Жаңаөзен қалалық ауруханасының мейірбикесі коронавирус туралы әзілі үшін кешірім сұрады – Қазақстан жаңалықтары

0
24

Жаңаөзен қалалық ауруханасының медбикесі оның коронавирус туралы хабарламасы WhatsApp мессенджеріндегі барлық топтарға таралады деп күтпеген. Әйелдің сөзіне қарағанда, ол туыстарына қалжыңдап, аталмыш хабарламаны жіберген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгін, 3 наурызда Жаңаөзенде короновирустың болуы туралы мәліметтер WhatsApp мессенджері арқылы белсенді түрде таратыла бастады. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарып, Жаңаөзенде коронавирус жұқпасы тіркелмегенін атап өтті.

Жалған ақпарат таратқан әйелдің жеке басы анықталды, ол Жаңаөзен қалалық ауруханасының мейірбикесі Арухан Шырақбаева болып шықты.

Оның сөзіне қарағанда, ол туыстарымен әзілдесуді ұйғарып, WhatsApp арқылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласынан келген студенті коронавирус жұқтырған деген күдікпен ауруханаға жатқызылды деген ақпарат жіберген.

Арухан Шырақбаева өзінің аудиожазбасы WhatsApp мессенджеріндегі барлық топтарға таралады деп күтпегенін мәлімдеді. Әйел Жаңаөзен тұрғындарына видео хабарлама жазып, кешірім сұрады.

«Ақпарат шындыққа жанаспайды. Мен Жаңаөзеннің барлық тұрғындарынан кешірім сұраймын», – деді Арухан Шырақбаева.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Арухан Шырақбаева жұмыстан кету туралы өтініш жазған.

stan.kz