Жанар ДҰҒАЛОВА Бауыржан БАЙБЕКТІҢ көңілдесі болғаны рас па?

0
6043
Бүгінгі сахнада диапазоны кең әншілер саусақпен ғана санарлық қана, солардың бірі – Жанар ДҰҒАЛОВА. Жұдырықтай кезінен жұлдызы жарқыраған Жанардың кейінгі кезде көрінбей кеткені бар. Бірақ бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған әнші тыныш жатпай, тасада жүріп-ақ талай іс тындырып жүр екен.
– Жанар, өзіңіздей талай таланттың бағын жаққан «Жас қанат» байқауы мен «Азия дауысы» қайта жанданғалы жатқанын естіген боларсыз?

– Әрине, естідім. Риза болдым.

– Кейбір шенділер бұл жоба елімізге туристердің ағылуына жол ашатынын айтып жатыр. Ал өзіңіз өнер сахнасына қандай леп әкеледі деп ойлайсыз?

– Өзім де кезінде «Жас қанаттан» түледім ғой.  Өнерге таласы бар талай талантқа даңғыл жол ашып, қарыштауымызға қолғабыс болды. Егер осы қос жоба қайта жанданса, өнерге құштар біраз жастың тасы өрге домалар еді. Тыңдарман жаңа толқынмен танысып, ән сахнасында соны леп пайда болады деген үмітім бар.

– Байқау демекші, бірнеше додада бақ сынаған әнші ретінде айтыңызшы, Димаштан кейін неге әлемдік байқауда жұлдызы жарқыраған отандасымыз болмады? Бұл таланттарымызды бағалай алмай жатқанымыздан ба?

– Қазір байқау атаулы көбейіп кетті ғой. Осы ретте қатысам деген адамға қыруар ақша мен продюсерсіз-ақ өнерін таспаға түсіріп, онлайн жүйе арқылы бағын сынауына болады.

Фотолар әншінің желідегі парақшасынан.

Бұрынғыдай емес, өнерге деген талап та өзгерген. Мәселен, қияндағы кез келген талант иесі тамылжыта ән салып, әлеуметтік желіге жүктесе, әп-сәтте танымал болып шыға келеді. Сөйтіп, аяқасты жұлдызы жанып, той-жиынға, түрлі концерттерге шақырту алады.

Ал біз бұрынғы тәрбиенің жұрнағын көріп өскен соң ба, көп жерде тартыншақтап тұрамыз. Қазіргі шығып жатқан жастар өзін жарнамалаудан еш қымсынбайды. Ашығын айтқанда, «сен тұр мен айтайын» дейтіндер басым. Бір өкініштісі, шынайы жас өнерпаздар солардың тасасында қалып жатыр. Бәлкім, бұл заман талабы шығар. Дегенмен, ойландыратын жағдай.

– Баян Мақсатқызының продюсерлігінен кеткен соң жеке дара жұмыс істеуді жөн көрген сияқтысыз ғой…

– Көбіне өз жанымнан туындаған әндерді шырқайтын болғандықтан, шабытым болса – жазамын, болмаса – жазбаймын. Сондықтан ешкімнің бағыт-бағдар беруінсіз өз еркіммен жұмыс істеп жүрмін. Директорым бар, бірақ жеке продюсерім жоқ.

– Айғай мен арпалыс, дау арылмайтын шоу-бизнесте жалғыз жортқан қиын емес пе?

– Мен – шығармашылықта да, өнерде де жалғыздықтан қорықпайтын адаммын. Бастысы, Алла жар болсын деймін!

Кейінгі кейде «Жанар көрінбей кеттің» деп жататындардың қарасы көп. Бірақ, мен көптеген шақыртуларға барудан бас тартып жүрмін.  Өздігімнен сұранып, «мені шығара қойшы» деп танымалдылықтың соңына түскен емеспін. Кей әріптестерім сияқты қымбат көлік мініп, зәулім үйде тұрып жатпағаным да содан шығар.

Сосын  шоу-бизнестегі адамдармен де жақын араласа бермейтін әдетім бар. Бірақ, бәрімен сәлемім түзу. Бұл «жұрттың бәрі жаман, мен кереметпін» деген мінезден емес. Жалпы туа біткен табиғатым сондай – тұйық адаммын. Жаным үнемі тыныштықты қалайды. Жас өте келе жаныңа жақын адамдардың  қасында болып, соларға қолдау көрсеткеннің өзі ешқандай атақ-даңққа бергісіз бақыт екенін ұғына түседі екенсің.

Негізі өнер адамының сахнадан тыс уақытта оқу мен тоқуға көңіл бөлгені дұрыс па деймін. Себебі, өзін жүгендей алмаса, танымалдылығы жұлдыз ауруы мен тәкаппарлыққа әкелуі мүмкін.

– Білуімше, сіз ГИТИС-ті тәмамдадыңыз. Мәскеу көргендердің Ресейдің шоу-бизнесін бағындыруға тырысатыны бар ғой. Ал Жанардың өнерін өз елінде өрістеуді жөн көргенін немен байланыстыруға болады?

– ГИТИС-тің түлектері көбіне театрларға қызметке орналасады ғой. Осы ретте Мәскеуде оқып жүргенімде түрлі ұсыныстар түсті. Бірақ  ол кезде анам  сырқат болғандықтан елге оралып, қасында болдым. Сол себепті де шамам келгенше әншілік өнерімді елде дамытайын деп шештім. Сөйтіп жүргенде Баян МАҚСАТҚЫЗЫНА жолықтым. Бұдан соң біржола актрисалық мансабымды сырып қойып, ән сахнасына бет бұрдым. Қазір театрды көрермен ретінде сүйемін. Дегенмен, болашақта отандық театрлардың біріне жұмысқа тұрып, алған мамандығымды шыңдасам ба деген ойым бар.

– Дегенмен, актрисалықтан алшақтап кете алмаған сияқтысыз. «Ғашық жүрек-2» фильмінен соң киноға түсуге шақырмады ма?

– Қазіргі уақытта режиссер Ернар НҰРҒАЛИЕВТІҢ «Умри или вспомни» атты киносына түсіп жатырмын. Бұйырса, ол жоба ақпан айынан бастап прокатқа шығады.

Басты рөлдерде Мерей Мұхтарұлы мен Асланбек Жанбалаев және Еркебұлан Дайыров ойнайды.

Негізі режиссерлерден ұсыныс түсіп жатады. Бірақ бірінің сценариі ұнамаса, бірінің актерлік құрамы көңілімнен шықпай қалады. Ақша үшін жанымды безеп, мән-мағынасыз жүз киноға түскенімше, жұлдызымды жағатын бір-екі туындыда төбе көрсетесем, сол  дұрыс па деймін.

– Бір кездері авторлық кино түсіргіңіз келетінін айтып қалып едіңіз. Жоспар бар ма?

– Иә, өзімді режиссерлік қырымнан сынап көргім келеді. Бірақ, бүгін-ертең қолға аламын деп айта алмаймын. Ол үшін пісіп жетілуім керек. Себебі камераның тасасында жүретін режиссерге қалыптасқан тәжірибе қажет. Тіпті,  тұрмысқа шығып, балалы болған күннің өзінде шуы көп шоу-бизнесте жүрудің өзі оңайға түспей ме деймін.

– Өлең жазады екенсіз. Кейінгі кезде сахнадан көп көрінбей жүргеніңіздің есесін қаламнан қайтарып жатқан сияқтысыз. Сізді өлең жазуға не шабыттандырады?

– Көбіне лирикалық өлеңдер жазамын.  Кейбір адамдарың ащы тағдыры жүрегімді тербеп, қолыма қалам алдырады. Салатын әндерімнің сөзін өзім жазуға тырысатыным да сол. «Жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді» дейді ғой.

– Бір жылдары АҚШ-қа барып келдіңіз. Ол сапар сізге не берді?

– Мен АҚШ-қа арнайы оқуға барған едім. Және екі-үш адамға студияда ән жазып беруім қажет болды. Сондай-ақ, бір үлкен жобаға актриса ретінде шақырды. Бірақ әлемік пандемия басталып кетті. Сол сәтте әкем де коронавирусқа шалдығып, өте ауыр халде жатты. Сөйтіп, сөмкемді арқалап, елге оралуыма тура келді. Енді алдағы  ақпан айынан кейін АҚШ-қа қайта аттансам деп отырмын.

Фото: ғаламтордан.

– Сіздің сол сапарыңызды Алматының экс-әкімімен байланыстырғандар да болды. Мәселен, «Жанар Бауыржан Байбекпен көңіл жарастырып,  баласын  АҚШ-қа барып туып келді» деген әңгіменің де ұшы шықты. Бұл өзіңіздің де құлағыңызға жеткен болар?

– Неге екенін білмеймін, осы қауесет  қайда барсам да алдымнан кесе көлденең шығады. Адамар әнші болса болды, міндетті түрде біреудің көңілдесі немесе тоқалы деп түйіндейді.

Құдайшылығымды айтайын,  Бауыржан Қадырғалиұлын өз басым өмірімде екі-ақ мәрте көрдім. Оның өзінде концерттік стадиондарда ғана. Соның бірінде менімен жақын сөйлесті, қасында жары Жанар болды. Ол кісі менің «Смерение» деген өлеңімді жақсы көреді екен, соны оқып беруімді өтінді.

Бәлкім, жары Жанармен аттас болғанымнан кейін көпшілік шатастыратын шығар. Оның қыр-сырын өзім де түсінбедім. Әйтпесе, мен ешкімнің тоқалы болған емеспін және болмаймын да. Бұл менің тектіден алған тәрбиеме жат, тіпті ойлаудың өзі ұят.

– Сұхбатыңыз үшін рақмет!

NEGE.KZ

Автордың пікірі редакция ұстанымын білдірмейді.