Жаңаөзенде ұсталған Азаттық тілшісі Тойкенге сот айыппұл салды
Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді Жаңаөзен қаласының мамандандырылған әкімшілік соты «полицияға бағынбады» (667-бап) деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге — ред.) айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Сот 12 наурызда түскі 12.00 шамасында басталған. Прокурор Ермек Килибаев Сәния Тойкенге 20 АЕК шамасында айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұраған. Үш рет үзіліс жариялап, 20 минуттай ақылдасу бөлмесінде болған судья Серік Жұмабаев прокурордың өтінішін қанағаттандырған.
11 наурызда полиция Жаңаөзендегі дәмханалардың бірінің алдында Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді сол кафедегі жанжалдың куәгері ретінде ұстап әкеткен. Оны «ештеңе көрмедім» деген қарсылығына қарамай, көлікке салып алып кеткен.
12 наурызда қалалық полиция департаменті хабарлама таратты. Онда Сәния Тойкеннің үстінен «әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексінің 667-бабы — құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган өкіміне немесе талабына бағынбау бойынша іс қозғалғаны» жазылған.
Журналист Сәния Тойкен соңғы бір айда осымен үшінші рет ұсталып отыр.
27 ақпанда Жаңаөзенге жұмысшылар наразылығынан хабар таратуға барған Азаттық тілшілері – Тойкен мен видеооператор Санат Нұрбековті полиция ұстап, Ақтау қаласындағы полиция департаментіне жеткізген. Оларға хаттама көрсетпестен тергеп, алты сағат ұстаған соң босатқан.
Полиция ол кезде «ұстауға Шаудирова есімді азаматтың арызы себеп болды» деген.
12 ақпанда Астанада бірнеше анадан сұхбат алуға олардың үйіне барған Тойкенді полиция басқармаға алып кеткен.
1 наурызда Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир 27 ақпанда Алматы, Жаңаөзен және Орал қалаларында бірнеше журналист пен блогердің ұсталуына байланысты алаңдаушылық білдірген.
ЕҚЫҰ өкілі мәлімдемесінде «журналистердің кәсіби міндетін орындауға кедергі ететін аз уақытқа ұстау тәжірибесіне алаңдайтынын» айтқан. Оның сөзінше, «әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс».