Жаңаөзенде Азаттық тілшісі Сәния Тойкен ұсталды
Жаңаөзендегі жұмысшылар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкен ұсталды. Журналистің ұсталғаны туралы «сол сәтте қасында болдым» деген қала тұрғыны Гүлнар Тәңірбергенова хабарлады. Оның сөзінше, Тойкен екеуін 11 наурызда кешкісін қаладағы дәмханалардың бірінің алдында полицейлер ұстап әкеткен.
12 наурызда таңертең полициядан шыққан Тәңірбергенова «Сәния Тойкенді полиция ішке алып кетті. Содан бері одан хабар жоқ» дейді.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті журналистің ұсталуына қатысты әлі пікір білдірмеді.
Тәңірбенгенованың Азаттыққа айтуынша, Тойкен екеуі дәмхананың бір бұрышында сөйлесіп отырғанда сонда отырған бірнеше азамат төбелесіп қалған. Сәлден соң әкімшілік кафенің жабылғалы жатқанын айтқан.
Біршама уақыттан соң төбелес болған жерге келген полиция жасағы Сәния Тойкен мен Тәңірбергенованы ұстап әкеткен.
«Полицейлер «төбелес болған жерде болдыңыздар, бізбен жүріңіздер» деді. Қарсылығымызға қарамастан, бізді бөлек көлікке отырғызда да, бөлімшеге алып кетті» дейді Тәңірбергенова.