Жанболат Ағаділдің өлімі: Прокурор айыпталушыларға 4-18 жыл аралығында жаза беруді сұрады

0
29

Нұр-Сұлтанның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жанболат Ағаділдің өліміне байланысты қозғалған іс бойынша сотта жарыссөз аяқталды. Прокурор айыпталушыларға 4-18 жыл аралығында жаза беруді сұрады. Бұл туралы Азаттық тілшісіне адвокат Жандос Тұяқов хабарлады.

Іс бойынша алты айыпталушы бар: Назарбеков, Әбілдаев, Сыдық, Жұмахан, Асболат, Рахмет. Оларға «Бұзақылық», «Адам өлтіру», «Қылмысты жасыру», «Қылмысты хабарламау» баптары бойынша айып тағылған.

– Мен қорғап отырған азамат Өміржан Рахметке «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылған. Прокурор оны 18 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. «Қылмысты жасыру» бойынша айыпталғандарға 4-5 жыл аралығында жаза сұрады. Өміржан Рахмет тағылған айыпты мойындамайды, – деді адвокат.

Оның сөзіне қарағанда, бүгін, 22 сәуірде түстен кейін сот үкімі оқылуы тиіс.

  • Жанболат Ағаділ былтыр 11 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтанда жаппай төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, соның салдарынан көз жұмған. Төбелес астана түбіндегі Көктал және Талапкер ауылдарының жастары арасында болған.
  • Полиция оқиғаға байланысты «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.
  • Бұған дейін іс бойынша күдікті деп танылған екі жігіттің туыстары мен адвокаттары «тергеудегі заңсыздықтарға» шағымданған.
  • Марқұмның әкесі, билікке қарсы наразылық жиындарына тұрақты қатысып, азаматтық белсенді атанған Дулат Ағаділ сол жылы ақпан айында тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болған. 24 ақпан күні кешке азаматтық киім киген полицейлер оны үйінен ұстап әкетіп, 25 күні оның көз жұмғанын хабарлады. Ағаділдің туыстары, оның белсенділік жолындағы серіктері ашық тергеуді талап етті. Бірақ полиция «белсендінің денесінде жарақат болмаған» деп істі жапқан.
  • Еуропарламенттің 11 ақпан күні қабылданған қарарында «саяси репрессия кесірінен 2020 жылғы ақпан-желтоқсан аралығында Қазақстанда оппозицияның бес белсендісі қаза болды» деп Жанболат Ағаділдің атын атаған.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету