«Жанашыр азаматтар бар екен»: Ақмола облысында мейіріміді жандар мұқтаж отбасыларға үй алып берді — Қазақстан жаңалықтары
Ақмола облысында жанашыр жандар бірігіп, қиын жағдайда өмір сүріп жатқан отбасыларға баспана алып берді. Оразаның жаршысы – Жарамазан мерекесінде жаңа үйлердің кілттері мұқтаж жандарға салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Көкшетау қаласының тұрғыны Нұргүл Қаржауоваға баспананың кілті берілді. Жалғызбасты келіншектің жеті баласы бар. Тұңғышы 18-де, кенжесі 2 жаста. Бұған дейін сапасы нашар, арзан үйлерді жалдап тұруға ғана шамасы жеткен. Көп түкірсе көл деген. Жеті баланы жетімсіретпеген жесір әйелге жанашыр болған азаматтар қосылып, қала іргесіндегі Красный Яр кентінен 2 бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Мұсылман жамағаты жұмылып, пәтерде күрделі жөндеу жұмысын жүргізіпті. Мұнымен қоса, жаңа жиһаздармен жабдықтаған. Мың күдікті бір үміті жеңіп шығып, жаңа пәтерге қол жеткізген Нұргүлдің төбесі көкке жеткендей қуанды. Ал балалары: «Жаңа қоныста сабағамызды жақсы оқып, өскенде мұқтаж жандарға көмектесеміз», – деген ниеттерін білдірді.
«Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық шарасының аясында бұған дейін Көкшетау қаласы бойынша үш отбасы баспаналы болған екен. Рамазан айының қарсаңында, тағы бір жанұяға табыстап жатырмыз. Сондай-ақ, облысымыздың өзге аудандарында екі отбасыға баспана кілттері берілді», – дейді ҚМДБ Ақмола облысы бойынша өкілі Қуаныш Жұмабайұлы.
Облыс бойынша берілген екі үй аудан орталықтары саналатын Біржан сал мен Макинск елді-мекендерінен берілді. Макинскіде тұратын Айман Оразбаева – тағдыр тауқыметін тартқан жан. Былтыр үлкен ұлы Талғат өзіне өрт қойып, қол жұмсаған. Оны көрген інісі Бекзат құтқарамын деп, бірге өртеніп кеткен. Ауыр халде ауруханаға жеткізіледі. Талғат бір айға жетпей көз жұмады. 9-сыныптың оқушысы Бекзат тек 6 айдан кейін есін жиыпты. 80 пайыздан астам денесін күйік шалған азаматқа, әйтеуір, ем қонып, ауруханадан аман шықты.
Жалпы жанұяда 10 адам. Айманның қолындағы келіні 5 баласын тастап, кетіп қалған екен. Күйеуі екеуі әртүрлі жұмыста шама-шарқынша істеп, нәпақа тауып, күн көріп келеді.
Бұған дейін сапасыз үйде тұрып келген, үлкен отбасы Жарамазанда халықтың шапағатына бөленеміз деп ойламаса керек. 3 бөлемелі жөнделген жаңа үйдің кілтін сыйға алғанда, көз жасына ерік берді.
«5 немеремді асырау үшін, барымды салып жатырмын. Бекзат қазір үйде емделіп жатыр. Мектептегі сабағын да үйде өткізіп жатыр. Құдайға шүкір! 1. Осындай үлкен үйді сыйға тартып жатыр. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді Айман Оразбаева.
Рухани кеш көңіл толқытар көрініске куә болған көрерменнің қайырымды іске деген ынтасын арттырды. Жомарт жандардың ішінде Мұратқазы Дәмелқазына ерекше атап өтуге болады. Әнші концерттен түскен 500 мың теңгені қорға аударған. Игі бастама енді республика көлемінде жүргізілетін болады.
stan.kz