Жаңаөзенде «ҚазМұнайГазға» қарасты компания жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті

0

27 қаңтарда Жаңаөзен қаласында KMG-Security компаниясының жергілікті филиалының мұнай кешенін қарауылдайтын ондаған күзетші филиал кеңсесіне келіп, жалақы өсіруді талап етті. Бұл туралы Азаттыққа KMG-Security жұмысшысы, жаңаөзендік белсенді Келбек Нұрбеков хабарлады.

Нұрбековтің айтуынша, жұмысшылар жалақыны 60 мың теңгеден (158 доллар) 100-120 мың теңгеге (262-314 доллар) дейін өсіруді, еңбек демалысына берілетін төлемді ең төменгі жалақы көлеміне (42500 теңге, 112 доллар) дейін көбейтуді талап етті. Бұдан бөлек, жұмысшылар жергілікті кәсіподақтың жиі есеп беруін, қала мен жұмыс арасына арнайы автобус бөлуді, зиянды орында жұмыс істегендері үшін тегін сүт беруді де талап қылған.

Нұрбековтің айтуынша, жұмысшылар «Өзенмұнайгаз» компаниясының басшылығы мен Жаңаөзен әкімі Мақсат Ибағаровтан мәселеге араласуды сұраған. Белсенді бүгінгі акция филиал жұмысына әсер етпегенін айтады.

27 қаңтар күні филиалға келген жұмысшылардың көбі демалыста болған және олар жүздеген адам қол қойған талап арыздарын жергілікті билікке табыстап, үйлеріне тарады.

Филиал менеджері Ерғали Қосбаев жұмысшылар талабын қабылдап алып, бас кеңсеге жібергенін айтты.

— Арыздарын қабылдап алдық. Жалақы өсіруді және басқа да талаптары бар. Бірақ біз тек филиалмыз. Өз бетімізбен шешім қабылдауға мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан астанаға жібердік, — деді Қосбаев.

Ол 28 қаңтарда аймаққа қаржы директорының орынбасары бастаған комиссия келетінін де айтты.

«Осыдан кейін ғана жұмысшылар талабы бойынша шешім қабылданады» деді филиал өкілі.

KMG-Security «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарайды. KMG-Security компаниясының сайтындағы дерекке сай, оларға Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» компаниясы (бұл да «ҚазМұнайГазға» тиесілі) тапсырыс береді. Инфляция мен теңгенің құнсыздануынан соң былтыр Қазақстанның батыс аймағында мұнай саласындағы жұмысшылардың наразылығы жиілеп, олар жалақы өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен. Наразылықтың көбі екі тараптың келісімімен аяқталған.

Azattyq