Жаңаөзенде жұмыс талап еткен оннан аса адамды полиция тергеді
Жаңаөзенде жұмыссыздар наразылығына келіп жүрген 11 адамды полиция 13 наурыз күні кешкі 21.00 шамасында әлдебір іске куә ретінде шақырып, үйінен алып кеткен. Полиция оларды бір жарым сағатқа жуық уақыт ұстаған.
Азаттық тілшісінің айтуынша, ұсталғандар арасында қарт әйелдер де бар.
Жаңаөзенде бірнеше күннен бері ондаған жұмыссыз күн сайын әкімдік алдына келіп, жұмыс талап етіп жүр. Басқармада отырған азаматтардың айтуынша, 13 наурызда түсте әкімдік алдында тұрған оларға полиция өкілі келіп, наразылықтарының заңсыз екенін айтқан.
Жаңаөзендіктер сөзінше, «полиция өкілдері келіп, жиналғандарды, сөйлегендерді әкімдік терезесінен видеоға түсіріп, сол арқылы кім екенін анықтаған».
Олардың айтуынша, полиция «[Әкімдік алдында] не істеп тұрсың? Күн сайын неге онда тұрасың? Митингіге шығып тұрғаныңды білесің бе? Бұл – заңсыз. Енді шықпа, шықсаң жауапқа тартыласың» деген.
Наразылар «Біз митингіге шығып тұрған жоқпыз, жұмыс талап етіп келіп тұрмыз. Аштан-аш үйде отыра береміз бе?» деп жауап берген.
Басқармаға келген Азаттық тілшісіне полиция өкілі «Қазір сөйлесіп жатырмыз. Не үшін шақырылғаны анықталып жатыр. Қазір шығады. Мұнда ешкім қалмайды» деген.
11 наурызда Жаңаөзенде жұмыссыз жүрген 50-60 адам әкімдік алдына жиналған. Олар «әкімдік берген жолдаманы ұстап, 350 адамдық жұмыс орнына барғанымызбен, «орын толып қалды» деп қайтарғанын» айтқан.
Қарай отырыңыз: Жаңаөзенде жұмыссыздар әкімдікке талаппен тағы да келді (11 наурыз 2019 жыл)
Бұдан бұрын Жаңаөзен тұрғындары бірнеше апта бойы қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының алдына жиналып, мұнай саласында жұмыс тауып берулерін сұраған. Тұрғындар наразылығынан соң ізінше оларға қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат пайда болған.
Бірақ полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Бұған дейін Маңғыстау облыстық прокуратурасы 23-25 ақпан аралығында Жаңаөзенде «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айыппен 16 адамның жауапқа тартылып, 5-7 күнге қамауға алынғанын хабарлаған.