Жаңажылдық ойыншықтарды қалай таңдау керек: Денсаулық министрлігі кеңестерін берді

0
73

2018 жылғы 22 желтоқсан 12:32 330

Жаңажылдық ойыншықтарды қалай таңдау керек: Денсаулық министрлігі кеңестерін берді


АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті балаларға арналған жаңажылдық сыйлықтар мен ойыншықтарды таңдау бойынша ата-аналарға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ойыншық – бала өмірінің ажырамас серігі. Алайда, ата-аналар көп жағдайда зиянсыз көрінетін ойыншықтардан қаншалықты қауіп барын аңғара бермеуі ықтимал. Бүгінгі таңда қаптамасында қазақ және орыс тілінде маркасы жоқ, жарқын түсті әрі жағымсыз иісі бар ойыншықтарды жиі кездестіруіңіз мүмкін. Мұндай ойыншықтар қайда өндірілгенін табу мүмкін емес десе де болады. Осы себепті ойыншықтарды таңдауға келгенде өте жауапты болу керек. Ең бастысы, ойыншықтар балалардың денсаулығына зиян келтірмеуі тиіс», – делінген комитеттің хабарламасында.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ойыншықтарды таңдау барысында келесі кеңестерге құлақ асуды сұрайды:

–  ең алдымен, маркадағы жазуды оқуыңыз керек. Ол жазу толыққанды, сенімді, нақты болуы тиіс әрі оңай оқылуы қажет. Маркада келесі  ақпараттар жазылуы керек: ойыншықтың атауы, шығарылған ел, атауы мен өндірушінің мекенжайы, импортеры, олармен байланысқа шығу ақпараттары, өндірушінің тауарлы белгісі, ойыншық немесе пиктограмма сай келетін бала жасы, негізгі құрылымды материал, ойыншықтарды баптап ұстау амалдары, шығарылған мерзімі (ай, жыл), қызмет ету мерзімі және жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары;

– ойыншық әзірленген материал таза  болуы керек. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарда мына материалдарды қолдануға тыйым салынады: табиғи тері, былғары, әйнек, фарфор, түкті резеңке, картон және қағаз, өлшемі 3 мм болатын толтырылған түйіршік. Ойыншықтың қорғанысты-декоративті жабындысы берік болуы қажет;

– өткір әрі жағымсыз иіс болмауы тиіс;

– тым ашық түсті болмауы керек, ойыншықтың көзге тым жарқын түсі баланың көру қабілеті мен жүйке-психикалық жағдайына кері әсер етуі мүмкін;

– дауысы қатты, өтімді әрі жедел келетін ойыншықтар баланың есту қабілетіне кері ықпалын тигізуі ықтимал. Мұндай ойыншықтар балалардың шошыну ауруына әкелуі де мүмкін. Дауысы жайлы әрі әуезді ойыншықтарды таңдап алыңыз;

– ойыншықтарды мұқият қарап шығу қажет, барлық бекіткіштер мен байланыстырғыштарды тексеріп алыңыз;

– ойыншық пен оның құрамдас бөліктері баланы тұншықтыруы мүмкін қосындылардан тұрмауы тиіс. Ойыншықтар кішкентай бала жұтып қоймайтындай ірі болғаны абзал. Ойыншықтардың балаға қандай жаста ұсынылатыны жазылады, егер «3 жастан бастап» деген белгі бар болса, онда ол ойыншықта өте кішкентай бөлшектер болуы мүмкін. Бала кейде саусақтарын тығып қызық көретіндіктен, ойыншықтың өткір жиектері және қиғаштары, тар саңылаулары болмауы тиіс;

– Сапа мен қауіпсіздікті растайтын құжатты (сәйкестік сертификатын) әрқашан сатушыдан сұраңыз. Олай болмаған жағдайда ойыншықтарды сатып алмаған абзал;

– Ойыншықтарды мамандандырылған дүкендерден сатып алу керек. Ол дүкендерде тиісті сертификат болады. Базарларда немесе белгісіз сауда орындарындағы ойыншықтардан гөрі сертификаты бар дүкендер әлдеқайда қауіпсіз.

Ал, енді жаңажылдық шыршаны безендіруге арналған ойыншықтар туралы бөлек айта кетсек. Үйде сәби болса, онда ол ойыншықтар да белгілі бір талаптарға сай болуы керек:

– Ойыншықтардың алдымен иісіне назар аударыңыз. Онда иіс болмауы тиіс;

– ойыншықты ұстаған кезде қолдарыңызда бояу мен жылтырдың іздері бар-жоғын тексеріңіз;

– сынып қалмайтын – пластиктен жасалған ойыншықты сатып алыңыз;

– өткір бұрыштары, инелері, желім қалдықтары болмауы керек;

Арнайы дүкендерде ойыншықтарды сатып алу қауіпсіз болатынын есте сақтаңыз. Себебі сіз онда мамандардың дұрыс таңдау жасауға көмектесетін сараптамалық кеңесін ала аласыз.

Егер тұтынушылардың тәтті сыйлықтардың сапасы мен қауіпсіздігі туралы, сондай-ақ балалар киімі мен ойыншықтары туралы күмәні туса, комитетке және оның аумақтық бөлімшелеріне жазбаша түрде немесе 8/7172 / 74-27-04 телефон нөміріне, аймақтық бөлімдерге хабарласа алады. Аймақтық бөлімдердің нөмірлері kooz.dsm.gov.kz/ru сайтында көрсетілген.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz