Жаңаөзендіктер газ бағасын төмендетуді талап етіп, тағы әкімдікке жиналды

0

10 қаңтарда Жаңаөзенде жүзге жуық адам тағы қала әкімдігіне барып, автокөлікке құйылатын газ бағасын төмендетуді талап етті. Әкімдіктегі жиынға қатысқан тұрғын Серік Бақтыбайұлының Азаттыққа айтуынша, жиналғандар Жаңаөзенге премьер-министр Асқар Мамин мен энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың Жаңаөзенге дереу келіп, бағаны реттеуді талап қылған. Жиыннан Бақтыбайұлы Facebook парақшасында тікелей эфир жүргізді.

Қаңтардан бастап Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасы 55 теңгеден 65 теңгеге қымбаттаған. Олар 6 қаңтарда да қала әкімдігіне жиналып, газ бағасын 55 теңгеге түсіруді талап еткен. Кейін қала әкімдігі Жаңаөзенде газ 55 теңгеден сатылатынын айтқан.

10 қаңтарда әкімдікке келген жаңаөзендіктер бұл жолы газ бағасын 40 теңгеден асырмауды талап қылды. Олар мәселе үкімет деңгейінде шешілмесе, қалаға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуін сұрады.

Жиналғандармен кездескен Жаңаөзен әкімі Мақсат Ибағаров тұрғындардың бұл талабын Маңғыстау облысы әкімдігіне, премьер-министр мен энергетика министрлігіне жеткізгенін айтып, мәселені шешуге бір жарым ай уақыт сұрады.

— Келіссөздер жасап жатырмыз. 52 кәсіпкермен кездестім. Қалада қазір 21 жанар-жағар май құю бекеті жұмыс істеп тұр. Екі бекетте газ 57 теңгеден, қалғанында 55 теңгеден сатылып жатыр. Министрліктен комиссия келеді. Сіздер де комиссиямен кездесесіздер, дайындалыңыздар, — деді әкім.

Әкімдікке жиналған тұрғындар жергілікті билікті барынша ашықтыққа шақырды. Олар қалаға мәжіліс, сенат депутаттары келсе, олардың келгендерін естімейтіндерін айтты. Тұрғындар «биліктегілерден Жаңаөзенге іссапарларын алдын ала ашық хабарлауды» талап етті. Сөйлегендердің бірі газ бағасының шарықтауына жол берген әкімдік өкілдерінің неге жауапқа тартылмайтынын сұрады.

Әкіммен кездесуден соң қала тұрғындары газ бағасын түсіруді талап етіп, видеожолдау жасады.

Маңғыстау облысындағы газ бағасы жиі құбылады. Аймақта «Қазақ газ өңдеу зауыты» орналасқан. 2011 жылы Жаңаөзендегі полиция бейбіт мұнайшылар ереуіліне оқ атқан оқиғадан соң газ бағасы 35 теңгеге түскенімен, одан кейінгі жылдары 60 теңгеге дейін көтерілген. Ол кезде де халық наразылық білдіріп, баға біраз арзандаған. Бірақ аймақта газ бағасы уақытша арзандап, қайта қымбаттап кетеді.

Azattyq