Жаңаөзендік белсенді «полиция қысымына» шағымданды

0

Бүгін, 2 наурызда Жаңаөзен тұрғыны, қаладағы жұмыссыздық мәселесін көтеріп жүрген белсенді Ержан Елшібаев Азаттық тілшісіне хабарласып, өзін полиция қызметкерлерінің «күдікті» ретінде үйінен ұстап алып кетпек болып отырғанын хабарлады. Оқиға орнына барған Азаттық тілшісі белсенді үйінің алдында екі полиция қызметкерінің жүргенін көрді.

Олар «ақпанның 27-інен 28-іне қараған түні әкімдік ғимаратынан бірнеше ноутбук ұрланғанын» айтып, осы оқиға бойынша азаматтардан түсініктеме алу үшін оларды полиция бөлімшесіне шақырып жүргенін айтқан. Бірақ оларда Елшібаевқа беретін шақырту қағазы болмаған.

«Мұндай нәрсе бірінші рет болып отырған жоқ. Осымен [полициядан] маған үшінші рет келіп отыр. Жұмыс сұрап жүрген жаңаөзендіктердің мәселесін көтергенім үшін қудалағысы келеді» деді Азаттық тілшісіне Ержан Елшібаев.

Ал полиция қызметкерлері мұны жоққа шығарып, «тек Елшібаев қана емес, өзге азаматтарды да шақырып жатқанын» жеткізген.

— Оны күдікті ретінде танып жатқан жоқпыз. Бұрын сотталғандар арасында бар болғандықтан, (жоғалған ноутбукта жұмыссыздар жайлы мәлімет болған — полиция) жұмыссыздар тізімінде болғандықтан шақырып отырмыз. Біздің міндетіміз — ұрлықшыны табу, — деді өзін Мәлік Ілесбаев деп таныстырған Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының өкілі Азаттық тілшісіне.

Тілшімен бірге қалалық ішкі істер басқармасына барған Ержан Елшібаев Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Болатбек Ақшаловпен кездесуге талпынған. Бірақ Ақшалов ақпарат құралы өкілінің көзінше белсендімен сөйлескісі келмеді.

Кейінірек ол Елшібаевқа «полицияның ендігәрі мазаламайтынын» айтқан. Жаңаөзен қаласында қауіпсіздік шаралары әлі күшейіп тұрғандықтан Азаттық тілшісінің оқиғаны тікелей эфирде түсіруіне мәжбүр болған.

Жаңаөзен тұрғындары бірнеше аптадан бері қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының (бұрынғы «Неке сарайы») алдына жиналып, мұнай саласында жұмыс тауып берулерін сұрап келеді. Тұрғындар наразылығынан соң ізінше оларға қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Полиция бұл ақпаратты жоққа шығарады. Ақпанның 27-сі күні Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесі туралы хабар дайындау үшін барған Азаттық тілшілері Сәния Тойкен мен Санат Нұрбековты полиция ұстап, бес сағаттан астам бөлімшеде тергеген.

Бұған дейін Маңғыстау облыстық прокуратурасы 23-25 ақпан аралығында Жаңаөзенде «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айыппен 16 адамның жауапқа тартылып, 5-7 күнге қамауға алынғанын хабарлаған.

Қарай отырыңыз: Жаңаөзенде не болып жатыр? (25 ақпан 2019 жыл).

Азаттық