Жанармай шашып, өртеп жіберді: Угандалық жеңіл атлет Олимпиада ойындарынан соң көз жұмды
Олимпиада ойындарынан оралған угандалық жеңіл атлет Ребекка Чептегейдің үстіне бензин шашып, өрт қойды. Спортшы бірнеше күннен соң ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Кенияның солтүстік-батысындағы жергілікті биліктің мәліметінше, Ребекка Чептегей шіркеуден үйіне жеткенде оған қастандық жасалған. Спортшының бұрынғы жігітімен жер үшін жанжалдасып қалғаны белгілі болды. Чептегей Уганда шекарасына жақын жерден жер алып, үй саған екен. Бұрынғы жігіті жанжалдан кейін спортшының үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Көршілер отты сөндіріп үлгерген. Алайда әйелдің денесінің көп бөлігі күйіп қалған.
Араға бірнеше күн өткен соң спортшы ауыр жарақат салдарынан ауруханада қайтыс болды.
“Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған Ребекка Чептегей бүгін таңертең қайтыс болды. Федерация ретінде мұндай әрекет жазасыз қалмау керек. Сондай-ақ әділдік орнауы керек. Марқұмның жаны жай тапсынн”, – деп жазды Уганда Жеңіл атлетика федерациясы Х әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, 33 жастағы Ребекка Чептегей – Париж Олимпиадасына қатысқан марафоншы.