие емес екенімізді көрсетті. Соңғы Қаңтардың өзі біздің 15 жылғы күресіміз бен мақсатымыздың қаншалықты айшықтай, айқындай түскенін және ол жолдың дұрыс екенін көрсетті. Себебі Қаңтарда қанша қазақтың баласының қаны не үшін төгілді? Себебі 30 жыл бойы қазіргі билік жүйесі, оның ішінде Назарбаев әділетсіз қоғам құрды. Бұл қоғамда демократия болған жоқ. Бұл қоғамда әділетті, әлуетті тепе-теңдік болған жоқ. Назарбаев және оның төңірегіндегі 1 пайыз қазақстандық өте бай, 99 пайыз қазақстандық, оның ішінде қазақ өте кедей. Қаңтарда кім шықты? Әлеуметтік теңсіздікке көне алмаған, ары қарай шыдай алмаған қазақ шықты. Ал сол қазақтың балалары оққа ұшып, атылып кетті. Күресті жалғастыруға, шын әділетті демократиялы қоғам құруға бұл жүйені өзгертуге одан ары ұмтылуға – одан артық қандай стимул болу керек!?
Жанболат екеуміздің жасымыз отыздан жаңа асты. Оның жартысы, 15 жылымыз осы күреспен, қамаумен өтіп жатыр. Жанболат осымен үшінші рет түрмеге отырды. 2012 жылы, 2017 жылы да отырған. 2022 жылы да отырды. Менің де қыз болғаныммен, жарты ғұмырым омонның алаңнан сүйрегенімен, шенеуніктермен соттасумен, Байбек сияқты шенеуніктер өзінің әкімшілік ресурсын пайдаланып, тіпті жүргізуші куәлігімнен айырған өмірмен келе жатырмын. Менің балаларымның үлкені – 7 жастағы қызым. Мен сол қызымның дәл сондай қоғамда өмір сүргенін қаламаймын. Менің балаларым осылай полицияның ұстауында, құқайында әділетсіз қоғамда өмір сүргенін қаламаймын. Кішкентай екі ұлым бар. Олар Жанболаттың өзіндей адал әрі әділетті азамат болып өсетініне сенімдімін. Бұл қоғам жалғаса беретін болса олар да әкесі секілді түрмеге отырады. Олар да дәл осы күйді кешеді. Мен оны қаламаймын. Сол үшін біздің барлық ортақ мақсатымыз – өз балаларымыз және жалпы қазақтың балалары үшін әділетті, демократиялық қоғам құру.
ЖАНБОЛАТ АБАҚТЫДА ОТЫРҒАН 8 АЙДА БІРДЕ-БІР ЖЫЛАҒАН ЖОҚПЫН
– Әділетті демократиялық қоғам құру – дәл біздің саяси жүйенің қазіргі жағдайында мемлекет құру мүмкін деп ойлайсыз ба? Соған шынымен де сезесіз бе?
– Мен сенбесем, 15 жыл ғұмырымды арнамас едім. Біздің неміз кем? Біздің басқа демократиялы, өркениетті, әр азаматы жақсы өмір сүретін мемлекеттерден, ұлттардан қай жеріміз кем? Осы тұста Назарбаевтың айтқан сөзі бар: «мен демократия орнатайын десем, 16 млн америкалықты қайдан табам?» деген. Ол тап-таза қазақты тұқырту! Қазақтың даласына демократия тән. Біз демократиялы әрі әділетті қоғамға лайықтымыз! 30 жыл бойы Назарбаев пен оның жүйесі «қазақ – демократияға лайықты емес, біз оған жете алмаймыз» дегенді сіңіріп келді және ол пікір қоғамда бар. Бірақ мен онымен келіспеймін. Қазақтың баласы өзінің жер қойнауында бұйырған несібесін алуға, иеленуге әбден лайық. Қазір Назарбаевтар отбасы ұрлап кеткен сома – 200 немесе одан да көп миллиард дейді. Сол қаражат қазақтың баласының біліміне, білігіне, әлеуметтік жағдайына салынатын болса, 30 жылдың ішінде біз қандай ұлт болар едік!? Біздің болашағымызды 30 жыл бойы тонап, ұрлап келді. Қазақтың баласы лайықты білім ала алмады. Содан кейін қазір сол 30 жыл жемқорлық пен шіріген жүйенің өнімі салдарынан лайықты білімі жоқ, өзін әр жерде таба алмай жүрген қазақтың балаларын ол демократияға лайықты емес деп тұқыртуға біздің қақымыз жоқ! Оны Назарбаев істеді. Біз Назарбаевтың қатесін қайталамауымыз керек. Ол өзінің, балаларының игілігі үшін істеді. Өзінің үш қызының және одан да көп балаларының игілігі үшін бүкіл қазақтың баласының несібесін тонады. Жеді. Содан кейін барып «бұлар демократияға лайықты емес, дұрыс өмірге лайықты емес» деп насихаттың сіңірді. Сондықтан, бұл түбегейлі қате және сол жүйенің пропогандасының нәтижесі деп ойлаймын.
Біз қазір әсіресе Қаңтардан кейін басқа идеологиялық сілкініс бағытында жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. Қазақтың баласы бәріне лайық. Қазақтың баласының өз несібесін жегізіп қоймауы керек. 30 жыл жегіздік. Соның салдары не болды? Осы тұста бізден үлкен, ата-анамыз қатарындағы буынға айтатын өкпем бар. Себебі олар біздің лайықты өміріміз үшін күрескен жоқ.
– Сыртынан қараймын да, неге мәселен тек Жанболат Мамай күресуі керек деп ойлаймын. Бәріміз қазақ деп жүрген адамбыз. Бірақ неге жалғыз Жанболат немесе Инга шырылдауы тиіс? Ары қарай алып кететін бірлік жоқ секілді көрінеді. Кейде осыны сезінбейсіз бе?
– Осы сауалға мен бірнеше рет жауап беруге мәжбүр болдым. Бұл мені қынжылтпайды. Ренжітпейді. Себебі менің ешкімге ренжуге, өкпелеуге қақым жоқ. Өйткені бұл менің таңдаған жолым. Ал өмірімді, күресімді насихаттай алам. Ақпарат тарата аламын. Бірақ ешкімді менің жүрген жолыммен жүр деп мәжбүрлей алмаймын ғой. Ол жолды мен өзім таңдағаннан кейін басқаға «сен үшін таңдадым» деп бәлсінуге де құқым жоқ. Бірақ десек те, қандай қиындық болса да, ауырпалық болса да жыламауға тырысамын. Жанболат абақтыда отырған 8 айда мен бірде-бір рет жылаған жоқпын. Әсіресе, қоғам алдында. Жыламауға тырысамын. Соның өзі ары қарай күресуге болатынын, күресе жүріп өмірімді де сақтауға, отбасымды сақтау болатынын өз үлгімде көрсеткім келеді. Үлгі алып, сол жолды таңдаған адамдар болса болды. Ол жолды таңдамады деп басқаға мен өкпелемеймін. Бірақ алдыға жетелейтін ең басты мақсат – өзіміздің мақсатымызға деген сенімділік. Қазір анау-мынау деп, ешкім ермейді деп айтуы мүмкін, жалғызсың деп бізге айтуы мүмкін – бірақ ешкім сендердікі дұрыс емес деп айта алмайды. Тұқыртқысы келетін, тоқтатқысы келетін адамдар «не қыласыңдар?» қазаққа ол керек емес, өз өмірлеріңді құртып жатырсыңдар» деп айтуы мүмкін. Бірақ ешкім де сендердікі дұрыс емес, мүдделерің қазаққа қайшы деп ешкім айта алмайды. Бастысы сол. Жалғыз ба, көппен бе – бәрбірі әділеттілік пен тарихи шындық біз жақта деп ойлаймын. Және өз кезінде ол қолдау табатынына сенемін.
ЖАНБОЛАТ «МӘСІМОВТЫҢ АДАМЫ» ДЕУ ҮШІН ДӘЛЕЛ КЕРЕК!
– Бәлкім, әдейі биліктің жасаған стереотипі шығар, бірақ көбіне біздің өзіміз Жанболат Мамайды жазғанда бізге «оны неге жазасыңдар? Ол КНБ-ның жобасы, Мәсімовтың жобасы болған» деп әдейі адастырғысы келетін сияқты. Билік тарапының сондай әдісті қолдатынын, Санжар Боқаев ананың адамы, Жанболат мынаның адамы деп әдейі сөз тарататынын білдім. Бұл тұрғыда сіз не айтар едіңіз?
– Ол өзіңіз айтқандай, Жанболатты 15 жылдан бері сатып ала алмағаннан кейін, қорқыта алмағаннан кейін, түрмемен сындыра алмағаннан кейін жалғыз сол – Жанболаттың артынан көбірек адам ермесін деп, сондай дискредитация жасағысы келеді. Бірақ биліктің жасаған әрбір ақымақтығы сияқты ол да өте олқы жасалады. Себебі «Мәсімовтың адамы» деу үшін мысал, дәлел болуы керек. Жанболат Қаңтарды ұйымдастырды деді. Оны алып тастады. Одан кейін полицияға тіл тигізді, жалған ақпарат таратты деді, бірақ сот процесінде оған ЕҚЫҰ-ның басқа да дипмиссиялардың бақылаушылары ол айыптарға қарап күліп отыр. Жанболатқа қатысты бірде-бір дәлелі жоқ. Жанболаттың кінәсін айқындайтын қолдарында бірде-бір құжат немесе видео, тым болмаса фото немесе аудио жоқ. Жанболатқа деген халық тарапынан да, халықаралық қауымдастық тарапынан да қолдауды көріп отыр. Жанболатты қаралайтындай титтей дәлел болса, олар соны айғайлатпай ма!? Еуродепутаттардың алдына тастамай ма!? Немесе ол Назарбаевтармен байланысы болғаны жөнінде мынадай дәлеліміз бар немесе ол Әбләзовқа қатысы бар осындай дәлеліміз бар деп ұсынбай ма?! Егер солай ұсына алатын болса, Жанболатқа ары қарай қолдау болмайды ғой!? Оны істей алмайды. Бір тал дәйек болса, олар баяғыда оны қолданар еді.
Артық мақтанды жақсы көрмейтін адаммын. Десек те, Жанболаттың 15 жыл саясатта жүріп, қандай кіршіксіз екенін көруге болады. Соңғы процестерде халықаралық қауымдастыққа да, халық алдында бірде-бір дәлел ұсына алмай отыр.
ЗАҢДЫ, ЗАҢСЫЗ МИТИНГ ДЕГЕН АВТОРИТАРЛЫҚ ЕЛДЕ ҒАНА БОЛАДЫ
– Қазір сонда Жанболатқа соңында қандай айып тағып отыр?
– Қазір оған полиция қызметкерлерін қорлады, жалған ақпарат тараты және 4 қаңтар күні заңсыз митинг ұйымдастырды деген айып тағылып отыр. Полицияны қорлады дегенге келер болсақ, ол 2021 жылы қыркүйек айында болған митинг үшін қазан айында қозғалған іс. 18 қыркүйекте митинг өткеннен кейін 17 қазан күні оған полицияның екі қызметкері барады да, арыз жазады. Олар «Жанболат митинг кезінде бізді қорлады, қарабет» деді деп. Бірақ ол жерде Жанболаттың ондай сөз айтуына алғышарт болған дүние бар. Жанболатты 18 қыркүйек күні халыққа қоспас үшін көп омон қызметкері келіп, Жанболатқа жабылады. Сол уақытта халық Жанболатты қорғауға бері ұмтылады да, омон мен халықтың арасында текетірес басталады. Сол кезде үлкен демей, кіші демей, Жанболатты қорғайын деген адамдарды полиция жұлқылай бастайды. Дегенмен халық Жанболатты полициядан тартып алады. Сол кезде омондарға «сендер қарабетсіңдер, неге үлкен кісілерге қол жұмсайсыңдар, олар сендерге не істеді?» дегенді айтады. «Қазір сендер қазаққа қарсы шіріген жүйеге қызмет етіп жатырсыңдар, егер Қытай басып алар болса, сендер соған да жұмыс істейсіңдер ме?» деп, полицияға айтады. Ол жерде өздері де «жүздеген полиция қызметкері тұрдық» деп мойындайды. Бірақ соның ішінде екеуі барып, тапсырыспен арыз жазады. Сотта да өздері «неге сен қорландың? Неге сен жаздың?» десе, «енді бастығыммен ақылдасып, арыз жазам деп шештім» дейді. Ақылдасып емес, оған бастығы «сен арыз жазасың» деп айтқан ғой. Оны кез келген түсінбейтін адамның өзі түсінеді.
Жанболатты Мәсімовтың немесе Назарбаевтың адамы деген аңызды ең алғашқы жоятын дәлелдің өзі – осы. Қаңтарға дейін Мәсімов пен Назарбаевтың дәуірі жүріп тұрды емес пе!? Сол кезде Жанболатқа қарсы қылмыстыққ істер ашылып, қудалап жүрді. Жанболаттың әр қадамын аңдыды. Әсіресе, 2021 жылдың күзінен бастап Жанболаттың артынан үнемі 5 көлікпен жүрді. Біз оны жалған сөз емес, парақшаларымызда талай жарияладық.
Жанболат өте білімді әрі мәдениетті азамат. Ол ешқашан ешкімді балағаттаған емес. Жанболаттың жаңағы сөздерінде де балағат жоқ. Тек ашумен шыққан пікір. Полиция сотқа бергеннен кейін ол сөздеріне «Әділ сөз» сараптама орталығына лингвистикалық сараптама жасадық. Қолымызда сотқа дәлел ретінде ол ұсынылған. Жанболаттың сөзінде ешқандай қорлау мәтіні жоқ екені жөнінде дәлел бар. «Жоқ, бұл қорлау» деген олардың сараптамасы жоқ.
Екінші бап – жалған ақпарат таратты дейді. 2020 жылы пандемия басталған уақытта көп қазақ қатты қиналды. Неге? Себебі қазақтың көбі 30 жылдық қиындықтың кеселінен білімі толық емес, такси немесе сауда қызметкері болды. Ал пандемия кезінде әсіресе сол жұмыс тоқтап қалды. Отбасылар қиналып қалды. 2020 жылдың көктемінде Жанболат бір реттік несиелік рақымшылық жасалуы керек, қазақ қиналып кетті деген мәселені көтерді. Ол ешқандай жалған ақпарат емес. Жүз мың адамның қолын жинап, Жанболат алып барды. Сөйткенде сол Жанболаттың сөзінің, қарқынының нәтижесінде билік оны мойындаса да, мойындамаса да, ол мәселеге назар аударып, құжаттар қабылдап, солай жасай бастады. 2021 жылдың 1 қазанында билік құжат қабылдап, несиеден қиналып жүрген азаматтар Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне арыз жазып, сол арқылы банктердегі өз жағдайын кестені реттеуіне болады деген ресми қаулы шығады. Екінші қаулы бірнеше әлеуметтік қиын топтарға ипотекалық несиелер бойынша шығады. Сол 2021 жылы қазанда Жанболат бірнеше эфир жасап, толық несиелік рақымшылыққа бармаса да, билік халықтың қиын жағдайын көріп отырып, осындай жеңілдік жасады, несие немесе ипотекаға қатысты осындай жеңілдік жасады, егер сол топқа жасаңыз барыңыз, несиеден қысылып жүрсеңіз 1 қазандағы қаулының негізінде банктер сізге жеңілдік жасау керек, арыз жазыңыз деп Жанболат айтады.
Жанболаттың эфирінен кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қиналған көптеген азаматтар барады. Арызын жазады. Кейін сол агенттіктің өзі мойындағандай, бір айдың ішінде 8 мың адам келеді. Қаншалықты несие мәселесі ушығып тұрғанының осы бір дәлелі ғой. Ал оны сотқа бергенде сол агенттік «біз мөлшерден тыс жұмыс істеуге, жауап беруге мәжбүр болдық» дейді. Ал негізі сол агенттіктің негізгі жұмысы сол емес пе!? Халық пен банктер арасында көпір болу! Яғни олар сондай құжаттарды қабылдағанымен, жұмыс істегісі келмей, ол ақпаратты кейіннен таратпаған. Ал Жанболат Қазақстандағы аудиториясы ең кең саясаткерлерінің бірі. Ютубтегі көрерменінің өзі жарты миллионнан асады. Жанболаттың эфирінен кейін көп азамат агенттікке талап етіп барады. Олар шынымен де оларды қабылдайды. Кейін адамдар бізге алғысын айтады. Біреудің кестесін дұрыстайды, екіншісінің ұсақ-түйек несиесін кешіреді. Былай қарағанда, бүкіл бір қаржы жүйесі істеуі керек жұмысты Жанболат олар үшін істеп береді. Бірақ сол тұста тіпті анау агенттік артық жұмыс істедік деп, қиналды деп ойламаймын. Бұл кезде құзырлы органдар Жанболаттың аудиториясы қаншалықты кең екенін және сөзінің ол аудиторияға өтімді екенінен қорқып кетеді. Содан кейін Жанболаттың алдында деген қорқыныш бұрыннан болса да, сол кезде еселене түседі.
Содан кейін әрине, екі полицейге арыз жазғызғандай, агенттікке Жанболаттың үстінен арыз түсірткізеді. Мұның саяси тапсырыс екеніне 100 пайыз сенімдіміз. Агенттік арыз жазады, Жанболатты тергеуге шақырады. Тергеудегі олардың алғашқы сұрақтарының бірі – сен қазір осындай құжатты түсіндірдің, кейін осы адамдарды революцияға шақырмайсың ба деген сұрақтар қояды. Ол – қаңтарға дейін қараша айына қозғалған. Ол жерде бірде-бір жалған ақпарат жоқ.
Біз барлық іс бойынша балама сараптама жасаймыз. Ал бұл іс бойынша балама сараптама жасаған жоқпыз. Себебі тергеудің өзі жасатқан сараптамасы тайға таңба басқандай сөзінде жалған ақпарат жоқтығын көрсетеді. Бірақ соған қарамастан істі жалғастырып, кейін сол істің ізімен қамап, қазір сотқа беріп отыр. Қаржы агенттігінің бастығы жақында жауап берді: Тереньтев Жанболат Мамай тарапынан бізге ешқандай қысым болған жоқ, ол кісі халықпен бірге келді, халықты біз қабылдадық. Оған қатысты жаман сөз айта алмаймын деп отыр.
Үшінші іс – 400-ші бап. 4 қаңтарда Жанболат митингке неге шықты? Жаңаөзенде басталғаннан кейін үші күні жаңаөзендіктерді қолдау үшін Жанболат орталық алаңға шақырады. Жанболат сөйлеп, жалғыз мақсат – 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы қайталанбасын, Жаңаөзен тағы жалғыз қалып қойып, билік оқ атылмасын деп Жанболат 3 қаңтар күні айтады. Бірақ орталық алаңды түгелімен жауып тастайды да, Жанболатқа адамдарды жолатпайды. Сөйтеді де, Жанболат үйге қайтады. Төрті күні таңертең Жаңаөзенге Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал қосылады. Солай Қызылорда қосылады. Солардың бәрін қолдау үшін Алматыда қай жерде жиналуға болады деп ойлайды. Орталық алаңға қайта шақырайын десе, ол жақта әбден қоршап тастаған. Үш күні ешкімді ол жаққа жолатпай қойғанын көрді. Сондықтан, ол Алматы-Арена дейді. Сол жақта жолда полиция ұстап, жіберіп, әйтіп-бүйтіп әйтеуір жетеді. Қазіргі тағылып отырған айып – сол митингті заңсыз деуінде. Жалпы заңды, заңсыз митинг деген біздікі секілді авторитарлы елдерде ғана болады. Митинг, пікір айту, алаңға шығу құқығы – барлық дұрыс мемлекеттерде абсалютті құқық. Ал бізде заң не дейді? Шықпастан бұрын жергілікті әкімшілікке хабарландыру керек дейді. 2, 3, тіпті 4 қаңтарда. Ал халықтың Жаңаөзенде аяқасты шығатынын Жанболат қайдан біледі? Алдын ала білу мүмкін емес қой. Қалай олар хабарландыра алар еді. Сондықтан, бұл айыптың да ешқандай негізі, дәлелі жоқ. Айыптау тарапының куәгерлері келіп жатыр. Қорғау тарапының куәгерлеріне біз әлі жеткен жоқпыз. Айыптау тарапының куәгерлері – бір-екі полиция қызметкері келіп, өтірік жала жабуға тырысты. Бірақ олар адвокаттардың сұрақтарына жауап бере алмайды. Олардың Жанболатқа жала жауып жатқанын видео арқылы тарап кетті. Жанболатқа жала жапқан қарабет полицейлер деген видеолары миллиондап қаралым жинап кетті. Содан кейін олар келесі келген Алатау ауданының прокуроры шындығын айтып отыр. Адвокаттар оған сұрақ қойғанда, ол «Жанболат сөйлеп тұрған уақытта заңбұзулықы болды ма, жол жабылды ма, полиция мен халықтың арасында қақтығыс болды ма?» деп сұраса, прокурор оның алдында жала жапқан әріптестерінің қазір қаншалықты күлкілі болғанын көргеннен кейін болар, шындығын жауып береді. Жанболат халыққа полицияға ұрынбаңдар, полицияға халыққа қол тигізуші болмаңдар деді. Халыққа заңбұзушылыққа барсақ, бұлардың бізге қарсы күш қолдануы мүмкін екенін айтты.
Бірақ бір уақытта полиция келіп, Жанболатты алып кеткеннен кейін жол да жабылды, басқа да жағдайлар болды. Енді оны прокурордың өзі авдокаттардың сұрағына берген жауабында айтып отыр. Жанболаттың жазықсыз екенін мына жақта бір прокурор дәлелдейін деп жатса, сол прокурор шақырған екінші прокурор өз сөзінде айтып отыр. Сондықтан бұл айып та жалған.
Ал егер айыптың үлкеніне келер болсақ, естеріңізде болса, Жанболатқа жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, Қаңтарды ұйымдастырды деген айып тағылған. Бұл енді тіпті ақылға қонымсыз, миға сыймайтын дүние. Жанболат 15 жылдық тәжірибесі бар оппозициялық саясаткер. Ол жаппай тәртіпсіздікке жол бермес үшін бәрін жасайды. Егер оны полиция алып кетпесе, оған қатысты бесі күні қастандық жасалып, оны өлтірмек болмаса. Егер оларда Жанболатқа қарсы кері дәлел болса, оны дәлелдейтін еді. Олар ұсынар еді. Бірақ дәл сол айыпты тағу арқылы билік өздеріне қастандық жасады деп айтуға болады. Сол айып тағылғаннан кейін бүкіл әлемдік қауымдастық Жанболатты қолдай бастады. Еуропарламент, Британия парламентарийі – қазір Жанболаттың ісін толыққанды бақылап отырғандарын айтып, АҚШ-тың ең беделді екі сенаторы Қазақстанның елшілігіне хат тапсырды. Сол қысымның арқасында енді Жанболаттан олар екі бапты алып тастауға мәжбүр болды. Егер Жанболатқа сондай үлкен қолдау болмаса, олар оны соттап жіберетін еді. Олар соны қалады, тіледі. Бірақ Құдайға шүкір, үлкен қолдаудың арқасында Жанболат қазір үйқамаққа шықты. Десек те, Жанболатқа толық бостандық беруге билік әлі де қорқып отыр.
Сот бір-екі аптаның ішінде аяқталуы керек еді. Бірақ ол кезде не болады? 16 желтоқсан келеді. Одан кейін Қаңтардың бір жылдығы болады. Олар Жанболаттың ол кезде бостандықта жүргенін көтере алмайды. Сондықтан, былайша айтқанда, өте күлкілі, бірақ Жанболат биліктің қорқынышының құрбаны қазір. Биліктің қорқынышының тұтқыны болып отыр. Бұл тағы да бір рет биліктің қазіргі күнін ғана ойлайтын күншіл адамдар екенін көрсетеді. Әйтеуір, 16 желтоқсанды, Қаңтардың бір жылдығын өткізіп алсақ, халық көтеріліп кетпей ме деп. Халық көтерілемін десе, Жанболатсыз да, басқасыз да көтеріледі. Қаңтарда ешкім алаңға адамдарды шақырған жоқ. Жанболат төрті күні Қазақстанның бүкіл өңірі көтеріліп кеткеннен кейін соларды қолдау үшін шақырды. Ал бүкіл Қазақстанды Жанболат көтеріп келген жоқ қой. Халық көтерілем десе, шыдамы таусылса, дәл осындай әділетсіздік жалғаса беретін болса, оған Жанболаттың түк қатысы жоқ. Биліктің өзі халықты көтереді. Бірақ оны түсінуге оларды миы жетпей отыр немесе ерік-жігері жетпей отыр. Оларға ең жеңілі – Жанболатты тұтқында ұстау. Ал Жанболат осы елдің өркендеуін, демократиялы қоғам болуын қалайтын адам.
ҚАҢТАР ҚАЙТАЛАНБАСЫН ДЕСЕК…
– Оны билік түсінбейді деп ойлайсыз ба? Билік шынымен қорқақ деп ойлайсыз ба? Меніңше, билік қазір ешкімнен қорықпай отырған секілді.
– Ол қорқақтық емес, күншілдік. Олар қазір өзіне ыңғайлы жағдайда халықты езгіде ұстап, тонау саясатын жалғастырғысы келеді. Олардың қазір көз алдында Жанболат тәтті өмірін бұзып жіберуі мүмкін құбыжық секілді көрінеді деп ойлаймын. Әйтпесе, 30-дан асқан азаматты неге сонша қудалайбы? Неге оған бүкіл Қаңтарды жаппақ болды? Дәл қазір бүкіл әлемнің қолдауы болмаса, олар Жанболатты тұтқыннан босатпас еді. Мен оған толыққанды сенімдімін. Биліктің бишаралығын, төмен деңгейін көрсетеді. Шынымен өте сондай намысқа тиетін жағдай ғой: өзіңнің азаматыңды әділетсіз, заңсыз құқығын шектеп, қамайсың, содан кейін барып өзгелер келіп, өз азаматыңды қорлама, арты жақсы болмауы мүмкін деген ескертуінен сескеніп, өз азаматыңның жартылай құқығын қайтарасың. Дәл біз аңсайтын, қалайтын Қазақтан ондай болмауы керек. Терезесі тең, дұрыс мемлекет болуымыз керек.
Бізді қорғауы тиіс мемлекет біздің құқығымызды қорлап, өзгенің ықпалымен біздің құқығымызбен жартылай санасуға мәжбүр болып отыр. Ары қарай да осы билік, осы жүйе, жағдай қалыптасып, қалғанын қалайтын адам – шынымен қазақтың жауы деп ойлаймын.
– Сіз өзіңіз қазір неден қорқасыз?
– Қорқыныш адам үшін сондай қалыпты жағдай ғой. Қорқыныш, үрей жағдайында өмір сүріп келе жатқан адамбыз. Бірақ біздің, оның ішінде менің қорқынышым – оны ашық айту билікке өте қолайлы деп ойлаймын. Сондықтан, мен адам болғаннан кейін үрейлерім бар. Бірақ өз жағдайыма байланысты қорқыныштарды қоғамға ашық айтпай үйренген адаммын. Иә, қорқыныштарым, үрейім бар. Ол жоқ жоқ десек, ессіз боласың ғой. Бірақ, сіз рұқсат етсеңіз, мен сол өз ұстанымымда қалайын. Мен оларды қазір ашық айтпаймын.
– Үмітіңіз қандай? Жанболаттың соты жүріп жатыр. Сот шешімі қандай болады деп ойлайсыз?
– Өкінішке қарай, Әділетті Қазақстанның әлі де жоқ екенін біз әлі де көріп отырмыз. Сондықтан, бұл жүйе бетпақтық танытып, Жанболатты 8 ай жазықсыз түрмеде ұстағанын мойындай қоймайды ма деп ойлаймын. Сондықтан, қалайда айыптау үкімін шығаруға тырысады деп ойлаймын. Дегенмен, дәл қазір сол халықаралық қолдаудың арқасында Жанболат толыққанды бостандыққа ие болады деп үміттенемін. Және де ол тек бостандықпен шектелмеуі керек. Жанболаттың сөйлеу, пікір айту, саясатқа араласу құқығы толық қайтарылуы керек. Дәл қазір де дипломаттармен, басқасымен кездескен кезде менің айтатын сөзім – Жанболатты бостандыққа жібердік деп, көзбояушылық жасағанына сенбеу керек. Себебі 2017 жылы Жанболатқа халықаралық қысыммен тағы да бостандық бергенімен, 3 жыл журналистикамен айналысуға шектеу қойған. Дәл сол сияқты қоғамдық жұмыстармен айналысуға, басқаға шектеу қоюлары әбден мүмкін. Ол тағы да саяси қателік болады. Тағы да сол таптаурын Назарбаевшылық болады. 2017 жылы Назарбаев істеді ғой. Егер әділетсіздік жалғасатын болса, қазір кім істеді деген сұрақ пайда болады. Сондықтан, шынымен бір өзгерісті қаласа, алға жылжығысы келсе, Қаңтардың қайталанғанын қаламаса, бірдеңе жасау керек қой. Қаңтардан кейін сөз көп, әртүрлі ұрандар көп. Жаңа Қазақстанмен басталып, Әділетті Қазақстанға жалғасты. Ортасында түкке керегі жоқ референдумға дейін өткізіп тастады. Назарбаевтың бүкіл лауазымын аламыз, жоямыз деп референдум өткізіп еді ғой. Қазір бірінші президент туралы заң орнында тұр. Басқасы да орнында! Сол референдум не үшін керек болды? Жаңа Қазақстан деген концепция не ол? Оның Назарбаевшылықтан, оның жүйесінен, Ескі Қазақстаннан қандай айырмашылығы бар? Әлі көрген жоқпыз. 12-ші айға кетті. Референдум не үшін болғанын түсінген жоқпыз.
ЖАНБОЛАТ – АР ТҰТҚЫНЫ
– Жанболатты Қазақстанның саяси құрбаны деп санайсыз ба?
– Жүйенің құрбаны.
– Солай қабылдайсыз ғой?
– Жанболат саяси тұтқын. Құрбаны деп айтқым келмейді. Өзімді де ешқашан құрбан ретінде қабылдамаймын. Сол үшін де Жанболат түрмеде отырған уақытта құрбан статусында емес, көбірек күрескер статусында болдым, себебім құрбан деген сөз маған ұнамайды. Құрбан болғымыз келмейді, болмаймыз да. Сондықтан, саяси тұтқын және Қазақстанның құқық қорғау органдары қабылдаған қаулысы бойынша да саяси тұтқын. Әлемде саяси тұтқын және ар тұтқыны деген атақты беретін Amnesty International. Сол ұйымның құжаты бойынша да Жанболат саяси тұтқын. Оған ешкім ештеңе дей алмайды. Amnesty International әркімді саяси тұтқын ретінде қабылдай бермейді. Ілуде біреу. Ар тұтқыны деп ешкімді атай бермейді. Сондықтан, Amnesty International-дың Жанболатты ар тұтқыны деп мойындауының өзі Жанболаттың күрес жолының ақ, адал екенін көрсетеді. Себебі олар өздерінің репутациясын қатты ойлайды. Ал саяси тұтқындар бойынша жұмыс істейтін ең бежелді ұйымдардың бірі – Human Rights Watch Тоқаев реформалар туралы уәде берген кезде Тоқаевқа қарсы үндеу жариялады. Сол кезде олар «сіз шынымен, әлемді, оның ішінде бізді реформаға сендіргіңіз келсе, Қазақстан азаматы Жанболат Мамайдың құқығын шектемеуден бастасаңыз, сол кезде сенеміз» деді. Бұл мәселе әлі де актуалды. Жанболаттың құқығы әлі де тапталып жатыр. Жанболаттың құқығын сақтамай, шектеп отыр. Ол уақытта бүкіл өркениетті әлем бұл Әділетті әрі Жаңа Қазақстан екеніне Тоқаевтың реформасына сенбейді.
– 8 ай тұтқында отырған кезде сіздерге кім көмектесіп, қолдау беріп жатыр? Күнкөріс жағдайы қалай?
– Жанболат екеуміз ата-анамызбен тұрамыз. Сондықтан, азық-түлік басқа деген Құдайға шүкір, қиыншылымыз болмаған. Егер өзіміздің күнделікті өміріміз, балалардың балабақшасы, мектебі, жүріс-тұрысы деген дүние Жанболаттың мойнындағы ғана міндет емес. Менің өзім 18 жасымнан бері кемі екі-үш жұмысты қатар алып жүрген адаммын. Қазір де Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюрода журналист-заңгер ретінде және Политон дискуссия клубында редактор ретінде қызмет етемін. Екі бірдей ресми жұмысым бар. 8 ай Жанболат шектеуде болған уақытта оны мойныма алатындай жағдайым бар. Балаларымды асыра алатындай, ешкімнен нан сұрамайтындай білімім де, білігім де, жұмысым да бар. Сондықтан, біздің балаларымыздың міндеті біреуге артылған емес. Оны біз өмір бойы балаларымызды асырау үшін кәсіпті тастаған емеспіз. Мен кәсіби журналист әрі заңгермін. Құқық қорғаушымын. Жанболат осы Қазақстандағы өте аз, үштілді журналист. Ол қазақ тілінде қалай жазса, дәл сол сияқты орыс және ағылшын тілдерінде жазады. Мамандығы – ағылшын тілінің маманы. Сондықтан, осы елдегі саяси сараптаманы ағылшын тіліндегі санаулы мамандардың бірі. Сол себепті біз күрестен бөлек, мамандықты да, кәсіпті де ешқашан тастаған емеспіз. Біздің өмір бойы бала-шағамызды асырайтындай кәсібіміз бар.
– Балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдамайсыз ба?
– Әрине, ондай қорқыныш ана болғаннан кейін адамда болады. Менің ең үлкен қорқынышым, үрейім сол екенін білген құқық қорғау органдары тіпті ескерту кезінде Жанболат түрмеде отырған кезде балаларыма да қастандық жасады. Балаларым балабақшадан қайтып келе жатқан. Көлікте адвокат және біздің демократиялық партияның белсендісі болды. Солар келе жатқан көлік осындай қолдан жасалған антитеррористік темірді қойып қойған. Өзімізді қойып, антитеррорлық операцияға қолданатын құрылғыларын менің балаларыма қолданды. Ол мүмкін ана ретінде мені тоқтатудың жолы деп шешкен шығар. Бірақ қандай үрейге де бой алдырмау – ол көп жылдан бері машықпен келеді. Ол біздің бойымызда қазір иммунитет деңгейінде. Оны ескерту, қорқыту екенін мен білемін.
Екінші жағынан мен қазір үрейге бой алдырып, бәрін тастап кетіп қалайын. Бірақ осы жүйе қала береді ғой. Жүйе жалғаса берген сәтте менің балаларыма қауіп төнбейді дегенге кім кепіл? Мысалы қаңтарда оққа ұшқан 17-20, 25 жастағы балалардың ата-аналары қазір 40-45, 50 жастағы адамдар. Солар осыдан 10-20 жыл бұрын балаларыма осы жағдай тиіп кетер, тыныштық болсын, әйтеуір соғыс жоқ қой деп кішкентай балаларын қорғаймын деген сылтаумен үндеген жоқ. Жүйе жалғаса берді. Ал сол жүйе кейін олардың балаларын пікір айтты деп алаңда атып тастады. Дәріханаға бара жатқан тұсында тіпті пікір айтқызбай атып тастады. Сондықтан, менің балаларыма ғана емес, бұл жүйе бәрімізге қауіпті, әркімнің де баласына қауіпті. Сол жағдай әркімнің санасына жеткен кезде бізде өзгеріс болады.
Менің бір тартыншықтау әріптесім қаңтардан кейін келіп, ашық пікірін айтып жатыр. Сосын мен оған сен батыл болып кетіпсің ғой десем, мен ойландым, пікір айтпай, көшеде кетіп бара жатқан кезде атып тастайды екен ғой, одан да пікір айтып өлген жақсы екен ғой дейді. Сол сияқты ғой. Мұндай жемқор, шіріген жүйеде адам құқығы көк тиын. Сондықтан, қауіп менің балаларыма ғана қауіп төніп тұрған жоқ. Мен өз отбасым, балаларым үшін жанымды беруге дайынмын. Олар үшін керек болса кімге болса да қауіпті төндіре аламын. Мен сол күшпен ары қарай да өзімнің күресімді жалғастырамын.
– Қазіргі журналистиканың миссиясын қалай түсіндірер едіңіз? Қазақстандағы қазіргі журналистика қандай болуы керек?
– Бәсекелестік болуы керек. Сол кезде ғана адамдар ақиқатын таңдайды. Әділетті айтатынын таңдайды. Журналистер соған сай болуы үшін бір-бірімен бәсекелеседі. Аудитория үшін күреседі. Ал қазір дайын асқа тік қасық болып отырғандарға түк керек емес.
Сайлау кезінде қуыршақ кандидаттар арасында қуыршақ дебат өткізді ғой. Сол кезде жүргізуші Мақсат Толықбай қазір бізді әлеуметтік желілерде 2 мың адам онлайн қарап отыр деп айтады. Олар үшін ол кәдімгі жақсы жетістік секілді. Бірақ біздің тик-токтағы Жанболат Мамайдың парақшасында, кішкентай қызымыз Аружан эфирге шыққан кезде оны 16-17 мың адам жай кезде көріп отырды. Жанболат ютуб арнасында тікелей эфирге шығып тұрған кезде ең азы 5-10 мың адам оны онлайн қарап отырады. Ол – халықтың шындыққа деген сұранысы. Бір дебатқа 60 млн теңге жұмсап отырып, ұялмастан бізді 2 мың адам көріп отыр дейді. Деградацияның нағыз төмен деңгейі.
– Әңгімеңізге рахмет!
(Сұхбаттың толық нұсқасын сайттың YouTube арнасынан көруге болады)