Жаңаөзенде газ бағасына шүйліккен жұрт наразылыққа шықты (видео)
Маңғыстау облысында тұрғындар жергілікті биліктің сұйытылған газға байланысты енгізген баға саясатына шүйлікті. Бүгін көпшілік наразылыққа шығып, өз талаптарын айтты. Жиналған жұрттың сөзіне сілтеме берген «Лада» басылымының дерегінше, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап сұйытылған көлік газының бағасы 120 теңгеге дейін көтерілген. Жергілікті тұрғындар бұл бағаға разы емес.
Сол себепті, бүгін Жаңаөзеннің жүздеген тұрғыны көшеге шығып, видеоүндеу жолдады. Олар ең төменгі жалақы мөлшерін есепке ала отырып, газ бағасын 60 теңгеге төмендетуді талап етіп отыр.
Басылым мәліметіне сүйенсек, газ бағасының көтерілуіне байланысты Ақшұқыр және Құрық ауылының тұрғындары да наразылыққа шыққан. Ал Маңғыстау облыстық әкімдігінің ішкі саясат басқармасы бүгін, 2 қаңтар күні сағат 11:00- де Жаңаөзендегі АХАЖ ғимаратының маңында автокөлік иелері сұйытылған газ бағасын төмендету мәселесі бойынша жиналғанын хабарлады.
Наразы жұрттың алдына қала әкімінің міндетін атқарушы Ғалым Байжанов, әкім орынбасары Жаңабай Аймағамбетов және құқыққорғау органдары өкілдері шыққан. «Оларға сұйытылған газды сату бойынша істің мән-жайы түсіндірілді және «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру туралы» ҚР Заңына, атап айтқанда, олардың іс-әрекеттерінің заңсыз екені туралы түсініктеме берілді. Өйткені, олар жиналыс өткізілгенге дейін бес жұмыс күні бұрын жергілікті атқарушы органды хабардар етуі қажет. Қала әкімдігінің өкілдері жиналғандарға өз талаптарын жазбаша түрде баяндауды ұсынды»,- деді әкімдікте.