Жаңаөзенде ондаған адам әкімдік алдында наразылық білдірді

0

Бүгін, 11 наурызда Жаңаөзенде жұмыссыз жүрген қала тұрғындары 11.00-ден бастап әкімдік алдына жинала бастады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, әкімдік ғимараты алдына келгендер саны 50-60 адамға жеткен.

Олар 13.00-ге дейін қала әкімі Әділбек Дауылбаевпен кездесуді талап етті.

Азаттық сөйлескен жаңаөзендіктер «әкімдік берген жолдаманы ұстап, 350 адамдық жұмыс орнына барғанымызбен, «орын толып қалды» деп қайтарғанын» айтады.

Жиналғандардың айтуынша, жұмыссыздар әкімдікке келіп тіркелгенімен, әлі ешбір хабар алмаған. «Әкімдік өкілдері үйімізді келіп, тексеріп кетті. Бірақ мәселеміз әлі күнге дейін шешілмеді» дейді олар.

Әкімдік алдына келгендер «бізге жоғары жалақысы бар жұмыс берсін» деп талап қойған. Қолдарын көтеріп «Жұмыс! Жұмыс!» деп айқайлаған олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарата: «Халықтың жағдайын жақсарта алатын жергілікті билік жіберуіңізді сұраймыз. Олай болмаған жағдайда, әкімді өзіміз сайлап аламыз» деген.

Наразылар әкімдікке кірмек болғанда, жергілікті билік өкілдері «әкімнің жиналыста екенін» айтып, кіргізбеген. Бірнеше адам әкімдік күзетінің тыйымына қарамастан, жиналыс өтіп жатқан кабинетке барған.

Күзетке қарамай басып кірген наразыларға әкім «Сыртта күтіңдер. Қазір шығамын» деп шығарып жіберген.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкенге қала әкімінің әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасары Сәнім Танаева «Сізге рұқсат жоқ» деп әкімдік ғимаратына кіргізбеген. Тойкен «алайда жергілікті телеарна кіріп кеткенін» айтады.

Наразылармен кездескен әкімдік өкілі «[Ендігі толып қалған] таяуда ашылған жұмыс орнына қабылданған адамдар іріктеліп жатыр. Жаңа жұмыс орындары тағы ашылады» деген.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, маңайды полиция бақылап жүр.

Қарай отырыңыз: Жаңаөзен жұртын жұмыссыздық мазалайды

​Жаңаөзен тұрғындары бірнеше аптадан бері қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының (бұрынғы «Неке сарайы») алдына жиналып, мұнай саласында жұмыс тауып берулерін сұрап келеді. Тұрғындар наразылығынан соң ізінше оларға қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Бірақ полиция бұл ақпаратты жоққа шығарады.

Ақпанның 27-сі күні Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесі туралы хабар дайындау үшін барған Азаттық тілшілері Сәния Тойкен мен Санат Нұрбековті полиция ұстап, бес сағаттан астам бөлімшеде тергеген.

Бұған дейін Маңғыстау облыстық прокуратурасы 23-25 ақпан аралығында Жаңаөзенде «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айыппен 16 адамның жауапқа тартылып, 5-7 күнге қамауға алынғанын хабарлаған.

Азаттық