Жанар Хамитова қайтыс болды: Нұржан Керменбаев жазба жариялаған

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Нұржан Керменбаев марқұм әншіге еш реніші жоқ екенін атап өтіп, халықтан орынсыз жала жаппауын сұрады

НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Spuntik. «Арнау» дуэтінің әншісі Нұржан Керменбаев бұрынғы әріптесі Жанар Хамитованың өліміне қатысты пікір білдірді.

«Суық хабарды естіп жатырмыз. Иманды болғай. Артық әңгіме айтып, отбасыма тіл тигізбеулеріңізді сұраймын», — деп жазды Керменбаев Instagram парақшасында.

Жанар Хамитова «Арнау» дуэтінің экс-әншісі болғандықтан, Нұржан Керменбаевқа көптеген хат-хабар келіп жатыр екен, сол себепті әнші қоғам алдында өз ойын жазуды жөн көріпті.

«Нұржан, сен ақша қарызсың, қайтар» деп сайрап жүргендерге айтарым: бос сөз сөйлеп, өз бастарыңызға күнә жинамай-ақ қойыңыздар. Себебі Жанар екеуіміздің ортақ достарымыз бар. Сол кісілер арқылы Жанар менен кешірім сұрағаны бар. «Мен Нұржанға жала жаптым, кешірім сұрашы менің атымнан» деген еді. Қазіргі таңда мода болып кеткен «хайп» үшін айтқанын жеткізді. Сол ортақ достарымыз куә», — дейді ол.

Сондай-ақ Нұржан Керменбаев марқұм әншіге еш реніші жоқ екенін атап өтіп, халықтан орынсыз жала жаппауын сұрады.

«Менің Жанарға ренішім жоқ, сондықтан кешірудің де орны жоқ» деген болатынмын. Бос сөзге әуре болғанша, өз өміріміздің де соңы бар екенін ұмытпайық. Бір-бірімізге жала жауып, ғайбат айтып, күнә жинағанша, өз өміріміздің де дәм-тұзы таусылатынын ұмытпайық, ағайын. Шәкәрімнің сөздері осы кезде орынды болар: біреудің мінін тергенше, жамандығын көргенше, өз ойыңды мазалап,өз бойыңды тазалап, өзіңмен күрес өлгенше…», — деп жазды әнші постында.

Тағы оқыңыз: «Өз ауылында болған»: Жанар Хамитованың қазасына қатысты тың дерек шықты

Сөз соңында Нұржан Керменбаев Жанардың отбасына, ағайын-туыс, бауырларына көңіл айтты.

Айта кетсек, бүгін әнші Жанар Хамитованың Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы туған ауылында көз жұмғаны белгілі болды.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі әртістің көз жұмғанын растап, қайғылы оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын атап өтті. Полицейлердің  айтуынша, тергеу қылмыстық кодекстің 105 бабының 1-тармағы (Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу) бойынша жүріп жатыр.



sputniknews.kz